Шымкенттік боксшы Ыстықкөлге батып кетті

15 шілде, 2025 / Алуа Арман
Otyrar.kz

Әлеуметтік желіде Қырғызстанда болған қайғылы оқиға туралы ақпарат тарады. Шымкенттік 21 жастағы боксшы Ибрагим Ирисматов Ыстықкөлге батып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Otyrar.kz сайтының хабарлауынша, сол маңайда Қазақстанның 22 жасқа дейінгі боксшылар құрамасының оқу-жаттығу жиындары өтіп жатқан. Бұл жағдай мен жиындардың арасында байланыс бар ма деген сұрақтар туындады.

Шымкент қаласының спорт басқармасы Ибрагим Ирисматовтың қалалық Кәсіби бокс клубының (спорттық-сауықтыру кешенінің) спортшысы болғанын растады. Алайда ол Ыстықкөлдегі ресми оқу-жаттығу жиындарына қатыспаған.

— Жігіт Қырғызстанға жеке қаражатына, тек демалу мақсатында барған, және басқа базада тұрған, — деп нақтылады ведомство.

Қазақстанның бокс федерациясы да қайғылы жағдай кезінде ұлттық құраманың жоспарлы жиында болғанын, ал Ирисматовтың қатысушылар тізімінде болмағанын растады. Федерация бұл оқиғаның команда дайындығына еш қатысы жоқ екенін атап өтті.

Тэгтер:

боксшы суға бату Ыстықкөл