Бүгінде лудомания – бүкіл әлем бойынша әлеуметтік апат деңгейіне жетіп отыр. Бұл – жеңіл ақшаға сенген сан мыңдаған адамның тағдырын тас-талқан еткен, жан-дүниесін жалмаған жаман індет. Адамдардың бірі онлайн казиноның тұзағына түседі, енді бірі букмекерлік кеңседен шыға алмайды, ал кейбіреулер қаржы нарығы мен криптобиржаны құмар ойынға айналдырып алған. Лудоманияның жаңа заманауи формалары жыл сайын көбейіп барады, ал тәуелділік жылдам қалыптасады – кейде тіпті бір жылдың ішінде адам барынан айырылып жатады. Қоғамның бас ауруына айналған мәселені дәрігер психиатр, жоғары дәрежелі психотерапевт, профессор, Қазақстан Республикасының Психиатрлар және психотерапевтер қауымдастығының және Орталық Азия психоанализ институтының мүшесі, лудомания саласында 45 жылдық тәжірибесі бар маман Тамара Әбубәкірқызымен әңгімелескен болатынбыз.
– Лудоманияны нақты қай сәттен бастап ауру деп тануға болады? Қандай белгілер бұл дерттің басталғанын көрсетеді және қандай кезеңдері бар?
– Лудомания немесе гемблинг – бұл ақшаға ойын ойнау. Психиатрияда бұл психикалық бұзылыс ретінде қарастырылады. Ол адамның үнемі, эпизодтық түрде қайталанып тұратын құмар ойындарға қатысуымен сипатталады. Лудомания термині салыстырмалы түрде жаңа ұғым, шамамен 5-6 жыл бұрын ғана кең қолданыла бастады. 2022 жылдың
1 қаңтарынан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл дертті ресми түрде ауру деп таныды. Бұрын ол «игромания» деген атаумен белгілі болған. Жалпы, құмар ойындар адамзат тарихында өте ертеден, ежелгі дәуірден бар. Қай қоғамда болмасын бос уақыты көп адамдар өзара әрдайым ақшаға бәс тігетін болған. Бірі ұтқан, бірі ұтылған. Бүгінде бұл өте ауыр және күрделі мәселеге айналды. 1984 жылы психолог, психотерапевт Р.Кастер лудоманияның үш негізгі кезеңін анықтаған: алғашқысы – ұту кезеңі, мұнда адам үнемі жеңіске жетіп, өзін бақытты сезінеді; екіншісі – ұтылу кезеңі; үшіншісі – түңілу кезеңі.
Қазір мамандар бұл дертті үш сатыға бөледі: компенсация, субкомпенсация және декомпенсация. Лудомания орта есеппен бір жылдан төрт жылға дейінгі мерзімде «дамиды». Әйелдерде тәуелділік әлдеқайда тез қалыптасады – бір жылдың ішінде-ақ анық байқалуы мүмкін, ал ер адамдарда бұл процесс төрт жылға дейін созылады.
Құмар ойынға берілген адам біртіндеп жақындарымен араласудан қашады, қоғамнан, жұмыстан, отбасы мен бала-шағасынан алшақтайды. Оның бар назары тек ақша ұтып, ойын ойнауға ауады. Бұл психикалық тәуелділікке алып келеді. Сол себепті лудомания психикалық ауру ретінде мойындалған. Бұл – жаһандық деңгейдегі мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Канадада 19,3 миллион, Ұлыбританияда 17,5 миллион, Аустралияда 6,8 миллион адам лудоманиядан зардап шегеді. Қазақстанда ресми тіркелгендердің саны 350 мыңға жуық. Алайда шын мәнінде олардың саны бұдан әлдеқайда көп, себебі көптеген отбасы мұндай мәселелерді жасырып, дәрігерге бармайды. Қазір бұл дертке әйелдер де, жасөспірімдер де, егде жастағы адамдар да ұшырап жатыр. Әсіресе, пандемия кезінде көптеген адам онлайн форматтағы ойынға әуестеніп кетті.
– Құмар ойынға бейімділік тұқым қуалай ма, әлде бұл тәрбиеге байланысты ма?
