«Біз сені аңсап келдік, атамекен...»

11 шілде, 2025 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

«Бұрын атамекенімізді тек теледидардан көретін едік. Бүгінде киелі мекенді өз көзімізбен көріп, саф ауасын жұтып, толқып жүрміз». Әлемнің 10 елінен Қазақстанға келген қандас оқушылардың бірі «Қазақстанға бірінші рет келдің бе?» деген сұрағымызға осылай жауап беріп, көңілі жібіп сала берді. Осымен бесінші рет «Отандастар қоры» ұйымдастырған жазғы лагерьге биыл АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай және Қырғыз Республикасынан келген 150-ге жуық этникалық қазақ балалары қатысып жатыр. Жас өрендер Ақмола облысына қарасты Бурабай ауданындағы Щучье көлінің жағалауында орналасқан «IQanat High School of Burabay» мектебінің базасында құрылған лагерьде екі апта бойы қазақ тілі, тарихы, салт-дәстүрі және ұлттық ойындар туралы үйірмелерге қатысады. Одан бөлек, киіз үй құрып, атқа мініп, домбыра және өзге ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Апта ортасында еліміздегі ЖОО өкілдерінің қатысуымен өтетін білім көрмесіне қатысады. Шетелдегі этникалық қазақ балаларын тарихи Отанымен жақындастыруды, ұлттық болмысын сақтауды мақсат еткен лагерьге келген қандас оқушылардың пікірін жазып алған едік.

Зарина ӘДІБЕКОВА 
(Өзбекстан):

Бурабайға келгенше тыным таппадым

– Мен – Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Бостандық ауданының тумасымын. Бізге маңызды бұл лагерь туралы алғаш рет «Отандастар қорының» әлеуметтік желідегі парақшаларынан естіп-білдім. Бұған дейін ол лагерьге Өзбекстаннан келген оқушылардың өз парақшаларына салғанына қызыға қарап, «Мен де барсам ғой!» деп арман­дай­тынмын. 2-3 ай бұрын қор ұйымдас­тырған «Әлқисса» атты байқауда бағым­ды сынап, Нұрғиса Тілендиевтің әнін орындап, лагерьге тегін жолдама ұтып алдым. Негізі, мен –  Өзбекстандағы қазақ тілі және әдебеиті олимпиадасының жеңімпазымын. Мектепаралық, ауданара­лық іріктеуде 1-орын алдым. Сосын облысаралық байқауда 3-орын иеленіп, республикалық олимпиадаға өттім. 
Бас қала – Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Астананы аралағандағы әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Бұған дейін қай қалада студент атансам деп ойланып жүретінмін. Астанаға табаным тиген бетте бірден осындағы ЖОО-ның бірінде оқысам деген арман пайда болды. Қазір 10-сыныпта оқимын. Бұйырса, бәрі мен ойлағандай бола жатар.
Жазғы лагерьге келгенімізге екі-ақ күн болды. Аз күн ішінде көп эмоцияны сезініп, көңілім тойып, марқайып жүрмін. Бәрінен бұрын басқа елден келген қазақ оқушылармен алтыбақан тепкен сәтіміз ерекше есте қалды. Содан соң Қазақстан тарихы сабағында айтылған тың дерек­тер мен даталарды да жаттап алдым. Ол сабақ өте қызық өтеді, біз топқа бөлініп, білгенімізді ортаға салып, бір-бірімізбен жарысамыз. 
Сізге шынымды айтайын, мен осында келгенше күн санап жүрдім. Тыным таппай, аңсап жүрдім. «Қашан болады екен?» деп айналама айта беретінмін. Өткен жылы Өзбекстаннан осы лагерьге келген таныстарым осында ұйымдастыр­ылған түрлі сайысқа белсенді қатысып, жеңімпаз атанып, медаль алған. Мен де олар секілді үйге кемі бір медальмен қайтсам деймін. Одан бөлек, алда өзімнің сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиет­тінен сайыс өтпек. Сол жарыста да бақ сынап, жай жүлде емес, бас жүлде алсам деп бекініп отырмын. 
 

Гүлнұрма САНАЙҚЫЗЫ, 
(Моңғолия):

Атамекен мен елестеткеннен де әдемі екен!

