БАӘ-дегі Қазақстанның бұрынғы елшісі Сәкен Мамаш әйелін ұзақ уақыт ұрып-соққаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Сот үкімімен Мамаш қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау) бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Сәкен Мамаш дипломатиялық қызметінен де айырылды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және өзге де істің материалдарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыны 6 жылға, жәбірленуші тарап 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы кінәсін мойындамады. Керісінше, қорғаушы тарап қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.
Айта кетейік, жәбірленуші Карина Мамаш бұрынғы күйеуі Сәкен Мамаштың өзін соққыға жығып, қорлады, зорлық-зомбылық жасады деп айыпатады. Осыған байланысты Сәкен Мамаш Қазақстанға шақыртылған еді.
Іс жәбірленушінің өтініші бойынша жабық режимде қаралды. Карина Мамаш балаларының отбасындағы интимдік жайттар туралы білмес үшін соттың жабық режимде өтуін қалаған.
Сәкен Мамаш пен Карина Мамаш 2014 жылдан бастап заңды некеге тұрған. Ортақ некеден 2 бала бар. Жәбірленуші үй шаруасындағы әйел еді. Ол дипломаттың жұбайы ретінде жәрдемақы алған, алайда, бұл қаражатты күйеуі өзі алып отырған. Сот анықтағандай, Сотталушы жәбірленушіге туыстары мен құрбыларымен араласуға тыйым салған, оның қоңыраулары мен хат-хабарларын, жүріс-тұрысын бақылап отырған. Жалған қызғаныштың негізінде, сотталушы 2019–2024 жылдар аралығында, Астанада және кейіннен БАӘ, Абу-Дабиде жүрген кезінде жүйелі түрде күш қолданған, яғни жұдырықпен денесінің түрлі жерлеріне және басына дене жарақаттарын салған.