– Иә, құмар ойынға бейімділік ішінара тұқым қуалауы мүмкін. Егер әкесі немесе анасы құмар ойынға тәуелді болып, емделіп жүрген болса, балада генетикалық тұрғыдан белгілі бір бейімділік қалыптасады. Бірақ көбінесе бұл дерт тәрбие мен әлеуметтік ортаға тікелей байланысты. Лудоманияның жүре қалыптасуына мысал келтірсек. Кейде ата-анасы құмар ойын ойнамаса да, баланың өзі ойынға беріліп кетеді. Қазір балалар екі-үш жасынан бастап гаджет ұстауға үйреніп алған. Ата-аналар олардың немен айналысып отырғанын үнемі бақылай бермейді. Кейбір балаларда ойын арқылы бір нәрсеге жетуге, жеңіске ұмтылуға ерекше құмарлық оянады. Бұл әсіресе бастауыш сыныптарда – 1-5-сыныптарда анық байқалады. Бала өзінің сыныптас достарының қымбат киімін, соңғы үлгідегі смартфонын көріп өзін олардан кем сезінеді. Сол кезде: «Мен ойын ойнап ұтамын, ата-анама салмақ салмаймын», – деп ойлайды. Осылайша, бала белгілі бір шекараны білмей, ойынға тәуелдене бастайды. Бұл неліктен қауіпті? Өйткені алкоголизм де, есірткі қолдануда да адам өз шекарасын білмей қалады, қашан тәуелді болғанын аңғармайды. Құмар ойын да солай. Сондықтан бұл ауру тәуелділіктің ең қауіпті түрлерінің бірі саналады.
Біз тәрбие дегенде тек әке-шешенің немесе ата-әженің берген үлгісін ғана емес, баланың бүкіл өскен ортасын – ауласын, көршілерін, мектебін де айтамыз. Өйткені бала тек үйде емес, қоғамда да тәрбиеленеді. Бұл ортада да өте үлкен әсер болады. Мысалы, кейбір балалар өте жақсы, әл-ауқаты жоғары, толыққанды отбасынан шығады. Бірақ мектепте немесе аулада құмар ойын ойнайтын достар табады да, соларға еліктеп кетеді.
Тағы бір айта кетерлігі, әр отбасының өз ерекшелігі бар. Бір жерде мұсылман отбасыларында тәрбие қатал, бір жерде жұмсақ. Қазақ, орыс, ұйғыр, қырғыз, украин, өзбек отбасыларында да әртүрлі салт-дәстүр қалыптасқан. Кей отбасыларда үлкендер балалармен бірге карта, домино ойнайды. Бірақ сол ойын кезінде ата-анасы дұрыс тәрбие бере алмай, мысалы, «Сен қандай мықтысың!» деп ақшалай марапаттаса, бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайлар да кейін баланың тәуелді болуына алып келіп жатады. Мысалы, менің өз балалық шағымда, кеңес дәуірінде, отбасымызда карта, домино, лото ойнаған кезіміз болды. Бірақ біз ешқашан ақшаға ойнамадық. Менің күйеуім балаларға үнемі: «Көшеде карта ойнауға болмайды. Бұл – мәдениетсіздік. Карта – қарт адамдардың ермегі, шахмат ойнаңдар», – деп айтып отыратын. Сондықтан бізде ақшаға ойнау әдеті болған жоқ. Ақшаға ойнау – бұл тәуелділікке апаратын тура жол.
– Құмар ойын ойнағанда ми нейромедиаторлары қалай өзгереді?
