Жаз айы басталғалы елімізде балалардың терезеден құлау фактілері жиілеп кетті. Тиісті органдар қанша дабыл қақса да, жазатайым оқиғалар қатары сиремей тұр. Ата-аналардың немқұрайлылығы балалардың денсаулығына зиян келтіріп, тіпті соңы қайғылы жағдайға ұласып отыр.
Мәселен, өткен аптада Астана қаласында бір күнде 4 бала терезеден құлап, екеуі қаза тапты. Балалар әртүрлі – 1-ден 16-қабатқа дейінгі биіктен құлаған. 10 және 16-қабаттан құлаған балалар алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Оның біреуі – 3 жаста, екіншісі – 6 жаста болған. Қалған екеуі оқиға орнынан жедел жәрдеммен балалар стационарына жеткі-
зілген. Олар көптеген дене жарақатын алған. Қазір балалар ауруханада. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап
отыр.
ТЖМ мәліметі бойынша былтыр еліміз бойынша осындай 196 оқиға тіркелген. Әдетте, мұндай жазатайым жағдай ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі екен. Мұндай қайғылы оқиғалар көп ретте балалар москит торларына сүйенген кезде болады, себебі бұл торлар салмаққа шыдамайды.
– Масаға қарсы торға ешқашан сенбе-
ңіздер. Олар баланы құлап кетуден сақтай алмайды. Құрметті ата-аналар, балаңызды бір сәтке назардан тыс қалдыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, – деп ескертті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жарты жылдың ішінде 46 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Олардың 13-і жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Мұндағы әрбір оқиға – статистика емес, бұл – бүтін бір отбасының тағдырын өзгерткен ауыр қайғы. Ең жиі зардап шегетіндер – мектеп жасына дейінгі балалар. Олар – өмірді жаңа танып жатқан, қауіп туралы түсінігі жоқ, қорғансыз жастағы сәбилер. Өкінішке қарай, ересектердің аз ғана уақыттық бейғамдығы орны толмас қайғыға әкеп соғады.
– Мұндай оқиғалардың басым бөлігі ауыр жарақаттармен аяқталады. Ең үлкен қауіп – бас пен ми жарақаттары, яғни бассүйек-ми жарақаттары. Мұның салдары өте күрделі болуы мүмкін. Бұл сөйлеу, қимыл-қозғалыс дағдыларының бұзылуы, когнитивтік қабілеттердің төмендеуі, жарақаттан кейінгі энцефалопатияның өршуіне, тіпті кей жағдайларда мүгедектікке алып келеді. Егер аяқ-қол, жұмсақ тіндер жарақаттанып, сүйек сынған болса, оған уақытылы әрі сапалы ем-шара көрсетілсе, жазылып кетеді. Жалпы, мұндай жағдайда әрбір минут маңызды. Біздің дәрігерлер дереу мультидисциплинарлық топ құрып, шұғыл әрі үйлесімді көмек көрсетеді. Команда құрамында реаниматологтар, нейрохирургтер, травматологтар, невропатологтар мен психологтар жұмыс істейді. Әр баланың өмірі үшін күрес жүреді, – дейді Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры Гүлнар Кулушева.
Дәрігердің айтуынша, ата-аналарға тек ақпарат беріп қана қоймай, нақты әрекет ету аса маңызды. Сол себепті де дәрігерлер балаларды қараусыз қалдырмаңыздар деп үндеу жасаудан жалықпайды.
– Терезелерге блокаторлар, қорғаныс торларын орнатыңыздар. Бұл – қарапайым әрі қолжетімді, осы арқылы сіз балаңыздың өмірін құтқара аласыз. Сондай-ақ жаңа тұрғын үйлерде терезеге қауіпсіздік құралдарын орнатуды заңнамалық деңгейде міндеттеу қажет деп есептеймін. Бұл – міндетті стандарт болуға тиіс. Мұндай талаптар заңмен бекітілмейінше, балалар тіпті үй жағдайында да қауіп-қатер аймағында қала береді. Халықаралық тәжірибе де заңнамалық, техникалық және ақпараттық шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр. Көптеген елде терезелерге қорғаныс құрылғыларын орнату – заң талабы. Ал өзімізге келсек, бізде ата-аналармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Балалардың психологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар ауда-
рылады. Мәселен, мектептер мен балалар мекемелерінде эмоционалды тұрақсыздық белгілері бар жасөспірімдер мен қауіп тобындағы балалар анықталып, олармен психологтар мен мамандар жұмыс жүргізеді. Бұл дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бала қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ міндет. Тек күшімізді біріктіре отырып қана біз қайғылы оқиғалардың алдын алып, ең қымбат – балалар өмірін сақтап қала аламыз, – дейді аурухана директоры.
Мұндай қайғылы жағдайлардың себептері де жиі қайталанады. Көп жағдайда бұл – баланың ересектердің назарынан тыс қалдыруы, сақтық шараларын ұмытуы. Кішкентай балаларда биіктіктен қорқу мен өзін-өзі сақтау түйсігі болмайды. Олар бәрін қызығушылықпен істейді. Балалардың қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілік – ересектердің мойнында. Ал қайғылы жағдай болса, бұл ата-аналар үшін үлкен психологиялық соққы. Бала аман қалса да, отбасы мүшелері өздерін кінәлі сезінеді, уайым мен күйзеліске түседі.
– Балалардың терезеден құлауының негізгі үш себебі бар. Біріншісі – ата-ананың баланы қараусыз қалдырып кетуі. Ересектер «Тез дүкенге барып келемін, мен келгенше ештеңе болмайды» деп ойлайды. Екінші себебі, терезеге блокатор орнатпауы, темір қоршаулар қоймауы. Үшіншісі, жиһаздарды терезеге жақын тұсқа қою. Бала жиһазға мініп, терезенің алдына шығып кете алады. Мен өз тәжірибемде бір баланың өз үйінің терезесінен бір емес, екі рет құлап кеткенін көрдім. Бала екі жағдайда да аман қалды, бірақ үшінші рет қайталанса соңы қайғылы жағдайға алып келмесіне кім кепіл? – дейді Ересектер және балалар травматолог-ортопед дәрігері Мұқағали Шерматов.
ТЖМ да балалардың терезеден құлау оқиғаларына алаңдаушылық білдіріп, ата-аналарды сақтық шараларына шақырып отыр.
– Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Москит торғa сенбеңіздер, ол баланы ұстап қала алмайды. Терезелерге арнайы құлыптар мен блокаторлар орнатыңыздар. Бала терезе алдына өрмелеп шықпау үшін жиһаздарды терезеге жақын қоймаңыздар. Әрбір осындай оқиға – трагедия, бірақ оның алдын алуға болады. Естеріңізде болсын, балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Балаларыңызға қамқор болыңыздар, – деп қауіпсіздік шараларын түсіндірді Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бас маманы Бексұлтан-Али Рахымбаев.
А.ЖОЛДАСБЕК