– Мен мұнда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына қарасты Сеңгіл сұмы­нынан келдім. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Мұндағы оқушылардың біразы бұған дейін Қазақстанға бірнеше рет келсе, мен атамекенге аңсап, армандап жүріп жеттім. Бұрын Қазақстанды тек теледидардан көретін едік. Қала берді, біз жақтан барғандардың парақшаларынан көріп, сырттай тамсанып жүретінмін. Бүгінде олар көргенді мен де өз көзіммен көріп, саф ауасын жұтып, толқып жүрмін! Атамекен мен елестеткеннен де әдемі екен! Шекарадан өткелі бері сөзбен сипаттап жеткізе алмайтындай күйде жүрмін! Автобуста «Ресейдің шекарасынан өттік. Астананы бетке алдық» дегенде көңіліміз босап, көзімізге жас алдық. 
Мен «Жас қазақ» жазғы лагеріне үш жыл қатарынан барғым келген-тін. Осы лагерьге барып келген балалардың тауыса алмай айтқан әңгімесін ұйып тыңдай­тынмын. Одан бөлек «Отандастар қоры­ның» парақшаларынан лагерьдің керемет өткені туралы бейне-суреттерді көріп, «Шіркін, маған да бұйырса екен!» деп армандайтынмын. Ол жерге түбі бір күні жолым түсетінін сезетінмін. Жалпы, бұл лагерь туралы біздің сұмынның барлық баласы біледі десем, артық айтпаймын. Бір-бірімізбен талқылап, «Біз де барсақ екен!» деп армандайтынбыз. Төрт жыл бойы ­лагерьге жолдама ұтып алғандардың айтқанын жүз рет естігенше, бір рет көрейін деп осы жолы бағымды сынап көруге бекіндім. Ең әуелі, Қазақстанға аяқ басқым келді. Содан соң ел айтып жүрген IQanat мектебін көруді мақсат еттім. Біздің сұмында мұндай мектеп жоқ бол­ғандықтан, ол айрықша білім ордасын өз көзіммен көргім келді. Сөйтіп, қор өкіл­дері өткізген «Қиял мен қалам» атты бай­қауға «Арман» атты өлеңімді жолда­дым. Осылайша, айым оңынан түсіп, лагерьге тегін жолдама ұтып алдым.
Бірінші күні Астананың әдемілігіне бір таңғалсақ, екінші күні Бурабайдың көркем табиғатына екі таңғалдық. Баян-Өлгейдің табиғаты да көздің жауын ала­ды. Десе де, Бурабайдың табиғаты тамылжып тұр екен. Содан соң автобустан түсерде бізді айрықша құрметтеп, «Моңғолия қазақтары келді!» деп ілтипат көрсеткені қатты ұнады. Көпке дейін есте қалатын сәт.
Мен мұнда бір бөлмеде Өзбекстан мен Ресейден келген қазақ қыздарымен тұрамын. Екі күн ішінде бір-бірімізбен оңай тіл табысып, дос болып үлгердік. Алдағы екі аптада өзіме бұдан да көп дос тапқым келеді. Арман қуып, атамекенге оқуға келгенімізге дейін олармен арадағы байланыс беки түссе екен деймін. Бұй­ырса, мектеп бітірген соң, Астана немесе Алматы қалаларындағы университтердің бірінде журналистика факультетіне оқуға түсуді көздеп отырмын. 

Мирас МЫРЗАЖІГІТОВ, 
(Ресей):