– Кез келген ауру, тіпті қарапайым тұмау да біздің миымызға психикалық, неврологиялық өзгерістер әкеледі. Біз психиатрлар мұны «психоорганикалық синдром» деп атаймыз. Бұл – мидағы белгілі бір қалдық құбылыстар. Олар кейіннен әртүрлі формада көрінуі мүмкін: жалпы әлсіздік, ашуланшақтық, тітіркенгіштік, агрессия. Мысалы, бұрын өте мейірімді, сабырлы, еңбекқор, ешқашан ішпейтін, темекі шекпейтін, отбасын асырап жүрген адамның құмар ойынға тәуелді болғаннан кейін мінезі өзгереді. Ызақор, қорқақ, өзіне сенімсіз болып, кейде жақындарына қол көтеруі мүмкін. Ол өзін төмен санай бастайды. Себебі ол әрдайым: «Мен жалақымды неге отбасыма жұмсамадым? Неге бәрін ұтылып қалдым?» – деп өз-өзін кінәлап, іштей жегідей жей береді. Осы ойлардың өзі адамның психикасына үлкен салмақ түсіреді. Сонымен қатар көптеген соматикалық және психикалық белгілер қосылады. Мысалы, тұрақты стресс – ең алдымен қорқыныш, үрей, ашу, тітіркену сияқты эмоциялар тудырады. Бұл психикалық қысым денсаулыққа да әсер етеді. Қан қысымы бірде жоғарылап, бірде түседі, көзі нашарлайды, бұрынғы созылмалы аурулары күшейеді, жиі суық тию басталады, әйелдерде жыныстық жүйе де бұзылады. Неге бұлай болады? Өйткені адамның жан-дүниесі, психикасы ауырса, денесі де міндетті түрде соған жауап қайтарады. Денсаулық – тұтас жүйе, егер жан күйзелсе, дене де зардап шегеді. Осы белгілер психикалық бұзылыстың, лудоманияның салдары. Бұл – тәуелділіктің ауыр формасы. Психиатрияда кез келген тәуелділік мидың органикалық зақымдануымен байланысты деп айтылады. Сондықтан құмар ойынға тәуелділік ми қызметін, эмоциялық тұрақтылықты бұзады.
– Бұл дертті емдеу үшін қандай психотерапиялық тәсілдер тиімді? Топтық терапияның қаншалықты көмектеседі?
– Қазақстанда лудоманияға қатысты емдеу әдістері жеткілікті. Мемлекеттік орталықтар да бар. Мысалы, Алматыда орналасқан Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы, Қалалық психикалық денсаулық орталығы, наркологиялық орталығында арнайы бөлім бар, онда адамға диагноз қойылып, ем жүргізіледі, қажетті дәрілік терапия қолданылады.
Психотерапия – ең маңызды емдеу әдісі. Оның да көптеген бағыты бар. Бір мезгілде бірнеше тәсіл қолданылуы мүмкін. Кей кездері гипнотерапия да қолданылады. Бірақ соңғы жылдары психиатрлар мен наркологтар гипноздан біршама бас тартып отыр. Қазір отбасылық психотерапия, топтық психотерапия және тұлғалық психотерапия көбірек қолданылады.
Бұл емдеу әдістері әдетте ұзақ уақытқа созылады. Дегенмен тәжірибеде көптеген пациенттің толықтай сауығып шыққан мысалдары жетерлік. Мен өзім көп жыл бойы жасөспірімдермен жұмыс істедім. Әрине, емдеу ұзақ уақыт алады, бірақ өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Қазір отбасылық психотерапия, топтық терапия, тұлғалық психотерапия әлдеқайда тиімді деп есептеледі.
– Лудоманияны емдеу ұзақтығы қанша уақытқа созылады?
– Стационарлық емдеу курсы орта есеппен 1-1,5 айға дейін созылады. Бұл нақты науқастың жағдайының ауырлығына және онымен жеке жұмыс істеу қажеттілігіне байланысты. Әр пациентпен жұмыс істеу тәсілі әртүрлі, өйткені әрбір адамның психикалық ерекшелігі, өмірлік жағдайы және емделуге деген дайындығы әрқалай. Кейбір адамдармен жұмыс істеу оңайырақ. Мысалы, олардың жеке тұлғалық мотивациясы жоғары, алдағы өмірге нақты жоспары бар, дерттен шын ниетімен арылғысы келсе, нәтиже де жақсы болады. Ал кейбір адамдардың жағдайы өте күрделі: отбасы күйреген, қа-
рым-қатынас бұзылған, әлеуметтік жағдайы төмен, олармен жұмыс істеу әлдеқайда ауыр. Бұл жағдайлар созылмалы алкоголизм мен нашақорлықты емдеуге ұқсайды – процесс қиын әрі ұзақ. Дегенмен қандай жағдай болмасын, дұрыс таңдалған ем мен психотерапия арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады.
– Ал дәрімен емдеу қандай нәтиже береді?
– Дәрі-дәрмекпен емдеу – әр науқасқа жеке таңдалады және бұл халықаралық тәжірибеге негізделеді. Дәрі тағайындағанда бірінші кезекте адамның жасы, жынысы, бұрыннан келе жатқан созылмалы аурулары және қанша уақыттан бері құмар ойынға тәуелді болғаны ескеріледі. Сонымен қатар аурудың қай сатысында тұрғаны да маңызды.
