Бұқаралық спорт неге дамымай отыр?

Бүгін, 16:45 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: istockphoto.com

Өткен жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айрықша назар аударылды. «Бұқаралық спортты дамытуға көбірек көңіл бөлу қажет. Мұнсыз салауатты жастарды тәрбиелеу және бүкіл халықтың денсаулығын нығайту мақсатына қол жеткізу мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінде елімізде 8 миллионға жуық адам немесе халықтың 40%-дан астамы спортпен айналысады. Бұл – оң көрсеткіш. Алайда министрлік бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр, яғни спортпен айналысатын халық санын 10 миллионға жеткізу міндеті қойылған.
Министрлік бұл мақсатқа жету үшін халық­тың өзіндік мүддесі жоғары болуы керек екенін атап өтеді. Себебі спорттағы жетістік – тек медаль мен марапат емес, ең алдымен адамның өзіне, ден­саулығына, тәртібіне деген жауапкершілігі. Бұқара­лық спорт – адамның күнделікті өмірінде тұрақты серігіне айналуға тиіс. Қазақстанда салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған нақты жобалар кезең-ке­зеңі­мен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде халыққа тікелей әсер етіп жатқан тиімді әрі қолже­тім­ді бастаманың бірі – «Қолжетімді спорт» жобасы.
БАҚ-та жарияланған деректерге сүйенсек, еліміздің көптеген өңірінде іске асып жатқан бұл бағдарлама спорт әуесқойларына ашық аспан астында тегін жаттығу жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, скандинавиялық әдіс бойынша серуендеу, жүгіру, гимнастика, йога, фитнес, стрит-воркаут, үстел теннисі, қыс мезгілінде шаңғы және конькимен сырғанау сынды бағыттар бойынша жаттығулар ұйымдастырылып жүр. Ең бастысы – бұл қызметтердің барлығы тегін, әрі кез келген адам қатыса алады.

