Перизат Қайрат 3 млн теңгені өзінің тісін емдеуге жұмсаған

14 шілде, 2025 / Алуа Арман
Ғаламтор

Перизат Қайрат ісі бойынша өткен сот процесінде прокурорлар оның тіс емдеуге, кілем сатып алуға және әуе билеттеріне қомақты қаржы жұмсағанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Прокурор Мадина Оразалинаның айтуынша, Перизат Қайрат «мүгедектігі бар балалардың ерекше күтім мен емдеуге мұқтаж екенін біле тұра, жанашырлық танытпай, жиналған қайырымдылық қаржысын анасы Гани Алашбаевамен бірге жеке қажеттіліктеріне жұмсаған».

Атап айтқанда, 5,5 миллион теңге банктегі шоттан қолма-қол ақшаға айналдырылған, ал 2 970 000 теңге Перизат Қайраттың шотынан Алашбаеваның шотына аударылған. Бұл қаражатты Алашбаева өз қалауынша пайдаланған.

«Сонымен қатар, Перизат Қайрат қоғамдық бірлестік шотынан 1 миллион теңгеге оңалту орталығына арналмаған кілем сатып алған. Сондай-ақ ол бір банктегі қоғамдық бірлестік шотынан тағы бір шотқа 11,7 миллион теңге аударып, соның 10 727 159 теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұған қоса, Перизат Қайрат қоғамдық бірлестік шотынан 243 464 теңгеге түрлі заттар сатып алған, олардың ішінде Air Astana әуе билеттері мен «Гастроном» супермаркеті және басқа да дүкендерден алынған азық-түлік бар», – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, бұдан бөлек, Перизат Қайрат 577 000 теңгені өзінің жеке шоттарына аударған.

«7 128 500 теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған, 3 290 000 теңге стоматологиялық қызметтерге төленген», – деп толықтырды Оразалина.

Тэгтер:

қайырымдылық қоры Перизат Қайрат