«Саусағы сынып, миы шайқалған»: Қарағанды тұрғыны медбикені 20 минут бойы ұрып-соққан

Бүгін, 10:04 / Інжу Әлихан
скриншот

16 шілде күні Қарағандыдағы жекеменшік медициналық орталықтардың бірінде ер адам медбикеге шабуыл жасап, соққыға жыққан, деп хабарлады turkystan.kz сайты ekaraganda.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиғаның мән-жайын зардап шеккен қыздың анасы айтып берді.

Оның айтуынша, кешкі сағат төрттің шамасында үйіне қайтуға жиналып, бір зат алу үшін кабинетке кірген. Сол кезде орталықта ер адам болған. Ол әйелі мен балаларымен бірге келген. Артынша ер адам қыз кірген кабинетке кірмек болады. Бірақ бұл бөлме қызметтік болғандықтан, оны кіргізбеген.

Агрессияның басталған сәті бейнебақылауға түсіп қалды.

Тыйым мен ескертулерге қарамастан, ол есікті сындырып кірген. Бейнежазбада тек зардап шеккен қыз ғана емес, өзге де медицина қызметкерлері ер адамның ішке кіруіне кедергі келтіргені байқалады. 

«Ол қызымды 20 минут бойы ұрып-соқты. Екі саусағы сынған, миы шайқалған. Қолын тістеген. Қатыгездікпен ұрды. Қызым жылады, айқайлады, жалынып: «Мен жалғызбасты анамын, баламды өзім тәрбиелеп отырмын» деді. Бірақ ол тоқтамады. Қызымның ұзын шашын қолына орап тартып, жұлды. Шашының ортасы жұлынып қалған, басы қанға боялған. Қазір ол ауруханада жатыр», — дейді анасы Сәуле Тасмағамбетова көз жасын әрең тыйып.

Бірақ қызы ауруханаға жатқызылған соң да ер адамның отбасы тыныштық бермеген.

«Туыстары келіп, кешірім сұрап, арызды қайтарыңдар деп өтінді. Қандай кешірім? Арызды қалай аламыз? Енді олар оның жақсы күйеу, жақсы әке екенін айтып ақталып жатыр. Үш баласы бар екен. Ал ұрып жатқанда сол үш бала қарап тұрған. Ондай адамды әкелік құқығынан айыру керек», — дейді анасы.

Жәбірленуші жақ шабуылдаушының жазадан құтылып кетуінен қорқады.

«Олар оның Астанадан алған анықтамасы және эпилепсиямен ауыратынын, психикалық ауытқуы барын айтты. Қолдарында бір жапырақ қағазды бұлғап жүр. Бірақ күндіз жедел жәрдеммен алып кеткенде дәрігер «дені сау» деп диагноз қойған. Кешке ғана «есі дұрыс емес» деп психиатриялық ауруханаға жатқызып жіберген. Бұл не масқара? Ол жауапкершіліктен қашып құтылып кете ме? Ал енді менің қызым психологтың көмегін қажет етеді. Ол қалай өмір сүреді енді?, — деп ашынады анасы.

Оқиғаға қатысты өңірлік полиция департаменті түсініктеме берді.

Аталаған факт расталды. Күдікті расымен де психоневрологиялық орталыққа жатқызылған, қазір дәрігерлердің бақылауында. Жекеменшік медициналық мекеме қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция шабуыл жасаған ер адамның 42 жаста екенін анықтаған. Қылмыстың себебі әзірге белгісіз, тергеу анықтайтын болады. Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшылығы істі ерекше бақылауға алды, — деді полиция.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жәбірленуші қазір шұғыл нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайы — орташа ауыр, бірақ тұрақты.

Тэгтер:

Қарағанды ұрып-соғу медбике