«Астық аз болады»: биыл диқандар неден қауіптеніп отыр

Бүгін, 11:23 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қазақстанда биылғы астық науқаны қандай болады? Мал азығын толық дайындай аламыз ба? Аптап ыстық егін шаруашылығына қаншалықты зиян келтірді? Sputnik Қазақстан тілшісі егін еккен диқаннан сұрап көрді.

Александр Квитко жасы жетпісті алқымдаса да әлі күнге жермен айналысады. Дәнді дақыл егіп, қара жерден нәпақасын тапқан диқан 30 жылда табиғаттың талай тосын сыйын көрген. Бірақ биылғы жыл ерекше қиын болады дейді ол.

"Биылғы егіс науқаны көп қиындық тудырады. Солтүстік өңірлер де біздің кебімізді киіп отыр. Егінді шабуға комбайндар әлі кірген жоқ. Бірақ ол қиындық тудыруы мүмкін. Өйткені егін тым төмен, бар-жоғы 15 сантиметр ғана көтерілген. Сәйкесінше ораққа ілінбейді. Өйткені жаңбыр жоқ. Былтыр гектарына 20 центнерден өнім болған. Биыл бір гектарға 5 центнерден алуымыз мүмкін. Егіннің бойы аласа, дәні мардымсыз", - дейді Жетісу облысының диқаны Александр Квитко.

Оның айтуынша, бұлай орылған егін тіпті тұқымдыққа да жарамайды.

"Мемлекет тарапынан диқандарға өз өнімін сақтандыру туралы айтылатын. Біз сақтандыра бастағанбыз, тұқымға төледі. Ал кеткен шығын еш төленбеді. Тұқымды біз гектарына 200 килограм ғана себеміз. Біз тұқымға емес, кеткен шығынға көп ақша жұмсаймыз. Сол себепті диқандар сақтандырылмайтын болды, өйткені ақша жинағанымен шығын болғанда оны өтемейді", - дейді Александр Квитко.

Диқандардың көпшілігі өнімін жергілікті тұтынушыларға ұсынады. Мысалы былтыр арпаны ора бастағанда бағасы 60 теңге болған, биыл 110-120 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Арпамен айналыстын шаруалар қазірден бастап баға нарығын ойластырып жатыр.

Оның айтуынша былтырғыға қарағанда өнім биыл 4 есеге аз болуы мүмкін.

"Егер өнім қымбаттаса, еттің де бағасы көтеріледі. Өйткені еттің бағасы жем-шөптің бағасына байланған. Ал биыл шөп шықпады. Өйткені қыс биыл суық болды, тіпті тауда да шөп шықпады", - дейді диқан.

Бұл аздай биыл таудан су да ақпаған. Былтыр 20 гектардан 120 орам жинаған диқан биыл дәл осы гектардан, дәл сол аумақтан 42 орам шөпті әрең жинаған. Демек биыл жем-шөптің бағасы да қымбаттайды. Ал нәпақасын малдан тауып отырған кәсіпкерлер сәйкесінше еттің бағасын көтеруге мәжбүр.

"Біздің алып жүрген еңбекақымыз азық-түлікке ғана жұмсалуы мүмкін, әсіресе қала халқы үшін. Биыл жүгері ору науқаны қандай болады, бағасы қанша болатыны белгісіз, былтыр бір кг жүгері 60 теңге болған. Биыл баға көтерілуі мүмкін. Соя өткен жылы 200 теңге болса, биыл 260 теңгеге көтерілуі мүмкін. Қалай айтсақ та биыл астық аз болады", - деп толықтырды диқан.

Александрдың айтуынша, қазір егістікті суғаратын су аз да болсын келіп жатыр. Ал бір айдан кейін су болмауы мүмкін. Онда жүгері, қызылша, картоптан да жақсы өнім түспейді.

"Өткен жылы дәл осы уақытта біз жақта су қоймаларынан өзендерге секундына 400-500 литр су келіп жатқан. Ал қазіргі уақытта секундына 100 литр ғана су келіп жатыр. Биыл еккен дәнді дақылды толық өсіріп, өнім ала аламыз ба, жоқ па белгісіз. Әу баста аптап ыстық болады деп болжанған болатын, дәл солай болып шықты", - дейді жетісулық диқан.

Тамыз айында нөсер жаңбыр айлап жауса да мол астыққа кенелуіміз неғайбыл. Өйткені егістік біткен сарғайып кетті, ору керек, дейді ол. Жүгері маусым айында суғарылған, ал тамызда суғарылса егін аз да болсын жақсы шығуы мүмкін.

Айта кетері, Алматы облысында нөсер жауын әлі жауған жоқ. Жазда аптап ыстық болып, тіршілік біткенді күйдіріп тұр. Синпотиктердің болжамынша нөсер жауын тау айналып кетіп жатыр, онда да ұзақ емес. Тіпті себелеп жауған жаңбырдың өзі ары кетсе 10 минутқа созылады, көтерілген шаңды басуға да қауқарсыз.

Sputnik Қазақстан тілшісі ахуалды ауыл шаруашылығы министрлігінен сұрап білді.

Министрлік Александр Квитко айтқан солтүстік өңірдегі егіс науқанындағы мәселені жоққа шығармады.

"Ауа райына байланысты солтүстік өңірлерде дәнді дақылдардың өнімділігі көпжылдық деңгейден орташа болуы мүмкін. Айта кету керек, биыл егіс жұмыстарын қаржыландыру алғаш рет дала жұмыстары басталғанға дейін алты ай бұрын басталды. Жалпы биыл 700 млрд теңге қаржы бөлінді", - дейді ауыл шаруашылығы министрлігі.

Десе де, биылғы аптап ыстық бір солтүстік емес, бірнеше аймақты тығырыққа тіреп тұр.