Әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет пайда болуы мүмкін. Париж маңындағы Буживальде өткен келіссөздерде Франция мен Жаңа Каледония өкілдері аралдың жаңа мәртебесі туралы тарихи келісімге қол жеткізді. Бірақ бір ескерер жайт – ол БҰҰ құрамына кірмейді, яғни толық тәуелсіз болмайды.
Тәуелді тәуелсіздік
Францияға қарасты Тынық мұхитындағы архипелаг Жаңа Каледония енді мемлекет атанбақ. 12 шілдеде Елисей сарайында Эммануэль Макрон Франция мен Жаңа Каледония арасындағы жаңа конституциялық келісімді бекітті. Президенттің өзі бұл келісімді «сенім ойынының жеңісі» деп атап, Жаңа Каледонияны мемлекет деп ресми мойындады. Алайда бұл мемлекет Францияның бақылауынан толық шықпайды. Келісім бойынша, Жаңа Каледония Франция Конституциясының XIII-бөліміне енгізілген жаңа конституциялық заң арқылы мемлекет мәртебесін алады. Les Nouvelles Calédoniennes басылымының хабарлауынша, Жаңа Каледония азаматтығы құрылатын болды, бірақ бұл азаматтық француз азаматтығымен қатар жүреді.
Әйтсе де, жаңа мемлекет өз сыртқы саясатын жүргізуге құқылы. Бұл оның халықаралық қауымдастық тарапынан дербес мемлекет ретінде мойындалуына жол ашуы мүмкін. Бірақ бір ескерер жайт – ол БҰҰ құрамына кірмейді, себебі толық тәуелсіз емес.
Осы келісім күшіне енуі үшін алдымен Француз парламенті Конституцияға өзгеріс енгізетін арнайы заң жобасын қабылдауға тиіс. Келісімнің соңғы және ең маңызды кезеңі – 2026 жылғы ақпанда Жаңа Каледонияда өтетін референдум. Бұл референдумда жергілікті халық жаңа келісімді қолдай ма, жоқ па – соған байланысты аралдың болашағы шешіледі.
Алайда сарапшылар да, келіссөзге қатысқан тараптар да референдум оңай болмайтынын мойындайды. Тәуелсіздікті қолдайтын қозғалыс та, Франциямен одақтас болуды қалайтын лоялистер де бұл келісімде өз мақсаттарына толық жете алмады. Әр тарап біршама шегініске баруға мәжбүр болды. Сондықтан бұл референдумның нәтижесі мүлдем болжауға келмейтін оқиға болуы мүмкін.
Халықтың ойы бір жерден шықпайды
Жаңа Каледония – Францияның 1853 жылдан бері отарында келе жатқан аймақ. Мұнда тұратын байырғы халық – канактар. Франция бұл аралды әскери-стратегиялық тұрғыдан да, никель секілді табиғи ресурстары үшін де маңызды санап отыр. Архипелаг әлем бойынша никель өндірісі жағынан алғашқы үштікке кіреді. Бұл металл – болашақ технологиялар мен аккумулятор өндірісінің негізгі шикізаты. Алайда кейінгі жылдары никель нарығындағы дағдарыс пен өндірістегі құрылымдық проблемалар Жаңа Каледонияны экономикалық рецессияға ұшыратты. Француз үкіметі жергілікті зауыттарға субсидия беріп келеді, бірақ бұл жағдай тұрақты даму тетігі емес екені анық.
1980 жылдардан бері канак ұлтшылдары тәуелсіздікке ұмтылып келеді. Бірақ байырғы халық ешқашан өз болашағын шешуге толық мүмкіндік алған емес. Бұл күрес қан төгіске де апарған: 1988 жылғы Оувеа аралындағы қақтығыста ондаған адам мерт болған. Франция мен жергілікті қозғалыстар арасында қол жеткізілген Нумеа келісімі Жаңа Каледонияға біртіндеп өзін-өзі басқару құқығын берді және болашақта референдум арқылы мәртебесін анықтау жолын ашты.
Бұл шешімге дейін Жаңа Каледония бірнеше ай бойы толқулардан көз ашпаған еді. 2024 жылдың көктемінде Париждің ұсы-
нысымен сайлау реформасы қолға алынды. Бұл реформа бойынша кейінгі 10 жылда аралда тұрып жатқан француздарға сайлау құқығы берілмек болған. Бұл канак халқының саяси салмағын азайтатын өзгеріс
еді.
Қазір канактар – арал халқының 40 пайызы (жалпы халық саны – шамамен 270 мың). Бірақ француз мигранттарының көбеюі мен оларды саяси процеске тарту байырғы халықтың ғасырлар бойы жалға-
сып келе жатқан автономия және дербестік үшін күресіне үлкен соққы болды. Бұл наразылықтар көптеген қалада полициямен қақтығысқа, инфрақұрылымның бұзылуына және жаппай толқуларға ұласты.
2018, 2020 және 2021 жылдары үш рет елде тәуелсіздік жөнінде референдум өткен. Алғашқысында – 43 пайыз, екіншісінде – 47 пайыз тәуелсіздікті қолдап дауыс берді. Ал 2021 жылы 96 пайызы Франция отарында қалуды қолдап дауыс бергенімен, бұл нәтижені канак қауымдастығы мойындамады. Себебі олар коронавирус пандемиясын сылтауратып референдумға қатыспаған болатын.
Жаңа Каледония мемлекет атануға бір қадам жақындады. Бірақ бұл мемлекет толыққанды еркін бола ма, әлде Францияның жаңа форматтағы иелігіне айнала ма, оны алдағы референдум мен парламент шешімі көрсетеді. Дегенмен аз ғана халқы бар алақандай арал үшін осы қадамның өзі тарихи сәт ретінде бағаланып отыр.