Жаңалықтар

Министр «Эйр Астана» ұшағына қатысты оқиғаға түсінік берді

ашық дереккөзі

Министр «Эйр Астана» ұшағына қатысты оқиғаға түсінік берді

Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Эйр Астананың» Алматыдан Дубайға бет алған ұшағына қатысты оқиғаға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Компанияда халықаралық стандарттарға сәйкес қауіпсіздікке жоғары талаптар қабылданған. Сондықтан да ұшақтағы техникалық ақауларға дабылдар болған кезде экипаж әуе кемесін бірден жерге қондырады. Осы орайда бұл жағдайда экипаж жұмысы өздерінің жоғары біліктілігін көрсетті»,-деді министр тілшілердің сауалына жауап беру кезінде. Оның сөзіне қарағанда, құрылғыдан дабыл белгісі көрінгенде, «Эйр Астана» экипажы ұшақты қондыру шешімін қабылдайды, себебі адамдар қауіпсіздігі бірінші кезекте тұр. Қазіргі кезде бұл факті бойынша тиісті тексерістер басталған көрінеді. «Шынымен де наурызда төрт жағдай орын алды. Жалпы жылдық статистиканы алып қарайтын болсақ, «Эйр Астана» бойынша айтарлықтай жақсы деңгейдегі жауапкершілікті байқауға болады. Сонымен қатар қауіпсіздік бойынша шаралары да жақсы деңгейде»,-деді Қасымбек. Ведомство басшысының атап өтуінше, соңғы бес жылда «Эйр Астана» қызмет көрсету және қауіпсіздік бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азия әуе компаниялары арасында алғашқы бестікке еніп отыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, 10 сәуірде Алматыдан Дубайға КС895 рейсін жасаған ұшақ техникалық ақаудың салдарынан Алматы әуежайына қайта оралып, 8:33-те қонды. Ұшқыш барлық халықаралық қауіпсіздік тәртібін сақтады. Борт басқа әуе кемесімен алмастырылды.