Microsoft компаниясы Candy Crush ойынымен танымал King студиясындағы 200-ге жуық IT маманын жұмыстан шығармақ. Бұл мамандар өздері жасап шыққан жасанды интеллект құралдарының кесірінен жұмыссыз қалмақ, деп хабарлайды turkystan.kz wccftech.com-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін басшылық «Сіздер жасанды интеллект жасайсыздар, ол мәнсіз бірақ міндетті жұмыстарды өз мойнына алады, ал сіздер шығармашылыққа көбірек көңіл бөлесіздер» деп уәде берген. Бірақ шындық басқаша болды: енді сол ЖИ шығармашылықпен де, код жазумен де айналысып жатыр, ал оны жасаған мамандар ұжымнан кетпек.
King студиясы Мicrosoft 2022 жылы сатып алған Activision Blizzard King (ABK) құрамына кіреді. King – компанияның мобайл нарықтағы орнықты өкілі. Бірақ Microsoft-тың соңғы айлардағы қысқартулары компанияның ЖИ саласында алда болуға деген ұмтылысынан туындап отыр. Есепке қарағанда, бұл үрдіс тек басы ғана: компания адам жұмысын толық ЖИ құралдарымен алмастыруды көздеп отыр.
«Level design бөлімін түгелдей қысқартты. Бұл ақылға сыймайды, өйткені біз бірнеше ай бойы сол бөлімге арнап деңгей жасауға көмектесетін құралдар әзірледік. Енді сол құралдар өзімізді алмастырып жатыр», – дейді атын атамаған қызметкер. Тағы бір дереккөздің айтуынша, копирайтинг бөлімі де түгелдей қысқартылып жатыр.
Бұдан бөлек, зерттеу барысында кейбір қызметкерлердің «көшбасшылық шешімдерге» ашық қарсы шыққаны үшін қысымға ұшырап жатқаны анықталған. Ал King студиясының HR-бөлімі туралы бір дереккөз оны «жұмысшыларды емес, компанияны қорғайтын құрылым» деп сипаттаған.