Мәселенің мәнісі

Ресми есептерге қарамастан, ел спорты­ның ең үлкен көрсеткіші саналатын Олим­пиада ойындарындағы нәтижелер көңіл көншітпейді. 2020 жылы Токиода, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойында-
р­ында Қазақстан құрамасы бұрынғы жыл­дар­­мен салыстырғанда әлсіз нәтиже көр­сетті. Халықаралық спорт аренасындағы бәсекеге қабілеттілігіміздің төмендеуі – қоғамда орын­ды сын тудырып отыр. Қаржы бар, қол­дау бар, алайда нәтиже жоқ. Бұл – жай сәй­кестік емес, терең талдауды қажет ететін жүйе­лік мәселе. Зерттеу мәліметтері бойын­ша, Қазақстан жоғары нәтижелі спорт түр­леріне бөлінетін қаржы көлемі жағынан Орталық Азия елдерінен ғана емес, Канада, Нидерланд, Норвегия секілді дамыған мем­лекеттерден де асып түседі. Алайда соған қара­мастан, еліміздің спортшылары Олим­пиадаларда жоғары орындарға қол жеткізе алмай келеді. Мәселенің бір ұшы – қаржы­ның тиімді игерілмеуі мен жүйелі сыбайлас жемқорлықта жатыр. Қаражатты басқару­дағы ашықтықтың болмауы, спорт саласын­дағы жоспарлау мен мониторингтің әлсіздігі ел спортының деңгейін төмендетіп отырған басты себептердің бірі ретінде көрсетілуде. Ең алаңдатарлық жайт – бұқаралық спортқа бөлінетін қаржының мардымсыздығы. Рес­ми деректерге сүйенсек, 340 миллиард теңге көлеміндегі жалпы спорт бюджетін тек 35 миллиарды ғана бұқаралық спортқа бағыт­тал­ған. Яғни, бұл – тоғыз есе аз көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарасақ, Нидерланд секілді елдерде бұқаралық спорт – жоғары нәтижелі спорттың негізі саналады. Ол елде спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 75 пайызға жуық. Ал Қазақстанда бұл көрсет­кіш – 40 пайыздың төңірегінде. Жоғары жетістікке жеткен елдердің тәжірибесі көр­сетіп отырғандай, алдымен бұқаралық спорт­ты дамыту қажет. Өйткені чемпион­дар – спорт сарайларында емес, аулада ой­нап, көше жаттығу алаңдарында шынық­қан балалардың арасынан шығады. Егер халық спортпен жаппай айналыспаса, ұлт­тық құ­ра­ма­ның сапасы да жақсармайды.
Мамандардың айтуынша, бұқаралық спорт­тың әлі тиісті деңгейде дамымауының негізгі себебі – спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі немесе тозуы, жоғары урбан­далу деңгейі. Оның салдарынан ауылдағы жас тұрғындар саны азаяды, кәсіби кадрлар­дың жетіспеушілігі туындайды, бұл, өз кезе­гінде, халыққа көрсетілетін спортқа қатысты қызметтердің саны мен сапасына теріс әсер етеді. Бұқаралық спортты халық арасында танымал ету бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыс­тарға қарамастан, халықтың көп бөлігі әртүрлі факторларға байланысты дене шынықтырумен және спортпен қамтылма­ған күйінде қалып отыр.
Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арнал­ған дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасы бұқаралық спортты қолдау мен инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды құжат болып есепте­леді. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің талдауына сүйенсек, бұл құжат­тың кейбір көрсеткіштері нақты нәтижеден гөрі формализмге құрылған. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымының жетіспеушілігі мен қаржының тиімсіз жұмсалуы ұлттық спорттың дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Тұжырымдамада белгіленгендей, жергілікті әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуге тиіс. Бұл – орта есеппен күніне үш іс-шара­дан келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік сарапшылары бұл көрсеткіштің шынайы жағдайға сәйкес келмейтінін асыра сілтелген  жоспарлар екенін атап өтуде. Мұн­дай көрсеткіштерді орындау үшін нақты сапа емес, есеп беру үшін іс-шаралар өткізіле­тіні алаңдатады.
Агенттік дерегіне сәйкес, елімізде зама­науи спорт нысандарының жетіспеушілігі, әсіресе өңірлерде, спортшылардың дайын­дық сапасын едәуір шектейді. Жүзу бассейн­дері, жабық спорт кешендері, жаяу жүргінші жолдары мен веложолдар – бәрі де жеткілік­сіз. Астана, Алматы, Түркістан және Алматы облыстары инфрақұрылым тапшылығы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл көрсет­кіш спортпен айналысқысы келетін халық­тың сұранысын толық қанағаттандырмай отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әсіресе легионерлерге бөлінетін қаржы кө-
л­емі­не алаңдаушылық білдіріп отыр. Мы­салы, еліміздегі ең қымбат футбол клуб­тары­ның бірі – «Астана» футбол клубының өзіне тие­сілі футбол академиясы да, тұрақты инфра­­құ­рылымы да жоқ. Соған қарамастан, клуб алты жылда 1,4 миллиард теңгені тек алаң­дар мен үй-жайларды жалға алуға жұмсаған. Бұл ретте жас футболшыларды дайындау, инфра­құрылым салу немесе академия ашу жұмыстары ескерусіз қалып отыр. Агенттік жоғары нәтижелі спорт сала­сындағы ашық­тық­тың жоқтығына да назар аударады. Хал­ық­аралық жарыстарға қаты­сатын спорт­шылар ашық іріктеу арқы­лы емес, жабық түрде таңдалады. Бұл – әділ бәсе­келестікке кедергі келтіреді және спорт­қа деген сенімді төмендетеді. Сонымен қатар процестерді цифрландырудың бол­мауы – басқарудағы басты кемшіліктердің бірі.

Балалар спорты – басты назарда

Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтай­да бұқаралық спортты, оның ішінде балалар футболын дамытуға ерекше назар аударды. Яғни, жеке кәсіпкерлерді балалар клубын қаржыландыруға шақыра отырып, жекемен­шік клубтарды көбейту керек деген ұсыныс айтты. «Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөз­ін­де. Осы ретте Алматы қаласында бала­лар мен жасөспірімдерге арналған футбол секциясын ашқан, Arlandar-Almaty футбол клубының жетекшісі Әлібек Шахбатыровты әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы осы клубтың франшизасын алып, Алматыда футбол клубын ашуға септігін тигізген.  «Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттің басты сая­саты болуы қажет. Мұны Президентіміз де айтып келеді. Себебі бүгінде ата-аналар тара­пынан «балаларымыз планшет пен смартфонға үйір болып кетті» деген сөздерді жиі естиміз. Ал спорт баланы тек смартфон­дағы пайдасыз видеолардан алшақтатып қана қоймай, денінің сау болып жетілуіне, сапалы адам болып өсуіне септігін тигізеді. Осыны ескере отырып, досым Асхат екеуміз футбол клубын аштық. Біз футбол клубы­мызда балаларды португалиялық әдіс 
бой­ынша үйретіп жатырмыз. Әйтсе де, мәсе­ле­лер де жоқ емес. Мәселен, стадиондарды жал­ға алу қиындықты тудырады. Алматыда стадиондар біршама бар дегенмен олар көбіне бос болмай жатады. Ал біз күніне екі рет жалдаймыз. Жалдау құны сағатына 15 мың теңге. Сонда біз күн сайын стадионды жалдау үшін 30 мың теңге жұмсаймыз. Таңғы секцияға 30 бала, кешкі жаттығуға 30 бала, барлығы 60 балаға футбол секциясын үй­ретеміз. Егер мемлекет тарапынан осындай біз секілді жаңа бастап келе жатқан кәсіп­керлерге қолдау білдірсе, біз секілді бала­лар­ды бұқаралық спортқа бейімдейтін жастар көп болар еді деген ойдамын», – дейді ол. 
Иә, бүгінде футбол – елдегі ең көп қа­тысу­шысы бар спорт түрі: 1 113 000 адам. Ар­тын­ша волейбол (767 000), баскетбол (540 000) және футзал (368 000) келеді. Бұл – командалық ойындардың бұқаралық спорт­тағы әлеуетінің зор екенін көрсетеді.

