Өмірі өндіріспен біте қайнасқан металлургтер әулеті

Бүгін, 10:30 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстан қара металлургиясының негізгі қоры Жезқазған, Балқаш қалаларында шоғырланғандықтан, мұндағы әр отбасында кем дегенде бір адам металл өндіретін зауытта еңбек етеді. Тіпті, металл өндіру ісіне әулетімен еңбек сіңіріп жүргендер жетерлік. Ата, әке жолын қуып, бауырларымен бірге бір зауытта табаны күректей 30 жылдан астам жұмыс істеп жүрген метталургтер әулеті де бар. Сондай әулеттің бірі – Қалмекеевтер әулеті. Turkystan.kz сайтының тілшісі металлургтер күнінде атакәсіпті ардақ  тұтқан сол әулеттің өкілі – Ақылбек Қалмекеевтен аз-кем тілдескен еді.

«Аталарымыз кен қазу жұмысын Қарсақпайдан бастаған. Әкеміз де ата жолын қуып, Жезқазғанда зауыт ашылғаннан кейін сонда көшіп келген. Біз де атамыз бен әкеміздің өкшесін басып, өмірімізді зауыт жұмысына арнадық. Қазір әулетімізбен зауытта жұмыс істейміз. Менен бөлек Назымбек деген ағам, Асылбек, Мұратбек, Данияр есімді інілерім зауытта еңбек етеді. Үлкендеріміз зейнетке шықты», – дейді ол.

Ақылбек Мыңбайұлы қазір «Kazakhmys Smelting» ЖШС-ның балқыту цехында учаске мастері болып жұмыс істейді. Зауыттағы 30 жылдық еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.

«Жезқазғанда мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмадым. Сол кездері қазақ – қытай кәсіпорны болған. Бір жыл сонда істедім. Сосын 1993 жылдан бастап зауытта жұмыс істедім. Отыз жыл осы жерде табан аудармай еңбек етіп келемін. Басында үшінші разрядты металл қорытушы болып жұмысқа кірдім. Қазір алтыншы разрядты аға балқытушымын», – дейді ол.

Қалмекеевтер әулеті

Зауыт жұмысы тоқтамайды. Пеште үздіксіз металл қорытылады. Металл қорытушылар тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істейді.

«Үш ауысым бар: таңғы сегізден кешкі төртке дейін; кешкі төрттен түнгі он екіге дейін; түнгі он екіден таңғы сегізге дейін. Үш күн істеп, екі күн демаламыз. Жұмысқа барғанда арнайы киімімізді киіп, пешті «қабылдап» аламыз. Наряд аламыз. Бір бригадада 18-20 адам еңбек етеді. Оның ішінде металл қорытушылар, электрші, слесарь, тиеуші бар. Бізбен бірге әйел кісілер де жұмыс істейді. Екі пеш бар. Алты-алты адамнан бөлініп істейміз. Әйел кісілер біз берген шлакты апарып төгеді. Басқару пультінде де реттеуші маман – әйел кісі отырады. Ол тоқ жағын бақылап, пештің қандай жүктемемен жұмыс істеп жатқанын қадағалап отырады. Біз балқыған затты беріп тұрамыз. Шахтыдан шыққан руда түйіршіктелген шихта (шикіқұрам) түрінде фабрика арқылы бізге келеді. Біз соны балқытамыз. Балқыған зат штейн, шлак болып бөлінеді. Сол жерден қара металл болып шығады. Оны шлак таситын көлікпен теміржол арқылы шлак үйіндісіне жібереміз. Біз сегіз сағатта екі пештен 700-800 тонна түйіршіктелген шихта алуымыз керек. Пеш тоқтамайды. Арасында аялдап, шихта қалай тиелді, қалай балқып жатыр, соның бәрін тексеріп тұрамыз. Келесі ауысым келгенде бәрін қарап алады. Пеш жұмысы – тоқтамайтын процесс, күндіз-түні істейді. Балқығанда шихта температурасы 1100 – 1500 дейін барады. Бізден кейін металды басқа учаскелердегі пештерге жіберіледі. Ол жақта штейн алады, дайын мыс қылып шығарады. Одан кейін анодты мыс шығады», – дейді Ақылбек Мыңбайұлы.

 

Тэгтер:

зауыт кен металлург металлургтер күні кен өндіру қазба металл қорыту Ақылбек Қалмекеев Қалмекеевтер әулеті