Астанада бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың ісіне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ол бұған дейін Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінде кеңесші қызметін атқарған.
Сотта оның бұрынғы әйелі Карина Мамаш күйеуінің ұзақ жылдар бойы өзіне қатыгездік көрсеткенін және психологиялық, физикалық азаптауларға ұшыратқанын мәлімдеп, істі жабық қарауды сұрады. Себебі тыңдалымда жеке өмірге қатысты интимдік сипаттағы ақпараттар жария етілуі мүмкін.
Сотта прокурор Сәкен Мамашқа 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Еске сала кетейік, Карина Мамаш биыл 5 мамырда жұбайы әпкесімен бірге үйіне қонаққа келгенде өзіне қол көтергенін айтып, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке үндеу жолдаған. Осыдан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты елге кері шақыртты. Ал 9 мамырда Карина балаларымен бірге Астанаға оралды. Қауіпсіздік мақсатында ол дағдарыс орталығына орналастырылған.
Каринаның айтуынша, ол күйеуінен он жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келген. Енді ол әділдікке қол жеткізуді көздейді.