«Лауазымын қайтармақ болды»: Скрипкашы Айман Мұсақожаева алаяққа ақша беріп, алданып қалған

11 шілде, 2025 / Інжу Әлихан

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты өзін ҰҚК төрағасының туысы ретінде таныстырып, "ақшаға жұмысқа тұрғызамын және қызметке қайта тағайындаймын" деп уәде берген 38 жастағы азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабаралды turkystan.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың наурызында А.Т. есімді азамат А.М.-ға ҰҚК-ға қызметке орналастырып беремін деп уәде беріп, одан 6 497 400 теңге алған.

Сондай-ақ, ол белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаеваны қызметке қайта тағайындаймын деп, оның жұбайы Б.А.-дан делдал А.А. арқылы 45 миллион теңге алған.

Кейін ол Мұсақожаеваны қызметке қалпына келтіру үшін қалған соманы төлеу қажет деген желеумен А.А.-ға ресми түрде тиесілі, бағасы 33 миллион теңге тұратын LI L9MX маркалы көлікті де иемденген.

Сот оның әрекетін бірнеше рет жасалған, аса ірі көлемдегі алаяқтық деп квалификациялады. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынның орнын толтырды. Жәбірленушілер арыз-шағымдарынан бас тартып, азаматтық талаптар қараусыз қалдырылды.

Соған қарамастан, сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес, жаза мерзімі 4 жылға қысқартылды. Жаза шартты түрде тағайындалды және пробациялық бақылау белгіленді.

Сот оны қамаудан босатып, бұлтартпау шарасын жойды. Айыпталушыға тұрақты тұратын мекенжайын ауыстыруға, пробация қызметін хабардар етпей елдімекеннен тыс шығуға, сондай-ақ түнгі көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды.

Еске сала кетейік, Айман Мұсақожаева 1998 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетін басқарып келді. 2024 жылдың басында зейнетке шығуына байланысты лауазымынан босатылған болатын.

Тэгтер:

Алаяқ ақша ректор Лауазым Айман Мұсаходжаева скрипкашы