Павлодар облысында 144 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылған

Бүгін, 12:59 / Інжу Әлихан

Павлодар облысындағы Успен ауданы сотында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Қылмыстық істі Успен ауданының прокуратурасы бастап, кейін Павлодар облысы бойынша «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ қызметі тексерілген. Тексеру нәтижесінде «Успен ауданы карьерлік орталығы» филиалының мамандары бағдарламаның қатысушыларын жүйелі түрде алдағаны белгілі болды.

- Атап айтқанда, бағдарлама бойынша қоныс аударушыларға сатып алынған тұрғын үй құнының жартысын өтеу қарастырылған, ең жоғары төлем – 4 млн теңге. Алайда айыпталушылар қоныс аударушыларға үйді нарықтан төмен бағаға табуды міндеттеп, кейін сатып алу-сату келісімінде әлдеқайда жоғары бағаны – 8 млн теңгені көрсеткен. Айыпталушылардың нұсқауымен тұрғындар бұл айырмашылықты «Бағдарлама шарттары аясында» деген желеумен қолма-қол беруге мәжбүр болған, - деп жазды Бас прокуратурадан.

Нәтижесінде бюджет қаржысын заңсыз иемденудің және айналымға түсірудің айла-шарғысы құрылған. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген жалпы залал 144 млн теңге екені анықталды.

Мемлекеттік айыптаушы істің ауырлығын және келтірілген залалды ескере отырып, соттан айыпталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен екі адам кінәлі деп танылды: біреуіне – 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, екіншісіне – 3 жыл бостандығын шектеу жазасы кесілді.