Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті

20 шілде, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ҰОК

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингтегі тұңғыш жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Бибосынов Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен бокс кешінде филиппиндік Кристиан Леганемен (6 жеңіс, 1 жеңіліс, 3 тең) қолғап түйістірді. 52,1 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жоспарланған алты раундтық жекпе-жек бірінші раундта-ақ аяқталды. Отандасымыз қарсыласын ауыр нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.

Бұл — Сәкен Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісі. Ал оның қарсыласы Кристиан Легане екінші мәрте жеңіліп отыр.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов — 2021 жылғы Белградтағы әлем чемпионы, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ, Азия чемпионаттарында 2021 жылы қола, ал 2022 жылы күміс медаль иеленген.