Тәжірибеде біз тек антидепрессанттар мен анксиолитиктерді ғана емес, кей жағдайда жеңіл нейролептиктерді де қолданамыз. Дегенмен бұл препараттар әр адамға әртүрлі мөлшерде, әртүрлі мерзімге беріледі.
Антидепрессанттардың да өз ерекшеліктері бар. Кейбірі жеңіл әсер етеді, ал классикалық түрлерін ұзақ уақыт қабылдау керек болады. Неге антидепрессанттар қажет? Себебі лудомания – психикалық тәуелділік, адам үнемі стресте жүреді, нәтижесінде әртүрлі деңгейдегі депрессия дамиды. Сондықтан емдеуде антидепрессанттарды қолдану – депрессияны, суицидтік ойларды және тұрақты күйзелісті жеңуге көмектесетін маңызды қадам. Бірақ кез келген препарат тек маманның бақылауымен тағайындалады.
– Лудоманияны емдеуде отбасының қолдауы маңызды ма?
– Лудоманияны емдеуде отбасы мүшелерімен бірлесіп жұмыс істеу міндетті. Әдетте, отбасылық психотерапия керек. Бұл процеске отбасының мүшелері толықтай қатысқаны жөн.
Біріншіден, бұл – аурудың алдын алу үшін маңызды. Екіншіден, емделуші үйіне оралғанда отбасы оны дұрыс қабылдап, қалай сөйлесу, қандай жағдайда қолдау көрсету, ал қандай сәтте талап қою керегін білуге тиіс. Мұның бәрі арнайы мамандардың – психиатрлардың, наркологтардың, психотерапевтердің кәсіби жұмысында үйлесім табады. Алкоголизмді емдегенде де осылай жасалады. Егер үйде ішімдікке тәуелді адам болса, дастарқанға ішімдік ішуге арналған ыдыстарды да қоймайды. Өйткені ұсақ-түйек еске салулардың өзі адамның қайтадан сол тәуелділікке оралуына себеп болады. Сол сияқты құмар ойынға тәуелді адамға да отбасының қолдауы өте қажет. Және отбасының әр мүшесі өзіне тән жеке психологиялық көмекті алуға тиіс. Себебі емделуші үйіне оралған соң оның күйзеліске қайта түспеуі өте маңызды. Сондықтан отбасы мүшелерімен бірге психотерапиялық жұмыс жалғаса беруі керек. Олар арнайы мамандарға барып, қалай сөйлесуді, қандай шекара ұстау керегін үйренгені жөн.
Науқастың санасында ойынға тәуелді болған күндердің ізі қалмауы үшін бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Тіпті, ұсақ детальдар да бұрынғы жағдайды
еске түсірмеуі керек. Отбасы бұл кезеңде аса сабырлы және сауатты әрекет етуі қа-
жет.
«Отбасылық дерт» деген ұғымды біз тек сол отбасында бірнеше адам бірдей ауырып жүрген жағдайда қолданамыз. Мысалы, шизофрения туралы айтқанда, егер анасы шизофрениямен ауырса, ұлы шизофреник болса, қызы да солай, тіпті әжесі де ауырса – онда бұл «отбасылық дерт» деп аталады. Лудоманияға да осы принцип қолданылады. Егер бір отбасында бір ғана адам емес, бірнеше адам ойынға тәуелді болса, ол да «отбасылық дертке» жатады. Өкінішке қарай, мұндай отбасылар да кездеседі. Осындай жағдайда емдеу және алдын алу жұмысы әлдеқайда күрделенеді. Кейде мәселе өте терең, күрделі сипат алып кетеді.
Мен өз тәжірибемде өмірімде бір-ақ рет осындай отбасымен жұмыс істедім. Онда әкесі және екі ұлы карта ойынына тәуелді болды. Ал қыздары болса, бильярдты ақшаға ойнайтын. Бұл да құмар ойынға тәуелділіктің бір түрі.
– «Ойынпаз» әдетте қолындағы барын ойынға салады, кейін қарызға батады, соңында әлеуметтік қысымға ұшырайды. Бұл оның тәуелділігін ушықтыра түспей ме?
