Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов боксшы Наталья Богдановаға 5 миллион теңге көлеміндегі сертификат табыстады.
"Бүгін өңірдің спортсүйер қауымы әлем кубогының иегері, белгілі боксшы Наталья Богдановаға құрмет көрсетті. Әсіресе, финалдық жекпе-жектің Астанада өтуі — ерекше символдық мәнге ие. Онда Наталья аустралиялық қарсыласын сенімді түрде жеңіп, қазақстандық бокстың жоғары деңгейін көрсетті. Бұған дейін де Наталья көп жетістікке жеткен. Айталық, ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азиада чемпионы. Бұл – Солтүстік Қазақстан халқы мақтан тұтатын айтулы жеңістер", – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сондай-ақ боксшының бапкері Дастан Кабденов те назардан тыс қалмады. Ол 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.
Айта кетейік, 1999 жылы туған Наталья Богданова спортқа кеш қосылғанымен, бүгінде танымал әрі табысты боксшылардың қатарында.
Жуырда Астанада өткен World Boxing турнирі аясындағы Әлем кубогында 70 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. Ал биыл наурызда ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті.