«Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті, Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет», – деген еді Мемлекет басшысы бұдан екі жыл бұрын сөйлеген сөзінде. Расында, бізде жаңалық ашып, патент алып жатқан ғалымдар бар да, бірақ сол жаңалықтардың өндіріске еніп жатқанын ести бермейміз.
Қазақстанда ғылым академиясы құрылғалы бері әр салада әлемдік маңызы бар ғалымдар шықты, олардың жетістіктері жайлы кезінде талай жазылды, сол сияқты еліміз тәуелсіздік алғалы бері де ғылым бір орында тоқтап қалған жоқ, дамып жатыр. Ғылымға талантты жастар келіп, зерттеулер жүргізіп, жақсы нәтиже көрсетіп жатқандар бар.
Мысалы, 2020 жылы жаһандық пандемия кезінде коронавируске қарсы вакцина ойлап тапқандардың алдыңғы қатарында қазақстандық ғалымдар да болды. Біздің ғалымдар жасап шыққан QazVac вакцинасы елімізде өндіріліп, екпе жұмыстары кеңінен жүргізіліп, сонымен бірге оны бірнеше ел сатып алып пайдаланды. Бұл біздің елдің фармокологиясының әлемдік дәрежедегі әлеуетін көрсетсе керек.
Бүгінде әлем жойылуы жүз жылға дейін созылатын полиэтилен материалдардан зардап шегіп отыр. Оның жер бетінінің экологиясына қауіп тудырып отырғаны жайында көп айтылады. Осы мәселені шешуде де еліміздің жас ғалымы үлкен табысқа жетті. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері, жас ғалым Нариман Қайырбеков полиэтилен пакеттерінің орнына биологиялық жылдам ыдырайтын материалды ойлап тапты. Ол крахмалдан тез ыдырайтын материал жасаудың жолын ойлап тапқан. Жас ғалым целлюлоза материалынан да жасауға болатынын айтады. Аталған екі материалдан жаңа әдіспен жасалатын материал суда тез еріп, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін көрінеді.
Негізі, мұндай жаңалық көп. Бірақ оның бәрі жайдан-жай болып жатқан жоқ, елімізде ғылымды дамытуға, қабілетті жастарды қолдауға мән беріліп отырғандықтан, бізде ғылыммен айналысатын жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстанда 2011 жылы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың саны 6,4 мың болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 8,1 мыңға жеткен. Демек, бүгінгі қазақ ғылымында даму, ілгерілеу көзге анық көрінеді дер едік.
Қай саланың да болашағы жастар десек, ғылымға келетін жастар орта мектеп оқушысы болып жүрген кезінен-ақ нәтиже көрсете бастайды. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында біздің оқушылар әлемнің беделді 7 пәндік олимпиадаларда (IMO, IPhO, IBO, IChO, ILO, iGeo, IOI) 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және 1 диплом жеңіп алса, 2024-2025 оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда 362 медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын, 127 күміс, 194 қола, сондай-ақ 48 Құрмет грамотасы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 119 медальға артық.
Міне, халықаралық пәндік олимпиадаларда биік тұғырдан көрініп жүрген жастарға алдағы уақытта ғылыммен еркін айналысуға мүмкіндік берілсе, олардың ізденістері еліміздің ғылымына, экономикасына зор әсер етіп, Қазақстанның ғылым-білімі дамыған алдыңғы қатарлы елге айналуына ықпалын тигізері сөзсіз.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