– Иә, қарызға бату мен әлеуметтік қысым лудоманияның дамуын және ауырлығын күшейтеді. Бұл жағдайлар науқас үшін тұрақты күйзеліс көзі десек те болады. Тә-
уелді адам үнемі ой үстінде жүреді, «қарызымды қалай жабамын», «отбасыма не айтамын», «жұмысымнан айырылып қаламын ба?» деген үрей маза бермейді. Мұндай ұзақ стресс көбіне депрессияны тереңдетеді.
Мұндай жағдайдан науқас көбінесе өздігінен шыға алмайды. Туыстары көмектесіп кредиттерін өтеп, үйін немесе көлігін сатып мәселені шешуге тырысады. Алайда бұл тәсіл көбінесе ауруды түбегейлі шешпейді. Науқас өзін кінәлі сезініп, одан сайын күйзеліске түседі. Сондықтан мұндай жағдайлар суицидтік ойларға да алып келуі мүмкін. Егер адам терең депрессияға түссе, міндетті түрде стационарлық ем қажет болады.
– Рецидивтің алдын алу үшін қандай шаралар ұсынылады?
– Рецидивтің алдын алу үшін ең маңыздысы – отбасының дұрыс ұйымдастырылған психотерапиялық жұмысы. Егер отбасы мүшелерінің бәрі арнайы психотерапиядан өтсе, бұл тәуелділіктің қайта оралу ықтималдығын айтарлықтай азайтады. Мысалы, лудоман отбасылы адам болса, онда оның әке-шешесі, әйелі және балалары да психотерапияға қатысуы қажет. Бұл – рецидивтің алдын алатын негізгі құралдардың бірі. Сонымен қатар емделушінің өзі де ұзақ мерзім мамандардың бақылауында болуға тиіс. Психологқа немесе психотерапевтке үнемі барып тұру, қажет жағдайда топтық кездесулерге қатысу маңызды.
Отбасы – лудоманияны емдеудегі ең басты тірек. Құмар ойынға тәуелді адамның тек өзі ғана емес, оның жақындары да психологиялық көмекке мұқтаж дедік. Ең алдымен, отбасы мүшелеріне нақты не болып жатқанын түсіну маңызды. Кейде туыстары науқасты тек кінәлап, ұрысып, қысым көрсетіп жатады. Бірақ бұл керісінше, жағдайды ушықтырады. Олар емдеудің мәнін, науқастың күйін, тәуелділіктің табиғатын түсінуі керек. Сондықтан отбасы мүшелерімен бірге кәсіби психотерапия жүргізілуі қажет. Бұл жеке де, отбасылық форматта да болуы мүмкін. Арнайы мамандар ата-аналарға, жұбайына немесе бауырларына – әрқайсысына жеке қолдау көрсетіп, өздерін қалай ұстау керек екенін үйретеді. Мысалы, отбасында біреу құмар ойынға берілсе, басқалары күйзеліске түседі, қорқады, ұялады, өздерін кінәлі сезінеді. Осындай эмоциялармен де жұмыс істеу қажет.
Мен мұндай отбасылармен жиі жұмыс істедім. Кейде әйелдер мүлде үмітін үзеді, күйеуінің жазылатынына сенбейді. Ондайда біз, мамандар, жағдайды ашық түсіндіріп, нақты бағыт-бағдар беріп, оларды сенімге шақырамыз. Яғни, тек науқас емес, оның жанындағылар да толық қамтылып, жүйелі психологиялық қолдау алуы керек.
– Лудоманды қоғамнан оқшауламай-ақ тәуелділіктен арылтуға бола ма?
– Иә, аурудың жеңіл және орташа ауыр кезеңінде емдеуді қоғамнан оқшауламай-ақ жүргізуге болады. Мұндай жағдайда адам үйінде тұрады, күнделікті жұмыстарын жалғастырады, бірақ сонымен қатар психотерапевтпен және психиатормен жүйелі түрде жұмыс істейді.
Емделушінің отбасымен және жақын ортасымен байланысы сақталады, бұл да оң нәтиже береді. Алайда егер науқаста ауыр психотикалық белгілер, мысалы, тұрақты галлюцинациялар немесе суицидтік ойлар байқалса, онда міндетті түрде стационарлық ем алуы қажет. Ал нақты қандай емдеу режимі таңдалатыны әр адамның жағдайына байланысты анықталады.
– Кәмелет жасқа толмағандар арасында лудоманияның алдын алу үшін қандай бағдарламалар қажет?
