Адамзат баласы – Жердің перзенті. Жер – біздің ортақ Анамыз. Бір қызығы, біз бұл сөзді қазақы түсінікте айтамыз. Себебі бізде Жер аналық бейнеде қабылданады. «Жер-Ана», «Қасиетті топырақ» деген тіркестер арқылы Жер қамқоршы, тіршіліктің бастауы ретінде суреттеледі. Бұл – көшпенділердің табиғатпен үйлесімде өмір сүрген дүниетанымына сай. «Күн – атам, анық Жер – анам», деп жырлаған Шәкәрім де осылай дейді. Егер бұл мақаланы әлдебір жапон журналисі жазып отырса: «Адамзат Жер-Әкенің перзенті» деп бастар ма еді, кім білсін?! Себебі жапон мифологиясында Идзанаги мен Идзанами деп аталатын алғашқы құдайлар бар. Идзанаги – ер құдай, ол аралдарды (жерді) жаратады. Бұл – Жердің әкелік бастауға жатқызылғанының бір мысалы. Ал немістер үшін Күн – әйел заты, ал Ай – еркек. Бізде – керісінше. Демек, бір аспанның астында өмір сүріп жатқанымен, әр ұлт дүниеге өз көзімен қарайды. Бір затқа қараса да, әрқайсысы оны өзінше түсінеді, өзінше бағалайды. Бұл – тіл мен мәдениеттің ғажап құпиясы. Иә, адамзат баласы тіл арқылы дүниені таниды, қоршаған әлемді бейнелейді, түсіндіреді. Бірақ әр ұлттың тілі бірдей ме? Тілді меңгеру – тек қарым-қатынас құралы ма, әлде адамның ойлау жүйесіне, дүниетанымына әсер ететін терең феномен бе? Осы сауалға жауап іздеген ғалымдар ХХ ғасырда лингвистикалық салыстырмалылық теориясын ұсынды. Бұл қандай теория?
Сапир – Уорф гипотезасы
Адамзат тарихында тілге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп отырды. Ежелгі дәуірлерден бастап, жаңа заманға дейінгі аралықта тіл көбіне ақыл-ой мен сананың құралы ретінде ғана қарастырылып, оның терең болмыстық мәніне жеткілікті мән берілмеді. Тіл – тек ойды жеткізуші, рух пен логиканың қызметшісі саналды. Дегенмен бұл көзқарас уақыт өте келе түбегейлі өзгеріске ұшырады. XIX ғасырдың басынан бастап тілге деген ғылыми және философиялық қызығушылық арта түсті. Бұл кезеңде тіл – адам болмысының негізі, рухани әлемнің іргетасы ретінде қарастырыла бастады. Неміс философы Вильгельм фон Гумбольдт тілді ұлттың рухани жаны ретінде сипаттаса, А.Потебня оны ойлаудың тікелей шарты деп бағалады. Фердинанд де Соссюр тілді құрылымдық жүйе ретінде талдап, қазіргі лингвистикаға негіз қалады, ал Мартин Хайдеггер тілді «болмыстың үйі» деп атап, оның философиялық мазмұнын тереңдете түсті.
XX ғасырда тіл тек коммуникация мен таным құралы деген қарапайым түсініктен алыстап, ұлттың мәдени коды, этностың бейнесі, дүниетанымының көрінісі ретінде қарастырыла бастады. Бұл идеяның негізін қалаған және ғылымда «этнолингвистика» ұғымын алға тартқан тұлғалардың бірі – Бенджамин Ли Уорф. Уорфтың ұстазы Эдвард Сапирмен бірлесіп ұсынған Сепир – Уорф гипотезасы бойынша, әр ұлттың тілі – сол ұлттың дүниені қабылдау тәсілін анықтайтын басты фактор. Яғни, тіл тек сөйлесу немесе ой жеткізу құралы емес, ол – әлемді тану мен түсінудің іргетасы. Тіл арқылы адам белгілі бір мәдени нормаларды сіңіреді, өзіндік көзқарас қалыптастырады. Бұл тұжырым тіл мен мәдениеттің, тіл мен болмыстың бөлінбес бірлігін паш етеді.
Сонымен тіл мен ойлау арасындағы өзара байланыс – лингвистика мен философиядағы ең күрделі және қызықты мәселелердің бірі. Эдвард Сапир 1921 жылы жарық көрген «Language: An Introduction to the Study of Speech» яғни «Тіл: Сөйлеу туралы ғылымға кіріспе» атты еңбегінде тілді тек коммуникативтік құрал ретінде ғана емес, адамның ойлау жүйесі мен мәдениетінің көрінісі ретінде қарастырады. Сапир тілдің құрылымын зерттей отырып, әрбір ұлттың тілі сол ұлттың дүниені тану ерекшелігін бейнелейтінін дәлелдейді. Осылайша, ол «Тіл – бұл біздің санамыздың туындысы ғана емес, сонымен қатар оны қалыптастыратын фактор» деген қорытындыға келеді. Оның айтуынша, тіл ойлауды бейнелейтін айна ғана емес, сонымен қатар сол ойлаудың өзі. Мәселен, түрлі тілдерде бір ұғымды жеткізу жолдары әртүрлі, бұл халықтардың шындықты қабылдауына әсер етеді. Сапир тіл мен мәдениеттің ажырамас байланыста екенін алға тарта отырып, тілді әлеуметтік феномен ретінде қарастырып, қоғам мен тіл бір-бірін өзара қалыптастырады деген тұжырым жасайды. Бұл кітап – лингвистикалық салыстырмалылық теориясының іргетасын қалаған маңызды еңбектердің бірі ретінде тілдің адам санасына, мәдениетіне және танымына ықпалын терең пайымдауға мүмкіндік берді. Оның бұл еңбегі көптеген ғалымға қызық болып көрінді. Әсіресе, шәкірті, америкалық лингвист және инженер Бенджамин Ли Уорф осы еңбектен қанаттанып, шабыт алып 1956 жылы «Language, Thought and Reality» яғни «Тіл, ойлау және ақиқат» атты кітап жазып шығады. Бұл жинақ «Сапир – Уорф гипотезасының» негізін қалап, лингвистикалық салыстырмалылық теориясын әлемдік деңгейге шығарды. Уорфтың басты көзқарасы – тіл адамның ойлау жүйесіне, дүниені қабылдауына және әрекет етуіне ықпал етеді деген тұжырым. Ол «Біз дүниені бейтарап түрде қабылдамаймыз, өз тіліміздің құрылымына сай көреміз» деп, тіл тек ойды жеткізу құралы емес, ойлаудың бағытын анықтайтын фактор екенін дәлелдеуге тырысты.
