Қауын күйзеліс пен шаршауды басады

Бүгін, 03:30 / Інжу Әлихан

Француз ғалымдары мейлінше көп қауын жеуге кеңес береді. Себебі бұл шырынды жеміс – күйзеліспен күресетін пайдалы затқа өте бай, деп хабарлады turkystan.kz сайты BBC басылымына сілтеме жасап.

Қауынның негізгі пайдалы құрамы — супероксиддисмутаза (SOD) деп аталатын фермент. Оның ағзадағы тіндердің зақымдануына жол бермейтін антиоксиданттық қасиеті бар. Зерттеу барысында бұл ферменттің тек күйзелісті азайтып қоймай, шаршауды да жеңілдететіні анықталды.

Зерттеу екі топқа бөлінген 35 ерікті адамның қатысуымен жүргізілді. Бірінші топқа құрамында фермент жоқ капсула беріліп, оған SOD бар деп айтылды. Ал екінші топқа нағыз SOD бар капсула берілді. Бірінші топтағы адамдар өздерін жақсы сезінгенін айтты. Ал екінші топтағы еріктілердің жағдайы ұзақ уақытқа жақсарғаны нақты тіркелді.

Бақылау нәтижесінде қауындағы фермент адамның зейінін арттырып, шаршау мен ашушаңдықты азайтатыны, сондай-ақ ұйқы мәселесін жеңілдететіні дәлелденді. Ғалымдардың айтуынша, бұл фермент оксидативті стресс туғызатын жасушаларды еркін радикалдардың әсерінен зақымтайтын үдеріспен күресуге көмектеседі.

Қауындар –  супероксиддисмутазаға бай жемістердің бірі. Дегенмен антиоксиданттық әсер тудыратын өзге де жемістер мен көкөністер бар. Сол себепті зерттеушілер күнделікті рационға өсімдік тектес өнімдерді қосып отырудың маңызын еске салады.

Тэгтер:

қауын күйзеліс жеміс шаршау