Apple компаниясы танымал блогерге қарсы сотқа шағым түсірді. Техногигант iOS 26 операциялық жүйесінің интерфейсін ресми таныстырылымға дейін жариялап жіберді деп айыптап, аса қомақты өтемақы төлеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz macrumors.com-ға сілтеме жасап.
Apple-дің мәліметінше, блогер құпия ақпаратты компанияда жұмыс істейтін досынан алдап біліп алып, FaceTime арқылы жұмыс үстінде тұрған iPhone-ға қашықтан қосылып, интерфейсті жазып алған. Осыдан кейін ол рендерлер мен демонстрациялық бейнелер дайындап, оларды желіде таратқан.
Блогер бұл айыптауларды жоққа шығарып, ақпаратқа заңсыз жолмен қол жеткізбегенін және ешкімнің құпиясынан пайдаланбағанын алға тартты. Қазір іс сотқа өтіп, Apple компаниясы құпия ақпараттың таралуына байланысты зиян шеккенін дәлелдеуге тырысып жатыр.