Алматыда тау бөктеріндегі екі үй сүрілді

21 шілде, 2025 / Алуа Арман
Алматы әкімдігі

Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, сот шешімімен екі үй бұзылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Басқарманың мәліметінше, меншік иесі рұқсат беретін құжаттарсыз "Горный гигант" бау-бақша кооперативі аумағында үйлер салған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары кезінде бұл учаскелерде экожүйеге зиян келтірілген — құрылыс нысандарына жол салу мақсатында тау бөктеріндегі жердің еңісі кесілген.

Меншік иесіне қатысты басқарма әкімшілік шаралар қолданып, бұзушылықтарды жою және жер телімдерін бастапқы күйіне келтіру туралы нұсқама берген.

«Нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма сотқа үйді мәжбүрлі түрде сүру туралы талап арыз түсірді. 2024 жылғы 17 қазанда Медеу аудандық соты талап арызды қанағаттандырды, кейін сот шешімі Алматы қаласының Әділет департаментіне орындалуға жіберілді», – деп хабарлады ведомство.

20 шілдеде үйлерді иесі өзі бұзды.

Тэгтер:

құрылыс сүру тау бөктері үй бұзу