Үндістанда 241 адамның өмірін жалмаған Air India Flight 171 апатына қатысты тергеу кезінде қара жәшіктен алынған жазбалар ұшақ командирінің әрекеті апатқа себеп болуы мүмкін екенін көрсете бастады. Corriere della Sera басылымы мен Reuters агенттігінің хабарлауынша, командир Сумит Сабхарвал ұшақ әуеге көтерілер алдында екінші ұшқыш Клайв Кундерге: «Ұшақ сенің қолыңда» деген. Дереккөздердің айтуынша, бұл – қалыпты тәжірибе, бірақ дәл сол сәтте ұшақты басқару өте қиын болған, өйткені ол бірнеше секунд ішінде биіктік жоғалтып, тұрғын ауданға құлаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Reuters-ке сілтеме жасаған дереккөздің мәліметінше, апат алдында Кундер отын тетіктерінің жағдайына байланысты командирден не себепті қозғалтқыштарға отын беруді тоқтатқанын бірнеше рет сұраған.
«Неге қозғалтқыштарды сөндірдіңіз?» – деп сұрайды Кундер.
«Мен ондай істеген жоқпын», – деген бұлыңғыр жауап естіледі командирден.
Кундер бұл жауапқа қанағаттанбай, сұрақты бірнеше рет қайталаған.
Үндістанның Ұшақ апаттарын тергеу бюросы (AAIB) тергеуді жалғастыруда. Толық стенограмма әзірге жарияланған жоқ. Бірақ қара жәшіктен алынған алғашқы жазбалар, сондай-ақ рейстің отын жүйесіне байланысты техникалық ақауы жоқ екені командирдің отын беруді тоқтатуына өзі себепкер болуы мүмкін деген болжамды күшейтуде.
Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бар болғаны 30 секунд қана ұшып, құлаған. Апаттан борттағы 241 адам қаза тапқан, сондай-ақ жердегі 19 адам ажал құшты.