Астанада қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның сотында 22 шілде күні тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінгі сот отырысының басында судья Сабыржан Каримов соттың жарыссөз кезеңіне өтетінін мәлімдеді.
Кеше Перизат Қайрат ісі бойынша сот отырысы жабық форматта өтті. Бұл шешім банктік құпияны қамтитын құжаттар сияқты құпия мәліметтердің қаралуына байланысты қабылданған.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші жарты күнде заттай дәлелдер зерттелді. Сондай-ақ тараптар бірқатар өтініштерін мәлімдеді. Айыпталушы Перизат Қайраттан жауап алынды. Оның анасы өз құқығын пайдаланып, жауап беруден бас тартты.
Перизат Қайрат ісі
2024 жылдың қараша айында Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты ұрлады деген айыппен қамауға алынды. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл қаражаттың бір бөлігі жеке қажеттіліктерге, соның ішінде элиталық жылжымайтын мүлік, автокөліктер сатып алуға және қымбат сапарларға жұмсалған.
Сондай-ақ Қайраттың қор қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін достары мен туыстарын тартып, олар арқылы ақшалай сыйақы төлегені хабарланды.