Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады

12 шілде, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

12 шілде күні Қазақстанның 16 өңірінде ауа райы туралы дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар аймақтарында найзағай, бұршақ, екпінді жел, қатты ыстық және жоғары өрт қаупі болжанып отыр.

Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында күндіз ауа температурасы +35…+40 градусқа дейін жетеді. Бұл өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.

Абай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында найзағай мен бұршақ болуы мүмкін. Кей жерлерде жел екпіні 15-23 м/с дейін жетеді. Жекелеген өңірлерде қатты жаңбыр жауып, тұман түсуі мүмкін.

Астанада күн күркіреп, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15 м/с дейін күшейеді. Алматы мен Қонаев қалаларында да төтенше өрт қаупі сақталуда.

Синоптиктер ауа райының мұндай құбылуы атмосфералық қысымның төмендеуімен, желсіздікпен және жоғары температурамен байланысты екенін айтады. Бұл жағдайлар ауада зиянды заттардың шоғырлануына әсер етіп, халықтың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, ашық алаңдарда абай болуға және ауа райы туралы ресми ақпаратты қадағалап отыруға шақырады.