Ақмола облысында әйел ұлын күрекпен ұрып, саусағын сындырған

Бүгін, 11:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақкөл ауданында 14 жастағы ұлын күрекпен ұрған әйелге үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде болған. Әйел мас күйінде бақшада жұмыс істеп жүрген. Осы кезде ол ұлымен сөзге келіп қалған. Жасөспірім анасының музыкалық колонкасын рұқсатсыз алғанына наразы болған. Әйелдің айтуынша, ұлы айқайлап, ұрса бастаған соң, ол оны қорқытпақ болып күрекпен сес көрсеткен. Жасөспірім қолын тосып, күрек сол қолына тиген.

«Нәтижесінде оның саусағы сынған және қолынан жарақат алған. Мұны медициналық сараптама, жасөспірімнің өзі, анасы және куәгерлердің айғақтары растады. Сотта әйел кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Сот бұл жайтты және оның бұрын сотталмағанын ескерді. Алайда, қылмысты мас күйінде жасағаны ауырлататын мән-жай ретінде қаралды», – делінген хабарламада.

Сот әйелге бір жыл шартты жаза тағайындады. Оның мінез-құлқы пробациялық бақылауға алынды.

Тэгтер:

Бала ана күрек