Бұқаралық спорттың 
әлемдегі орны

Дамыған мемлекеттерде бұқаралық спорт­қа айрықша көңіл бөлінеді. Мәселен, Финляндия халқының 70 пайызы апта сайын спортпен шұғылданады. Ал Жапония­да мектеп оқушыларының 90 пайызы қандай да бір спорт секциясына барады. Нор­вегияда спорт тек кәсіби бағыт емес, күн­делікті өмір салтына айналған.  Қазіргі заманда дене шынықтыру мен спортты дамы­ту тек инфрақұрылым мен қаржылан­дыруға ғана емес, ақпараттық қамтамасыз етуге де тікелей байланысты. Жетекші мем­ле­кеттердің тәжірибесі спорт саласында жүйе­лі ақпарат тарату мен ғылыми ресурс­тарды қолдану қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп отыр. Бұл – тек хабар тарату емес, ұлттың спорттық мәдениетін қалып­тастырудың маңызды құралы. АҚШ-тың дене шынықтыру мен спорт саласындағы ақ­параттық қамту тәжірибесі – әлем елдері үшін үлгі боларлық деңгейде. Жыл сайын елде 1 500-ден астам спортқа арналған кітап, 300-ден аса журнал жарық көреді. Бұл – спорт тақырыбының ғылыми және таным­дық тұрғыда терең зерделеніп, халыққа қол­жетімді екенінің көрінісі. Сонымен қатар ABC, NBC, CBS сияқты ұлттық телеарналар жылына 1 500 сағатқа жуық спорттық кон­тент таратады. Intimenet and Sports Programming Network секілді тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы спорттық арналар жылына 16 мың сағаттан астам уақытты спортқа арнап отыр. Мұндай көлемдегі ақпараттық қолдау тек спортшыларды ғана емес, бүкіл халықты ынталандырып, салауатты өмір салтына бағыттайды.
Ал Германияда бұқаралық спорт тек спорт ұйымдарының ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың да басты назарында. Әсіре­се, елдің Отбасы, қарттар, әйелдер және жас­тар істері жөніндегі министрлігі дене бел­сенділігін бүкіл қоғамға қолжетімді ету бағытында нақты әрі нәтижелі жобалар жүзеге асырып отыр.  Министрлік іске асыр­ған бастамалардың бірі – «Қарттар қызме-
т­інде қозғалыс, ойын және спорт» жобасы. Бұл бағдарлама қарттар мен түрлі жас топ­тарының өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік белсенділігін қолдауға, денсаулығын ны­ғайту­ға бағытталған. Жобаның ерекшелігі – тек жаттығу ұйымдастыру емес, сонымен қатар арнайы іс-шараларды іріктеу, марапат­тау, ынталандыру жүйесін енгізуінде. Бұл бастамалар тек идея деңгейінде қалмай, қо­мақты мемлекеттік қолдауға ие. Мысалы, бір ғана жоба үшін 40 000 неміс маркасы бөлінген. Мұндай қолдау – спортты халық­тың әр тобына жақындатудың нақты жолы. Мемлекеттік жобалармен қатар, Германия­ның спорт қауымдастығы да бұқаралық спортты дамытуда белсенді рөл атқарады. Ел көлемінде өткізілетін «Шыңдал», «Спорт баршаға», «Бірлестікте спортпен айналысқан дұрыс» сынды ауқымды қозғалыстар мен марафондар – дене белсенділігі мен спорт­тық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айнал­ған.  Сонымен қатар жүгіру, жүзу, велоспорт, шаңғы тебу, жаяу серуендеу сияқты бағыт­тарда тұрақты жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Бұл іс-шаралар тек кәсіби спорт­шыларға емес, барлық ниет білдірушілерге ашық, яғни инклюзивтілік пен қолжетімділік қағидаттарын ұстанады. 
Финляндияда спорт тек физикалық жат­тығу емес, сонымен қатар ғылыми бағыт ретінде қарастырылады. Елде спорттық ғылыммен айналысатын ұйымдарға мемле­кет­тік қаржыландыру тікелей жүргізіледі және бұл құқық заңмен бекітілген.   Сонымен қатар мамандарды даярлау жүйесінде ғылы­ми зерттеулерге кемінде 20 пайыз уақыт бөлінеді. Бұл – спортты ғылыми негізде дамытуға деген жоғары жауапкершіліктің дәлелі. Мемлекет меншік түріне қарамастан, барлық ғылыми зерттеу жүргізетін спорт ұйымдарына қолдау көрсетеді. Францияда спортты насихаттау үшін ұлттық телеарна­лар жыл сайын 1,3 миллиард франк көле­мінде қаржы бөледі. Бұл қаражат спорттық бағдарламалар түсіруге, жарыстарды тікелей эфирде таратуға, спортшылардың жетістігін көпшілікке көрсетуге бағытталған. Ақпарат­тық кеңістікте спорттың үнемі көрініс табуы – қоғамның спортқа деген қызығушы­лығын арттырып, бұқаралық деңгейде қатысуға ынталандырады. 
АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Аус­тралия және Еуропаның басқа да дамыған елдерінде спортпен тұрақты түрде шұғыл­данатын халықтың үлесі 60 авйызға жуық­тайды. Бұл – әрбір екінші азаматтың сала­уатты өмір салтын ұстанатынын білдіреді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 40 пайыздан сәл ғана асады. Яғни, алдыңғы қатарлы ел­дерде бұқаралық спорт азаматтардың күн­делікті өмірінің бір бөлігіне айналса, бізде бұл бағыт әлі де қосымша ынталандыруды талап етеді. 
Жаһандық тенденциялар көрсетіп отыр­ғандай, бұқаралық спортты дамытудың бола­шағы – оны барлық тұрғындарға қол­жетімді ету, өмір сапасын арттыруға қызмет ететін құралға айналдыру. Қазақстан да осы бағытта даму үстінде. Алайда көрсеткіштер мен халықаралық стандарттарды салыстыра отырып, әлі де жүйелі, кешенді шаралар қа­был­дау қажеттілігі анық байқалады. Иә, бұ­қара­лық спорттың дамуы тек жаттығу зал­дар­ын көбейту мен секция ашумен шектел­мейді. Бұл – мәдениет, ғылым, ақпарат және мемлекеттік саясат үйлесім тапқан жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізетін сала.   Еліміз де осы тәжірибелерден үлгі ала отыр­ып, бұқаралық спортты дені сау, белсенді қоғам қалыптастырудың стратегиялық құралына айналдыра алады.
Бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулы­ғы мен ел болашағының кепілі. Қолжетімді инфрақұрылым, қолайлы жағдай мен заң­намалық қолдау – осы бағыттағы оң өзгеріс­тердің бастауы. Алдағы жылдары бұл жұмыс­тар ауқымын кеңейтіп, ауыл-аймақтар мен шалғай өңірлерді де қамтитынына сенім мол. Салауатты ұлт – табысты елдің тірегі екенін ұмытпаған жөн.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру және спорт­ты дамытудың тұжырымдамасы аясында ел халқының кемінде 50 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылдануға тиіс. Бұл стра­те­гиялық мақсатқа қол жеткізу үшін рес­публика көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жергілікті және орталық деңгейде қабылданып жатқан бағдарламалар азаматтардың спортпен шұғылдануына кеңі­нен жол ашуда.  «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген соңғы өзгеріс­тер халыққа спорт инфрақұрылымын қол­же­тімді етуге баса назар аударуды көздейді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде қазір 13 мыңнан астам спорт нысаны тіркелген. Оның 6 мың­нан астамы бұқара халық үшін тегін немесе жеңіл­детілген негізде қызмет көрсетеді. Бұл – денсаулықты нығайтып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Елі­міздің ірі қалаларында – Алматы, Астана, Шым­кентте бұқаралық спорт инфрақұры­лымы ерекше қарқынмен дамып келеді. Ашық спорт алаңдары, фитнес-парктер, жүгіру жолақтары мен стрит-воркаут орын­дары қала тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға ыңғайлы жағдай туғызуда. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігінің дерегі бойынша, соңғы екі жылда қалада 500-ден астам ашық спорт алаңы салынған. Бұл алаң­дарда тұрғындар футбол, стритбол, воркаут, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен те­гін айналыса алады. Мұндай жобалар азаматтардың белсенділігін арттырып, қала мәдениетінде спортқа деген қызығушылықты өсіріп отыр. 

Наурызбек САРША

Тэгтер:

дамыту бұқаралық спорт