Алматыдағы Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші көшіріледі

21 шілде, 2025 / Алуа Арман
Алматы әкімдігі

Алматыда Байтұрсынов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан Геологтар аллеясын кешенді абаттандыру жобасы басталды. Ауқымды жөндеу жұмыстары аясында Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін көшіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменовтің айтуынша, Геологтар аллеясы тек жаңартылып қана қоймай, заманауи, функционалды және жайлы қоғамдық кеңістік ретінде қайта ойластырылатын болады.

Негізгі өзгерістердің қатарында – Қаныш Сәтбаев ескерткішін аллеяның кіреберіс орталық бөлігіне көшіру, декоративті жарықтандыру мен ағаштарға шам орнату, плиткаларды жаңарту, жаңа орындықтар мен жабайы жүзіммен көмкерілген перголалар орнату және тағы басқа жаңартулар бар.

«Біз құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап кеттік. Ескі құрылымдарды, соның ішінде автотұрақты бұзып жатырмыз, бірақ Байтурсынов көшесі жағынан 10 көлік орны сақталады. Көгалдандыруға ерекше мән береміз: ірі ағаштар, бұталар, көгалдар отырғызылады, бұрын қиындық болған автоматты суару жүйесі енгізіледі. Жасыл аймақтар гидросебу әдісімен абаттандырылады. Сонымен қатар, «Колизей» деп аталатын амфитеатр салынады, онда Қ.Сәтбаев атындағы университет әртүрлі іс-шаралар мен үйірмелер өткізе алады», – деді Сүлейменов.

Бұдан бөлек, Геологтар аллеясында ашық аспан астындағы кітапхана жабдықталады.

Аллеяны абаттандыру жобасын сәулетші Жанна Спунер әзірлеген, оны іске асыру 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Тэгтер:

ескерткіш Қаныш Сәтпаев геологтар аллеясы