Астанаға өнер колледжіне түссем деймін

– Мен мұнда Ресейдің Омбы қаласы­нан келдім. Онда домбыра үйірмесінде сабақ беретін ұстазым маған осындай маңызды лагерь өткелі жатқанын айтып, қызықтырып қойды. Сөйтіп, ұйымдас­тыру­шылар өткізген Нұрғиса Тілендиев атындағы конкурсқа қатысып, «Ата тол­ғау» күйін орындадым. Осылайша, ла­герьге жолдама алдым. Біз Омбыдан 20-дан астам оқушы келдік. Ресей қазақ­тарымен былайғы күнде де араласамыз ғой. Десе де, бұл жолы басқа елден келген қазақтармен дос болуды мақсат еттім. Бұл лагерьдің басты мақсаты да сол деп ой­лай­мын. Сөйтіп, Өзбекстан, Америка, Моңғолиядан келген балалармен етене араласып, достасып алдым.
Мен бала кезден домбыра тартамын. Арнайы үйірмеге барып жүргеніме 5 жыл болды. Сізге қызық естілуі мүмкін, бірақ домбыра тарту арқылы ата-бабама жа­қын­дай түсетіндей сезінемін. Музыка арқылы біздің төл мәдениетімізді зерт­теуге мүмкіндік бар. Маған тек күй тартқан ғана емес, ән айтқан да қатты ұн­айды. Әр әнде тарих жатыр. Әр әнде біздің халықтың тұрмысы сипатталған. Ата-әжелеріміздің сол кездегі өмірінен хабар береді.
Байқап тұрғаныңыздай, қазақшам онша емес. Алайда алдағы екі аптада ол жақсарады деп үміттенемін. Басқа елден келген қазақтармен ана тілімізде көп сөйлесіп, қазақшамды барынша жақсар­туға барымды салып жүрмін. Бір бөлмеде Қырғыз елі мен Моңғолиядан келген ба­ла­лармен бірге тұрамын. Бұл да оң әсерін тигізіп жатыр. Оған қоса, сабақтар да қызық әрі таласқа толы өтеді. Мысалы, бүгін біз Қазақстан тарихы сабағында Хақназар ханның ел тарихындағы рөлін талқыладық. Мен бұрын ол ханның атын білгеніммен, оның ерлігі, хандық құр­ғандағы атқарған шаруасы туралы көп біле бермейді екенмін. Бүгін ол туралы көп дерекке қанықтым.
Мен дәл қазір екі мақсатты көздеп отырмын. Қайтсем де лагерь аяқталғанша таза қазақша сөйлеуім қажет. Үйде ата-анам қазақша сөйлеседі. Негізі, мен қазақша білемін. Алайда сөздік қорым аз. Грамматикалық қате жіберемін. Осы олқы­лықтың орнын осы лагерь, сосын оқу арқылы толтырсам деймін. Алла жаз­са, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің колледжіне дәстүрлі ән ма­мандығына оқуға түссем деймін. Екі аптадан соң құжаттар тапсырамын. «Неліктен дәстүрлі ән өнерін таңдадың?» десеңіз, бұл – қанмен берілетін қасиет дер едім. Менің әулетімде дәстүрлі әнші болған. Жеті атамның арасында өнерге жақын жандар болған. Маған расында домбыра шерткен ұнайды. Әлбетте, Омбы мен Астанадағы домбыра мектептерінің деңгейін салыстыруға болмайды. Сол себептен де маған күйші мамандығына тапсыру қиынға түсетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ мен әрі домбыра тартуды, әрі ән айтқанды жаным сүйетін болған­дықтан, ең дұрысы дәстүрлі әнші маман­дығына тапсырған жөн болар деп шеш­тім. Онсыз да өзім дәстүрлі ән десе, ішер асым­ды жерге қоямын. «Айқаракөз», «Әгу­гай», «Қазақ осы», «Мен қазақ қыз­дары­на қайран қалам», «Той шашу», «Дас­тарқан» секілді әндер мен Шәмші Қал­даяқовтың бірнеше әндерін, Ақан серінің «Балқадиша» атты әнін жатқа білемін. 

Нұрғали ӘБДІҚАДЫРОВ 
(Қырғыз Республикасы): 

IQanat мектебінде оқуды көздеймін

– Мен Қырғыз елінің астанасы – Біш­кек қаласында дүниеге келдім. «Жас қазақ» лагері туралы жарты жыл бұрын әлеуметтік желілерден байқап қалдым. Өзіммен жасты қандас оқушылар бас қоса­ды дегенге қатты қызықтым. Әрі Бурабайдың әсем де таңғажайып таби­ғатына сырттай сүйсіне қарадым. Әсіресе, IQanat мектебінің құрылымы қатты қызықтырды. Оған қоса, әрине, қазақшамды жақсартуды мақсат қылдым. Қазақшаға қарағанда қырғызшам жақсырақ, десе де екі тіл бір-біріне ұқсас болғандықтан, ана тілімді меңгеру маған қиынға соқпай­тыны анық. 
Маған мұнда бәрі, бәрі ұнайды. Басқа елден келгендермен шүйіркелесіп, көп нәрсе біліп жатырмыз. Одан бөлек, үйірмелерден де аларымыз мол. Мысалы, Қазақстан тарихы сабағынан Шоқан Уәлиханов туралы көп тың дерек білдім. Бұған дейін онша ештеңе білмейтін едім. Біз Бішкектен 9 оқушы келдік. Десе де, бәрі­міз бірге жүрмей, өзге қандастармен де араласып, байланыс орнатып жүрміз.
Мұнда бірлік пен ынтымақты жоғары қоятын мейірімді жандар жиналған. Әсіресе, бізге бас-көз болып, бар білгенін үй­ретіп жүрген жас ұстаздардың шынай­ылығы мен қолдауына дән ризамын.
Мен биыл 8-сыныпты бітірдім. Мұнда келген кезде осы IQanat мектебінде оқып, білімімді жетілдіргім келетінін түсіндім. Маған бұл жер, бұл мектеп, мұндағы атмос­фера қатты ұнайды. Бәрінен бұрын ауыл балаларын білімге ынталандыратын миссиясына ризамын. Мұнда өз-өзіңді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Аталған мектепте ауыл балаларымен қатар, басқа елден келген қандастар да оқып жатқа­нын білемін. Сондықтан мен де олар секіл­ді осын­да оқығым келеді. Ұйымдас­тырушы­лар мен ұстаздардан іріктеу тура­лы сұрап, соған тыңғылықты дайын­далмақпын. Оны бітірген соң, Қазақ­стандағы ЖОО-ға түссем деймін. 

Әзірлеген

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

Отандастар қоры Қандастар Атажұрт Балалар