Алматы облысында жоғалып кеткен 10 жастағы бала табылды

Бүгін, 08:57 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Алматы облысы ПД

Алматы облысы Кеген ауданының полицейлері мен құтқарушылары түні бойы Ақтасты ауылы маңындағы таулы аймақта 10 жастағы баланы іздеді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, түн ортасында бала жоғалғаны туралы хабар түскен. Ол туыстарымен бірге тауға саңырауқұлақ теруге шығып, бірақ ересектерден қалып қойып, жолдан адасып кеткен. Жақындары өз күшімен іздеп көрген, алайда нәтиже болмаған соң, құқық қорғау органдарынан көмек сұраған.

- Кеген ауданының полицейлері мен құтқарушылары хабар түсе салып, шұғыл түрде іздестіруді бастады. Қиын жер бедеріне, түнгі уақыт пен аумақтың нашар көрінгеніне қарамастан, іздеу жұмыстарын тоқтатпады. Есіл еңбек еш кетпей, таң ата бала табылды. Қуанышқа орай, ол еш жарақат алмаған, аман-есен ата-анасымен қауышты, - деп хабарлады полиция департаментінен.