Қай ел болса да ұлттық қауіпсіздік бірінші орында тұратын мәселе. Сондықтан елдің қауіпсіздігіне жауап беретін органның атқаратын жұмысы әрқашан ауқымды және маңызды болады.
Қазақстан бейбіт өсіп-өркендеуді қалайтын бейбітсүйгіш ел. Бірақ ел сондай екен деп қылмыскерлер қарап отырмайды, олар лаңкестік әрекеттер жасауға, есірткі заттар таратуға, ұйымдасқан түрде түрлі қылмыс жасауға әрекеттенеді. Міне, осының алдын алып, қылмысын әшкерелеуде Ұлттық қауіпсіздік комитеті әрдайым зор нәтиже көрсетуде.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің соңғы екі жылда атқарған жұмыстарына назар салсақ, олардың ел қауіпсіздігі үшін қандай жанкешті еңбек етіп жатқанын көрер едік.
Өткен жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атқарған жұмыстары туралы есеп берген Ермек Сағымбаев комиеттің бір жылда 4 террористік актінің алдын алғанын, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталғанын, тағы 44 адамның ұсталғанын айтқан болатын. Сонымен бірге лаңкестік күдікті ретінде іздеу салынған 6 қазақстандық азамат Түркия мен Сириядан елге әкелініп, олардың екеуі сотталған. Бұдан бөлек, терроризм мен экстремизмге қатысы барлығы анықталған 824 шетелдік Қазақстанға кіргізілмеген.
Ішкі істер министрлігімен бірге жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 19 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, 60 адам қамауға алынған. Сондай-ақ заңсыз айналымда жүрген 505 дана атыс қаруы, қолдан жасалған 5 дана жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш зат және 15 046 дана оқ-дәрі тәркіленген. Бұдан өзге, есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылып, 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәр шикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленіп, оларды заңсыз айналымға шығаруға қатысқан 162 адам сотталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында 1,6 триллион теңгеден астам қаражаттың талан-тараж болуының алды алынып, бюджетке 315 миллиард теңге қайтарылған және сыбайлас жемқорлық әрекетке барған 46 адам сотталған. Мемлекеттік шекарада 55 мыңға жуық құқық бұзушы ұсталып, 1 300-ден астам қылмыстың жолы кесілген. Сонымен бірге шекара арқылы 18 миллиард теңге көлемінде валюта мен құны 66 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге тосқауыл қойылды және 20 заңсыз көші-қон арнасы тоқтатылды. Ал киберқауіпсіздік шаралары бойынша, Комитет мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жасалған 552 миллионнан астам кибершабуылды және 6 мың DDoS-шабуылды тойтарыпты.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев жақында Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында биылғы жарты жыл ішінде комитеттің атқарған жұмыстары туралы айта келіп, мыналарды мәлімдеді:
Ұлттық қауіпсіздік органдарының материалдары бойынша, ағымдағы жылы террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталған, сондай-ақ 23 адам әлі тергелуде. Діни радикалдар ретінде күдікке ілінген 170 шетелдік елімізге кіргізілмеген. Жасалмақшы болған екі террористік актінің алды алынған. Оның бірі Ақтау қаласында тоқтатылса, екіншісінің шетелде жолы кесілген.
Жыл басынан бері ҰҚК 800 кг астам синтетикалық есірткі мен 13 тоннадан астам химиялық реагентті заңсыз айналымнан алып, 16 жасырын зертхана, сондай-ақ 24 халықаралық және 17 өңірлік есірткі арнасын жойған. Шекара режимі мен аумақтық су ережесін бұзған 17 мыңнан астам адам анықталған. Ұзындығы 340 шақырымнан астам браконьерлік құрал тәркіленіп, 3 миллиард теңге шығынның алдын алды. 316 дана қару мен оқ-дәріні, 294 дана есірткіні, 268 дана діни әдебиетті алып өту әрекетінің жолы кесілген.
Бұлардың бәрі Қазақстан тұрғындарының қауіпсіздігі мен бейбіт өмір сүруі жолында атқарылып жатқан шаруалар. Дегенмен еліміздің әр азаматы жағымсыз әдеттерден аулақ, қылмысқа бастайтын жолдан қашық жүрсе елімізде тәртіп орнап, дамыған қоғамда еркін өмір сүруге кепілдік бар.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