Семейде ер адам алаяқтық жолмен құны шамамен 7 миллион теңге болатын 26 жылқыны иемденіп алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Семей қаласының полициясына 43 жастағы шаруа қожалығы басшысының орынбасарынан арыз түскен. Ол 36 жастағы қала тұрғыны сеніміне кіріп, кейін сатамын деген сылтаумен алдап, 26 жылқыны иемденіп алғанын хабарлаған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы — 6 970 000 теңге.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол жасаған ісін мойындап, ұрланған малды сатып жіберіп, түскен қаржыны жұмсап қойғанын айтқан.
Аталған факті бойынша ірі көлемдегі алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге келу міндеттемесі тапсырылды.
Полиция мүлікке қатысты мәмілелерді ресми түрде, тиісті құжаттармен рәсімдеуді ескертеді. Мұндай істердегі сенгіштік елеулі материалдық шығындарға әкелуі мүмкін.