– Бұл – өте маңызды сұрақ. Өйткені бүгінде балалардың басым бөлігі компьютер мен телефонға ерте жастан үйреніп алған. Осыдан бастап бейсаналы түрде ойынға тәуелділік қалыптаса бастайды. Осындай жағдайдың алдын алу үшін мектептерге арнайы бағдарламалар қажет. Бұл бағдарламалар балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы керек. Бастауыш сыныптарда мультфильмдер, интерактивті ойындар, сурет салу, ертегі құрастыру сияқты әдістер тиімді. Оқушы ойынға тәуелділік туралы ақпаратты жеңіл қабылдайды. Ал жоғары сынып оқушыларына нақты өмірден алынған мысалдар көрсетіп, фильмдер көрсеткен дұрыс. Оларды ашық әңгімеге, пікірталасқа тарту қажет. Сонымен қатар топтық тренингтер мен тәжірибелік сабақтар да жақсы нәтиже береді.
Ең маңыздысы – баланы қорқытып, ұялтпау. Керісінше, сенім орнатып, қолдау көрсету қажет. Егер бала ата-анасымен ашық сөйлесе алса, ол ойынға тәуелді болудан да сақтанады. Сонымен бірге ата-аналармен де жұмыс жүргізу аса маңызды. Олар баламен сөйлесуді және қауіптің алдын алу жолдарын білуі керек. Тек мектеп емес, отбасы да бұл жұмысқа белсене араласуы қажет.
– Құмар ойынға тәуелді адамдар суицид туралы жиі ойлайды дедіңіз. Олардың өзіне қол салуы қаншалықты жиі кездеседі?
– Суицид – бұл тәуелділіктің ең ауыр және ең қауіпті салдарының бірі. Құмар ойынға тәуелді адамдарда мұндай ойлар өте жиі кездеседі. Өйткені бұл – адам өз-өзімен күресе алмай, тығырыққа тірелген кезде туындайтын психологиялық күйзелістің шегі.
Науқас ұтылған ақшасын, жоғалтқан уақытын, ойран болған отбасын, сатылып кеткен мүлкін, үміт артқан туыстарының сенімінен айырылғанын көргенде, өзін түкке тұрғысыз сезінеді. Ол өзін кінәлап, енді бұл жағдайдан шығатын жол жоқ деп ойлайды.
Осындай ауыр эмоционалдық жағдайда адамда «мені ешкім кешірмейді», «мен бәріне ұяттымын», «мен тірі жүргенде бәріне зиян келтіремін» деген ойлар қалыптасады. Бұл – суицидтік ойлардың классикалық белгілері. Мен сізге өз тәжірибемнен нақты мысал келтірейін. Пациентім – Анатолий (есімі өзгертілді) – арнайы техникалық жоғары білімі бар маман, жақсы жұмыс істеген. Отбасы болған. Бірақ құмар ойынға салынып, көп қарызға кіріп кеткен. Әйелі кетіп қалады, үйінен айырылады, жұмысынан шығарылады. Бір күні ол маған келіп: «Мен ешкімге керек емеспін. Өмірімнің мәні қалмады. Тек сізге келіп отырмын. Соңғы рет», – деді. Осы сөздерден кейін мен дереу туыстарын шақырып, оны психиатриялық стационарға жатқызуға кеңес бердім. Себебі бұл – нақты суицид қаупі бар жағдай еді. Сондықтан лудомания диагнозы қойылған адамның мінез-құлқында күрт өзгеріс байқалса, мысалы, ол тұйықталып кетсе, жақындарымен сөйлеспей қойса, өзіне ештеңе қажет емес екенін айтса – бұл дабыл қағуды талап етеді. Мұндай жағдайда міндетті түрде психиатр маманға жүгіну қажет. Ал егер нақты суицид қаупі байқалса, науқасты жедел түрде стационарға жатқызу керек.
– Суицидтік қауіп туындағанда шұғыл көмекті қалай ұйымдастыру керек?
– Егер адам суицид туралы ашық айтып жүрсе немесе оның мінез-құлқында нақты белгілер байқалса, ең алдымен, бір сәтке де жалғыз қалдырмау қажет. Мұндай жағдайда туыстары немесе жақындары дереу әрекет етуге тиіс.
