Шымкентте камерундық футболшы сегіз жылға сотталды

19 шілде, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Африкалық футболшы Қазақстанда 8 жылға сотталды/Фото: Дилара Иса

Шымкентте есірткі қылмысы бойынша Камеруннан келген футболшы сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Otyrar.kz басылымы қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотта шетелдіктің ісі қаралып, ол "Өткізу мақсатында есірткі, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау" бабы бойынша кінәлі деп танылғанын жазады.

"Сот Мбала Бомба Роджерды ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу шарасы тағайындалсын", —делінген үкімде.

Камерун Республикасының азаматы, 33 жастағы футболшы Мбала Бомба Роджер 2025 жылы наурызда Шымкентте ұсталды. Одан 1,5 келі "синтетика" табылды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол синтетикалық есірткіні Telegram арнасы арқылы таратқан деген күдікке ілінген. Шыққан сот үкіміне қарамастан ер адам кінәсі жоқтығын айтып, соттан өзін ақтауды сұрады. 

"Мен футболшымын, өмір бойы тек футболмен шұғылдандым. Футбол ойнағанда да бізді әр матч сайын әрдайым тексеріп отырады. Есірткі тұтынатын болсам, соның бірі болмаса, бірінде шығар еді. Мен жаман адам емеспін, бұл жайт қалай болғанын білмеймін", — деді айыпталушы Мбала Бомба Роджер.

Ер адам қылмысқа қатысы жоқ екенін айтады, бірақ визасында Қазақстанда болу мерзімі өтіп кеткенін мойындайды.