Теннисші Бейбіт Жұқаев алғаш рет Вашингтон турниріне жолдама алды

Бүгін, 01:57 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстандық, әлемнің 216-ракеткасы, 24 жастағы Бейбіт Жұқаев Вашингтон (АҚШ) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен түйіндеді.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының финалында әлемнің 324-ракеткасы, италиялық, 30 жастағы Андреа Вавассоримен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Бейбіт 4:2 есебімен алға шыққанымен, италиялық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Дегенмен Жұқаев тағы бір брейкке қол жеткізді – 7:5.

Екінші сетте тай-брейкте италиялық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (11:9).

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте Бейбіт брейк жасап, матчты эйспен аяқтады – 6:4.

Үш сағат 10 минутқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 14 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Вавассори 15 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Бейбіт Жұқаев спорттық жолында алғаш рет Вашингтон ATP 500 турниріне жолдама алды.

Бейбіттің негізгі додадағы қарсыласы кейін анықталады.

Бұдан бұрын Бейбіт бірінші рет Уимблдон жарысында бақ сынаған еді.