Маңғыстау облысының әкімдігі "ҚазАзот" компаниясының өндірістік цехында болған төтенше жағдайдың мән-жайын айтты.
18 шілде күні сағат 14.47 шамасында өндірісте техникалық апат болған.
"Оқиға орнында 4 адам зардап шегіп, барлығына термиялық күйік диагнозы қойылды. Оның 2-і жансақтау бөліміне, қалған 2-і травмотологиялық бөлімге жатқызылды", - делінген ресми хабарламада.
Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қазақстанның бас реаниматологы мен күйік жарақаттары бойынша жетекші мамандар шақыртылды. Қазіргі кезде зардап шеккен жұмысшылардың жағдайы бірқалыпты. Облыс басшылығы жағдайды жеке бақылауына алған. Компания тарапынан запдап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі.
Ал облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы ұсынған мәліметке сәйкес, жұмысшылар отпен жұмыс істеу рұқсат құжаттарын рәсімдемеген.
"Оқиға жабық кеңістікте болды. Апатқа отпен жұмыс жүргізу кезінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды", - дейді инспекторлар.
Полиция Қылмыстық кодексінің 156-бабы (еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша тергеу шараларын бастады.