Қалжыңбастық тұқым қуалай ма? – зерттеу

11 шілде, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Көпшілік ойлағандай, қалжыңдай білу – туа бітетін қабілет емес екен. Ұлыбританиядағы Аберистуит университетінің ғалымдары әзіл айту шеберлігінің тұқым қуалауға еш қатысы жоқ екенін анықтады. Бұл туралы Twin Research and Human Genetics журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуді психолог Джил Грингросс әзілдеу қабілетін алғаш рет генетикалық тұрғыдан арнайы зерттеген. Бұған дейін интеллект пен шығармашылық секілді қабілеттердің 40–80%-ы генмен байланысты екені дәлелденсе де, қалжыңдау соның қатарына кірмейді.

«Біз зерттеу нәтижесінде адамның әзілге деген қабілеті генге емес, қоршаған орта мен әлеуметтік тәжірибеге көбірек байланысты екенін байқадық», – дейді автор.

Ғалымдардың пайымдауынша, әзіл – бұл уақыт, тіл, мәдениет және әлеуметтік қарым-қатынасқа негізделген қабілет. Сол себепті оны интеллект сияқты стандартты тәсілмен өлшеу қиын. Бір ортада күлкілі болып көрінген нәрсе, басқа ортада әсер етпеуі мүмкін.

Зерттеу нәтижелері адамның әзіл айту шеберлігі ата-анасынан берілетін қасиет емес, өмір бойы қалыптасатын дағды екенін көрсетіп отыр.

Тэгтер:

тұқым қуалау қалжыңбас қалжыңдау әзіл айту