Қазақстанда криптовалюталарды айырбастау бойынша провайдерлер пайда болады. Бұл туралы Астана халықаралық қаржы орталығының Қаржы қызметтерін реттеу комитетінің Лицензиялау және қаржылық технологиялар кеңсесінің атқарушы директоры Еркеғали Еденбаев мәлімдеді, деп жазады turkystan.kz.
– Мамыр айында Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірлесіп цифрлық активтердің айналымын реттейтін заңнамалық түзетулерді дайындады. Осы түзетулер аясында белгілі бір құқықтық мәртебесі бар цифрлық қаржы активтерін енгізу жоспарлануда. Нарықтың жаңа санаты – криптовалюта айырбастау қызметтерінің провайдерлері енгізіледі. Лицензияланған криптобиржалар нарықты ашық ету жолындағы алғашқы қадам болады, – деді Е. Еденбаев.
ҚазАқпарат агенттігінің мәліметінше, Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері Нұрхат Қошымов болашақта қаржы саласының дәстүрлі және цифрлық деп бөлінуі мүмкін екенін айтып отыр.
– Бұрын азаматтар артық қаражаттарын тек жылжымайтын мүлікке, акциялар мен облигацияларға салатын, енді оларға цифрлық активтер де қосылды, – дейді сарапшы.
Ресми мәліметтер бойынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында АХҚО арқылы 1,8 миллиард доллар көлемінде транзакциялар өткен.
Бұған дейін KASE төрағасы Әділ Мұхамеджанов Қазақстан қор биржасында цифрлық теңгені қолдану мүмкін екенін хабарлаған еді.