Бірінші қадам – учаскелік дәрігерге хабарлау. Егер жағдай күрделі болса, яғни адам өз-өзіне зиян келтіруі мүмкін екені анық байқалса, жедел жәрдем шақыру міндетті. Көпшілігі психиатриялық көмек бригадасы дегеннен қорқады. Бірақ бұл өте маңызды қадам. Өйткені мұндай жағдайда тек маман ғана дұрыс шешім қабылдай алады. Егер науқас келісім бермесе, бірақ суицид қаупі жоғары болса, туыстары дәрігерлерге оның жағдайын ашық айтуы керек. Мамандар шұғыл түрде психиатриялық бригада шақырып, науқасты стационарға жатқызады. Бұл – адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайды елеусіз қалдыруға болмайды. Құмар ойынға тәуелділіктің ең ауыр салдарының бірі – дәл осы суицид. Оның алдын алуға тек кәсіби мамандар ғана көмектесе алады.
– Ал емдеу орталығын қалай дұрыс таңдауға болады?
– Емдеу орталығын таңдау кезінде ең алдымен ондағы мамандардың кәсіби деңгейіне назар аудару керек. Яғни, орталықта жоғары білімі бар психиатрлар, психотерапевтер, наркологтар жұмыс істейді және олар тәжірибелі мамандар болуы керек. Сонымен қатар орталықтың мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан, барлық рұқсат құжаттары мен лицензиясы болуы шарт. Бұл – орталықтың заңды түрде жұмыс істеп жатқанын, емдеу әдістері ресми түрде мақұлданғанын білдіреді.
Қазір лудоманияны емдеумен айналысатын жеке орталықтар да көбейіп жатыр. Бірақ оларға жүгінер алдында өте мұқият болған жөн. Орталықтың кәсіби деңгейін тексеру үшін ең алдымен олардың мамандары туралы ақпарат сұраған дұрыс. Қандай сертификаттары бар, қай жерде оқыған, қанша жылдан бері жұмыс істеп жүр – соның бәрін анықтап алыңыз. Сонымен қатар орталықтың мүмкіндігінше ұзақ уақыт бақылау жүргізетінін, тек дәрі беріп қоя салмай, психотерапиялық көмек те көрсететінін нақтылау қажет. Себебі лудомания – тек дәрі-дәрмекпен емес, кешенді психологиялық көмек арқылы емделетін тәуелділік. Мүмкіндік болса, алдын ала сол орталықта ем қабылдаған адамдардан пікір сұрап, нәтижелерін біліп алған жөн. Бұл да маңызды көрсеткіш.
– «Қысқамерзімді курс» немесе «3 күнде емдейміз» деген орталықтар қаншалықты сенімді?
– Иә, қазір лудоманияны емдейтін жеке орталықтар да бар. Бірақ кейбірінде мамандар тек тренингке немесе қысқа курстарға ғана қатысып, өздерін психотерапевтпін деп таныстырады. Мұндай мамандарға сақтықпен қараған дұрыс. Науқастың қауіпсіздігі үшін нақты мынадай құжаттарды талап ету керек: жоғары медициналық білімі туралы диплом, психиатр, нарколог немесе психотерапевт мамандығын растайтын сертификат, медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беретін лицензия. Осы құжаттары бар мамандарға сенім артуға болады.
Егер орталық өздерін «біз үш күнде лудоманияны толық емдейміз» деп жарнамаласа, бұл шындыққа еш жанаспайды.
Лудомания – тәуелділіктің өте күрделі түрі. Бұл ауру бірнеше жыл бойы дамиды. Оны үш күнде немесе бір аптада емдеп шығару – мүмкін емес.
Кей орталықтардың осындай жалған уәде беретінін естиміз. Бірақ шын мәнінде олар бір-екі психотерапиялық сеанс қана өткізеді немесе аздап дәрі береді. Мұндай қысқа уақыттық «емдеу» еш нәтиже бермейді, ал науқастың өзі және оның отбасы уақытын, қаржысын жоғалтады.
Лудоманияны емдеу – ұзақ және кезең-кезеңімен жүретін процесс. Мұнда кешенді тәсіл қажет: дәрі-дәрмек, психотерапия, отбасылық жұмыс, топтық тренингтер. Тіпті, емделушінің ынтасы өте жоғары болса да, бәрібір бірнеше апта немесе бір ай қажет болады. Сондықтан «3 күнде тәуелділіктен құтқарамыз» деген жарнамаға алданбаңыздар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