Кеген ауданының полицейлері мен құтқарушылары аяғынан тік тұрып, түні бойы Ақтасты ауылы маңындағы таулы аймақта жоғалған 10 жастағы баланы іздеп, аман-есен тапты, – деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияға түн ортасында хабар түскен. Белгілі болғандай, бала туыстарымен бірге тауға саңырауқұлақ теруге шыққан. Кенет ол ересектерден қалып қойып, жолдан адасып кеткен. Жақындары өз күшімен іздеп көрген, алайда нәтиже болмаған соң, құқық қорғау органдарынан көмек сұраған.
Бала таң ата табылды. Қуанышқа орай, ол еш жарақат алмаған, аман-есен ата-анасымен қауышты.