Солтүстікте заңсыз тас өндіргендер мемлекетке 18 млн теңге залал келтірген

Бүгін, 09:06 / Алуа Арман
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын өз бетінше қазу фактісін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шал ақын ауданы аумағындағы «Двойники» кен орнында белгісіз тұлғалар жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы бұза отырып, ешқандай рұқсат құжаттарынсыз табиғи шағал тасты өз беттерінше өндірген. 

Жасалған құқықбұзушылықтың толықтығын, жан-жақтылығын және дұрыс құқықтық саралануын қамтамасыз ету мақсатында сертификатталған маркшейдер маманды тарта отырып, тексеру ұйымдастырылды. Нәтижесінде өз бетінше өндірілген пайдалы қазбалардың көлемі 3,9 мың м³ құрап, мемлекетке келтірілген залал мөлшері 7,3 млн теңгені құрады, бұл ірі залалдың келтірілгенін дәлелдейді.

Аталған факті бойынша мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен ҚК 334-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіне тергеу үшін жолданды. 

Сонымен қатар, Афанасьевка ауылында, аталған кен орнына жақын жерде, сыртқы сипаттамалары «Двойники» кен орнынан өндірілген пайдалы қазба түріне сәйкес келетін табиғи шағал тас қоры анықталды. Оның шамамен көлемі 5,5 мың м³, залал сомасы 10,7 млн теңгені құрайды. 

Қазіргі уақытта тіркелген қылмыстық іс аясында аталған құқықбұзушылықты жасаған тұлғаларды анықтауға бағытталған барлық қажетті процестік әрекеттер жүргізілуде. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы бақылауға алынды.

Тэгтер:

жер қойнауын пайдалану шағал тас қазба байлық