«Таза бейсенбі» акциясына 15 мыңға жуық тұрғын қатысты

17 шілде, 2025 / Дана Ізтілеуова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Акцияға партия мүшелерімен қатар жастар қанатының белсенділері және табиғатқа бейжай қарамайтын ел тұрғындары жұмыла қатысуда.

Бұл бастама – қоршаған ортаны сақтау, экологиялық мәдениетті нығайту және жұртшылықты туған өлкесіне жанашырлықпен қарауға үндейтін маңызды қадам. Ел аумағында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына тұрғындар белсене қатысып, бұл шара игі дәстүрге айналып келеді.

Абай облысы Аягөз ауданында акция аясында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. облысы Аягөз ауданында акция аясында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оның барысында Аягөз өзенінің жағалау аумағы қоқыстан тазартылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі іс жалғасын тапты. Тазалық жұмыстарына аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, партия мүшелері және белсенді тұрғындар атсалысты. Жалпы саны 90 адам бірігіп, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты. Өзен маңындағы шөптер шабылып, қураған бұтақтар мен ағаш қалдықтары жиналды. Жаяу жүргінші жолдары ретке келтіріліп, жағалау маңы абаттандырылды. Нәтижесінде, Аягөз өзенінің 1000 метр жағалауы қоқыстан тазартылып, 3 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.

Аталған бастама Алматы қаласының Наурызбай ауданында да кең қолдау тапты. «AMANAT» партиясының Наурызбай аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері мен коммуналдық қызмет өкілдерінің қатысуымен ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Ағаш бұтақтары санитарлық мақсатта кесіліп, шөп шабылып, тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындар тазартылды. Жиналған қалдықтар арнайы техника көмегімен полигонға жеткізілді. Жаяу жүргінші жолдары да мұқият тазаланып, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасалды», – деді белсенді Әлия Досбергенова.

Тазалау жұмыстарына барлығы 30 адам қатысып, 3 арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шара барысында ауданның бірнеше көшелері мен аулаларында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, нәтижесінде 100 текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Ал Жетісу облысында белсенділер тазалық жұмысын Панфилов ауданындағы «Бөлек батыр» саябағында ұйымдастырып, экологиялық іс-шара барысында 5 тонна қоқыс жинады. Сондай-ақ олар аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Бұл күні партия мүшелері мен белсенділері жасыл желекке бөленген саябақтарды тазалаумен қатар, ашық табиғи аумақтарды, соның ішінде су айдындарын қорғауға да айрықша көңіл бөлді. Экожүйенің әрбір құрамдас бөлігі – орман да, өзен де, саябақ та – халықтың игілігі. Сондықтан оларды ұқыппен күтіп ұстау – ортақ жауапкершілік.

Осы ретте Ақтөбе облысында экологиялық акция Қобда өзенінің аумағында өтті. Өзеннің жағасын тазалауға «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері, «Жасыл ел» еңбек жасағы мүшелері жұмылдырылып, жалпы саны 40-қа жуық адам қатысты. Сондай-ақ іс-шара барысында су ресурстарын қорғау идеясы кеңінен насихатталды.

«Қобда – 225 шақырымды алып жатқан өзен. Суы тұщы, жер суаруға, тоғанда құс, балық өсіруге пайдаланылады. Өзен жағалауы жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орны. Сондықтан өзен арнасын тазартып, қоршаған ортаға қамқорлық таныту аса маңызды», – деді аудандық мәслихат депутаты, «Жастар Рухы» ЖҚ-ның төрағасы Әлихан Біләлов.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастардың белсенділігі ерекше маңызға ие. Олар тек табиғатты аялауға үндеп қана қоймай, игі іске өздері де үлгі бола біледі. Бұл бағытта Шымкент қаласында ұйымдастырылған акция – соның нақты көрінісі.

Шымкент қаласының Тұран ауданында акцияға белсене атсалысқан жастар жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы әрі таза орта қалыптастырды. Көпқабатты үйлердің ауласында тазалық жұмыстарын ұйымдастырған 50-ге жуық адам аула маңындағы шашылған тұрмыстық қалдықтарды, қураған ағаштар мен арамшөптерді жинады.

«Бұрын қоқыс үйіліп жататын ауламыз қазір көз сүйсінетіндей таза әрі жайлы. Мұндай іс-шаралар көпқабатты үйлердің айналасын ретке келтіруге айтарлықтай көмегін тигізеді. Енді балаларымыз алаңсыз ойнай алады. Мұндай жұмыстар жиі өткізіліп тұрса, тұрғындар да тазалықты сақтауға үйренеді», – деді жергілікті тұрғын.

Солтүстік Қазақстан облысында да жалғасын тапқан акция жұмысында ауыл тұрғындары жоғары белсенділігімен ерекшеленді. Өңірдегі Ақжар ауданына қарасты Талшық ауылында көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарына «AMANAT» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары және елдімекенге бей-жай қарамайтын тұрғындар атсалысты. Ауылдың тазалығы мен тәртібі үшін жұмылған жұртшылық тазалық іс-шарасына бір адамдай қатысты.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл акция ел аумағында үздіксіз апта сайын ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. 600-ден астам ластанған аумақ – саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштер, тарихи-мәдени маңызы бар нысандар тазартылды. 15 мыңға жуық адам атсалысып, 2 000 тоннадан астам қоқыс жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.