Француз дәрігерлері нан мен жарма денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін екертеді

17 шілде, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Француз дәрігерлері ауыр металл – кадмийдің азық-түліктердегі мөлшері халық денсаулығына қауіп төндіретінін айтып дабыл қағуда. Бұл улы зат көбіне нан, жарма, картоп және басқа да күнделікті тұтынылатын тағамдар арқылы адам ағзасына енеді, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Кадмий – адам үшін аса улы әрі канцерогенді металл. Ол табиғатта топырақ құрамында кездеседі және ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын фосфорлы тыңайтқыштарда бар. Осылайша, кадмий азық-түлік тізбегіне еніп, өнім арқылы адам денсаулығына әсер етеді. Сонымен қатар, темекі өнімдерінің құрамында да кадмий бар.

Францияның медициналық қызметкерлер қауымдастығы (URPS) мәліметінше, кадмийден адамдар көбіне тамақ арқылы уланады және бұл ең алдымен балаларға әсер етеді. Қауымдастық кадмийдің балалар ағзасына түсуі болашақта денсаулықтарына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл металл ең улы заттардың бірі саналады», – делінген француз үкіметіне 2 маусым күні жолданған ашық хатта.

Мамандар билікті топырақтағы және азық-түлік өнімдеріндегі кадмий деңгейін қатаң бақылауға алып, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып отыр.

Тэгтер:

дәрігер француз Нан қауіп