Салықтық және кедендік тексеру нәтижесінде 2 млрд теңге бюджет шығыны анықталды

Бүгін, 09:36 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазақстанда салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Аудит қорытындылары Жоғары аудиторлық палатаның отырысында қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекеттік аудиторлар салықтық тексерулер саны мен қосымша есептеу сомаларының өсуіне қарамастан, жалпы тиімділіктің төмендегенін анықтады. Мәселен, қосымша есептеулердің 70%-ы кешенді тексерулер нәтижесінде орындалады. Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) негізінде жүргізілетін тексерулердің нәтижесі Мемлекеттік кірістер комитетінің шешімі бойынша жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер мен қылмыстық істер шеңберіне жүргізілетін жоспардан тыс тексерулерге қарағанда төмен болып шықты.

ТБЖ негізінде іріктеп алынған 900-ден астам кәсіпорынды тексеру кезінде тек 46 млрд теңге қосымша есептелген. Іріктеуді автоматтандыру жүйесі жеткілікті дәрежеде тиімді емес. 2024 жылғы І жартыжылдыққа арналған жоспардан салық төлеушілердің 61%-ы, II жартыжылдыққа арналған жоспардан 97%-ы алынып тасталған.

Жалған тауар әкелу қаупі бар

Кедендік тексерулер бойынша да тиімділік төмендеген. Салықтық есептеулердің 70%-ы сыртқы экономикалық қызметтің бір қатысушысына ғана тиесілі. Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізілетін тексерулер де жоспардан тыс тексерулерге қарағанда едәуір төмен деңгейде.

Аудиторлық қорытындыға сәйкес, кедендік әкімшілендіру тауарларды әкелу кезінде техникалық регламенттердің талаптарын ескере бермейді. Мәселен, 2024 жылы Түркиядан киім-кешек әкелетін алты ірі импорттаушы $145 млн-ға тауар әкелген. Олар ЕАЭО елдерінде берілген 150 сертификатты ұсынған, алайда оның 104-і ресми тізілімдерде тіркелмеген. Бұл нарыққа жалған тауар әкелу тәуекелі бар екенін көрсетеді және халық денсаулығына қауіп төндіреді.

Мониторинг жұмысындағы кемшілік

354 ірі салық төлеушіні мониторингтеу бойынша жұмыс жер қойнауын пайдаланушы 105 компанияға ғана қатысты тиімділігін көрсетті. Қалғандарына назар аудару қажет. Мәселен, есепті кезеңде тек

33 компанияға 35 хабарлама мен талап жіберілген. Соның небәрі алтауы нәтиже берген. Олар бойынша 643 млн теңге өндірілді. Бұл 249 ірі салық төлеушіден түсетін жалпы салық түсімдерінің 0,01%-ын ғана құрайды. Яғни мониторинг жұмысы жүйелеуді қажет етеді.

Қосымша құн салығы

2024 жылы 420 млрд теңге қосылған құн салығы уақытылы қайтарылмаған. Бұл шамамен 5 млрд теңгеге жуық өсімпұл есептелу қаупін тудырады. Сондай-ақ 375 млн теңге көлемінде негізсіз ҚҚС қайтару фактілері анықталды.

Аудиторлар Қазақстан ЕАЭО елдері арасында таңбаланатын тауарлардың саны жағынан артта қалып отырғанын атап өтті. Республикада әлі күнге дейін қандай тауарларды бірінші кезекте таңбалау қажет екенін көрсететін бекітілген әдістеме жоқ.

Тәркіленген темекі

Мысалы, 5 жыл бұрын темекі өнімдерін таңбалау енгізілді, алайда Қазақстанға заңсыз өнімдерді әкелу әлі де жалғасуда. 2024 жылы контрабандалық темекі өнімдерінің 16 млн астам қаптамасы тәркіленген. Бұл 3 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,5 есе көп.

Контрабандалық аяқ киім

Аяқ киімге қатысты екіұшты жағдай байқалады. Тауар импорты 4 жыл ішінде төмендеген, бірақ аяқ киімге арналған дайындамалар импорты 13 есе өскен. Ал оларды аяқ киім өндірмейтін, бірақ кейіннен өнімді жеке тұлғаларға сататын компаниялар жаппай әкеліп жатыр. Өндіріс көлемі аз бола тұра аяқ киімге арналған дайындамалар импортының жыл сайын артуы кедендік баждарды төлеуден жалтару мақсатында дайын аяқ киімді дайындамалар ретінде әкелу фактілерінің болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Таңбалау проблемасы

2024 жылы уәкілетті экономикалық операторларға құжаттарда дайын өнімдерді емес, таңбалануға жатпайтын дайындамаларды көрсету тиімді болды. Ал 2025 жылы мемлекеттік органдардың әкелінетін дайындамалардың көлеміне назар аудара бастағанын көріп, олар аяқ киімнің бөлшектерін де әкелуді тоқтатты. Басқаша айтқанда, аяқ киім нарығы толықтай «көлеңкеге» кетті.

Мемлекеттік кірістер комитеті таңбалау жүйесінің деректерін жеткілікті пайдаланбайды. Қазіргі уақытта қаптамалар сыртында Data Matrix кодтарының болмауы темекі өнімдерінің контрабандасын анықтауға мүмкіндік береді. Алайда осыған қарамастан, 2024 жылы арнайы мобильді қосымшаға темекі өнімдерінің контрабандасы бойынша 246 өтініш келіп түскен. Ал олардың бірде-біреуі бойынша жұмыс жүргізілмеген. Таңбалау әлеуеті толығымен пайдаланылмай отыр.

Қаржы министрлігінің оң есебі

Кемшіліктер мен проблемаларға қарамастан, Қаржы министрлігі 2024 жылы оң нәтижелер туралы есеп берді. Жоспардың орындалғаны туралы есеп беруге  жоспардың төмендетілуі есебінен салықтардың ЖІӨ-дегі үлесі 20,2%-дан 17,2%-ға дейін азайтылуы мүмкіндік берді. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы бұл көрсеткіш 19,6% болған.

Аудит қорытындысы:

747 млн теңгеге қаржылық бұзушылық;

2 млрд теңгеден астам сомаға кіріс бөлігі бойынша бюджет шығындары;

сондай-ақ 34 рәсімдік бұзушылық және 29 жүйелі кемшілік анықталды.

Жоғары аудиторлық палата анықталған барлық проблема бойынша ұсынымдар берді. Бұл жұмыс бақылауда болады.

Тэгтер:

Бюджет салық кеден шығын аудит