Перизат Қайрат ісінде үш жәбірленуші сотқа келген жоқ

Бүгін, 11:24 / Алуа Арман
Ғаламтор

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгін мемлекеттік айыптаушылар сотқа үш жәбірленушінің процеске келмегенін хабарлады. Сонымен қатар, олардың кейбірімен байланыс орнату да мүмкін болмаған.

Отырыста мемлекеттік айыптау өкілі кеше, 17 шілдеде, сот үш адамды – жәбірленуші Курмаеваны және жәбірленушілер Жәлелов пен Бухарбаевтың өкілдерін мәжбүрлі түрде жеткізу туралы шешім шығарғанын еске салды. Алайда прокурордың айтуынша, мәжбүрлеп жеткізу мүмкін болмаған.

«Жәбірленуші Курмаева қоңырауларға жауап бермейді, тұрғылықты мекенжайы бойынша табылмады, туыстарымен де байланыс орнату мүмкін болмады. Жәлеловтың өкілі де байланысқа шықпайды және тұрғылықты жерінде жоқ. Ал Бухарбаев – Маңғыстау облысы қазынашылық департаментінің басшысы – еңбек демалысына шығып, Ақтөбе қаласынан тыс жерде жүр, онда байланыс құралдары мен интернетке қол жеткізе алмай отыр», – деп оқыды прокурор Мәдина Оразалина жұма күнгі сот отырысында.

Бұған қоса, мемлекеттік айыптаушы үш жәбірленушінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауаптарын жариялауға өтініш білдірді. Ол ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 372-бабына сүйеніп, жәбірленушілердің сот отырысына қатысуы мүмкін болмаған жағдайда мұндай шешім қабылданатынын айтты.

Нәтижесінде, сотта куәгерлердің жауаптары жарияланды. Барлығы да Перизат Қайраттың қорына ақша аударғандарын растады.

Тэгтер:

сот отырысы қайырымдылық қоры жәбірленуші Перизат Қайрат