«Қолым істемей, сіңірім жыртылды»: Танымал әртіс емшіге бармауға шақырды

16 шілде, 2025 / Інжу Әлихан
Коллаж: Turkystan.kz

Әзіл-сықақ театрында «Шімән апа» болып танылған Ерболат Төлеген мануалист маманға барып, оң қолына зақым келгенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Ол желіге емшінің өзін аяусыз ұрып жатқан видеосын жариялап, көрсеткен.

«Құрметті ағайын, мынадай емшісымақтарға сенбеңіздер, өтініш. Әлеуметтік желіге салмап едім, қоймай біздің видеоларымызды инстаграмға салып, осыларды аяққа тұрғыздым деп жүр екен. Амал жоқ осы жазбаны жариялауға тура келді. Ойбай, Алматыға керемет мануалист келді деп балалар қоймай апарған ғой. Сөйтсем, YouTube-тен 4-5 видео көріп алып, аяқ астынан емші болып кеткендер екен ғой», - деді ол.

Әзілкеш мануалистің ісінен кейін қолдарын көтере алмай қалған және бірнеше жыл емін таппай жүргенін жазды.

 «Тап осы  емшісымаққа сеніп, барып жүрмеңіздер. Оң қолымды, яғни сіңірін жыртып жіберді. 2-3 жылдай оң қолымды жұмыс істете алмай қиналдым. Енді сол қолдың иығын көтере алмай қиналып жүрмін. 4-5 жылдай болды, әлі емін таппай жүрмін. Плазма терапияда, блакада да алдым, кетпейді. Айтарым, мұндай өтірік емшісымақтарға бармаңыздаршы. Өтініш. Мені бұғаттап тастапты», - деп жазды ашынған актер.

Оның айтуынша, аталған емші Шымкентте жұмыс істейді.

Тэгтер:

Шімән апа Ерболат Төлеген