Мейрамханада өткен банкеттен кейін ондаған адамнан сальмонеллез анықталды. Бірақ тыйымға қарамастан, мейрамхана жұмысын жалғастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодар қаласының мамандандырылған ауданаралық соты маусым айында жаппай улану оқиғасы тіркелген Bellagio мейрамханасының иесіне айыппұл салды.
Жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 462-бабының 3-бөлігі — «Бақылау органдарының нұсқамаларын орындамау» бойынша кінәлі деп танылып, 275 200 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар, сот мейрамхана қызметін бір айға тоқтату туралы шешім шығарды. Алайда тоқтататындай мекеме жоқ — дәл сол орында қазірдің өзінде Altyn Hall атты жаңа банкет залы жұмысын бастаған.
Еске сала кетейік, бұл іске 7 маусымда Bellagio мейрамханасында өткен банкеттен кейінгі жедел ішек инфекциясының таралуы себеп болды. 8 маусымда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жедел жәрдем қызметінен алғашқы зардап шеккендер туралы хабарлама түскен. Сол күні-ақ тексеріс басталып, мейрамхананың рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені анықталды.
Ресми тыйым салынғанына қарамастан, Bellagio келушілерді қабылдауды жалғастырған. Тек 9 маусымның өзінде тағы 18 адамнан инфекция анықталды. Жалпы 67 адам зардап шеккен, олардың 27-сі ауруханаға жатқызылса, қалғандары амбулаториялық ем қабылдаған. Көп жағдайда сальмонеллездік энтерит зертханалық түрде расталды.
Санитарлық қызметтер асүй ыдыстарынан сальмонелла, алтын түсті стафилококк және ішек таяқшасы бактерияларын тапты. Бұл бактериялар тағам мен шикізаттан да анықталған.
Сот отырысында Bellagio иесі кінәсін мойындап, мұндай заңбұзушылықты алғаш рет және абайсызда жасағанын айтты. Сонымен қатар, бұл іс бойынша Павлодар облыстық прокуратурасы ҚР ҚК 304-бабы — «Санитариялық ережелерді бұзу, адамдардың жаппай ауруына әкеп соққан әрекеттер» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.