Прокурор сотта Перизат Қайратты 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға соттауды сұрады, деп хабарлады turkystan.kz.
Прокурор Арман Казекен соттағы жарыссөзде Перизат Қайратты аса ірі көлемде алаяқтық (ҚК 190-бап 4-бөлім 2-тармақ) және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру (ҚК 218-бап 3-бөлім 3-тармақ) баптары бойынша кінәлі деп танып, жалпы 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ, мүлкін тәркілеп, 10 жылға қайырымдылықпен байланысты қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айыруды және «Шапағат» медалінен айырылуын сұрады.
Онымен бірге сотталушы Ғайни Алашбаеваға 8 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындауды ұсынды.
Екі сотталушы да жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуі тиіс.
Айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Перизат Қайрат жиналған қаражаттың шын мәнінде көмекке жұмсалғанын айтса, оның анасы қаржылық операцияларға қатысы болмағанын алға тартты.