Англия тұрғыны 50 жыл бұрын Италияда ұрланған картинаны музейге қайтарды

23 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова
Фото: Art Recovery International

Әйгілі суретші Антонио Соларионың «Мадонна және бала» атты картинасы қайта музейге қайтарылды, – деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.

Әлдебіреулер атақты картинаны 1973 жылы Италияның Беллуно қаласындағы музейден ұрлап әкеткен болатын. Жарты ғасыр бойы ешкім таба алмаған картина Ұлыбританияда тұратын Барбара де Дожаның үйінен табылған.

Алайда Барбара картина ұрланған туындылардың базасында тіркелгеніне қарамастан, оны музейге беруден бас тартты.

Ол картинаны 2017 жылы аукционда сатып жіберуге оқталғанымен, өнертанушылар оның түпнұсқа картина екенін анықтап, полицияға хабар берген.

Пандемия кезінде италиялық музей өкілдері британдық полицейлер талап еткен құжатты уақытылы өткізе алмаса керек. Ақырында олар 2020 жылы картинаны Барбараға қайтарып берген.

Көптеген маман оған картинаны заңды иесіне қайтаруды сұраған. Ағылшын әйел күйеуі оны заңды түрде сатып алғанын алға тартып, беруге келіспей қойған. Ұлыбритания заңнамасына сәйкес, ұрланған мүлікті сатып алған тұрғын оны 6 жыл сақтаса, ол оның заңды иесі саналады.

Қазір Барбара картинаны музейге қайтаруға қарсы емес екенін айтқан.

«Бұл біздің тарих пен жан дүниеміздің бір бөлігін қайтару», – дейді Белуно әкімі.

Тэгтер:

әйгілі картина музейге қайтару ұрланған картина