Перизат Қайрат ісінде НЗМ оқушыларының ата-аналары жәбірленуші ретінде танылды

16 шілде, 2025 / Алуа Арман
Ғаламтор

Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) ата-аналар комитетінің мүшелері Перизат Қайрат ісі бойынша жәбірленушілер ретінде танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана қаласындағы НЗМ ата-аналар комитетінің өкілі Сауле Қуандықова бүгінгі сотта 2024 жылдың сәуір айында мектеп оқушыларының ата-аналары 901 855 теңге жинап, Перизат Қайраттың аударғандарын айтты.

«2024 жылы мен физика-математика бағытындағы НЗМ ата-аналар комитетінің төрайымы болдым. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу мақсатында ақша жинау бастамасын көтердік, себебі BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорының жарнамалық науқанына сеніп қалдық. Ата-аналар маған сенім артты, ал ақшаның мақсатты түрде пайдаланылмағанын білген соң, бұл қаражатқа толық жауапты екенімді түсіндім. Сондықтан оларды міндетті түрде қайтару қажет деп санаймын. Бұл қор жайлы біз көбінесе Instagram арқылы білдік. Онда қордың басқа да қайырымдылық істермен айналысқаны көрсетілген», – деді ол.

Қуандықованың айтуынша, ата-аналар қайырымдылыққа қатысуды тәрбиенің бір бөлігі деп түсініп, көмек көрсетуге белсенді қатысқан.

«Біз екі айдың ішінде көрсетілген соманы жинадық, алғашқы көмек берушілердің қатарында болуға асықтық, көмектің жылдам жетуін қаладық», – деді ол.

Тэгтер:

қайырымдылық қоры жәбірленуші Перизат Қайрат НЗМ