Уорфтың теориясы көптеген сынға ұшыраса да, оның идеялары когнитивтік лингвистика мен психолингвистикада кеңінен талқыланып келеді. Когнитивті психолог Стивен Пинкер Уорф теориясын әсірелеу деп санап, тіл — тек ойды жеткізудің құралы ғана десе, Лера Бородицкий сынды қазіргі ғалымдар Уорф идеяларын тәжірибелік зерттеулермен қолдап келеді.
Қазіргі ғалымдар демекші, XXI ғасырдағы когнитивтік лингвистика саласында тілдің ойлауға әсерін зерттеу кең қанат жайды. Бұл бағыттың алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі – жоғарыда айтқан Лера Бородицкий. Оның 2011 жылы Scientific American журна-
лында жарияланған «How Language Shapes Thought» (Тіл ойлауға қалай әсер етеді) атты мақаласы тіл мен ойдың арасындағы байланысты нақты ғылыми тәжірибелер арқылы дәлелдеуге бағытталған. Бұл еңбек Бенджамин Ли Уорф пен Эдвард Сапир бастаған лингвистикалық салыстырмалылық теориясын заманауи деңгейде жалғастырды. Бородицкий тіл тек ойды жеткізудің құралы емес, сонымен қатар біздің қалай ойлайтынымызға әсер ететін негізгі фактор екенін айтып, «Тіл бізге не туралы ойлану керектігін емес, неге көңіл бөлу керектігін көрсетеді» деп тұжы-
рымдайды. Оның теориясы бойынша, әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар бір оқиғаны, түсі-
нікті немесе нысанды әртүрлі қабылдайды. Бұл қабылдау тек сөздік қор емес, грамматикалық құрылымдар мен тілдік ерекшеліктерге де тәуелді. Бородицкий өз мақаласында әртүрлі халықтармен жүргізілген нақты тәжірибелерге сүйенеді. Мәселен, ағылшын тілінде уақыт солдан оңға қарай елестетіледі, ал араб немесе иврит тілдерінде керісінше – оңнан солға. Бұл тілдердің жазылу бағытына байланысты және адамдардың уақытты бейнелеу тәсілдеріне әсер ететінін байқатады.
Әр ұлт өз тілінің шеңберінде ойлайды
Сонымен, біз айтып отырған лингвистикалық салыстырмалылық теориясының айтпағы – әрбір тіл дүниені өзінше сипаттайды, сондықтан әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар бір құбылысты әртүрлі түсінеді. Мысалы, Уорф хопи тілінде уақыттың ағылшын тіліндегідей нақты «өткен – осы – келер шақ» деп бөлінбейтінін атап өтеді. Бұл олардың уақытты қабылдауына әсер етеді. Тағы бір мысал, ағылшын тілінде «He broke the vase» (Ол құмыраны сындырды) деген сөз – әрекетті жасаушыны нақтылайды, ал басқа тілдер «құмыра сынды» деп бейтарап түрде жеткізеді. Өзге де мысалдар келтірелік. Мәселен, Аустралиядағы куңг тілінде сөйлейтін адамдар уақытты оңнан солға емес, әрдайым шығыстан батысқа қарай елестетеді, яғни географиялық бағдарға сүйенеді. Сағат немесе күнтізбе бойынша емес, табиғи бағдармен өлшейді. Ал еуропалық тілдерде – солдан оңға, яғни сағат тілімен қабылдайды. Амазон ормандарындағы пираха халқының тілінде нақты сандар жоқ. Олар «аз», «көп» деген сөздермен шектеледі. Бұл олардың арифметикалық ойлау қабілетіне әсер етеді. Олар нақты санауға үйрене алмайды.
Осы ретте қазақ халқының да өзіндік өлшеу, екшеу, сипаттау ерекшеліктері барын айта кетейік. Eртeдe дәлдік өлшeм аспаптары жоқ кeздe қоршаған орта көріністeрі, төңірeктeгі табиғи заттардың бүтіні нeмeсe бөлігі сандық жәнe салыстырмалы түрдe, сондай-ақ адамның дeнe тұрқы да алынған. Сондай-ақ уақыт мөлшeрін болжауға Күннің, Айдың нeмeсe басқа да аспан шырақтарының көкжиeкпeн салыстырғандағы орны алынған. Әрбір өлшeм жүйeсінің өзіндік eрeкшeліктeрі болғaн, олaр сол кeзeңмeн, ұлттық дәстүрмeн жәнe ұлттың кәсіби мaмaндықтaрымeн бaйлaнысты болғaн. Іргeлeс жaтқaн хaлықтaрдың өлшeм бірліктeрі aрaсындa өзaрa бaйлaныстылық болуы дa зaңдылық. Мысaлы: Хaлқымыздың бір «түйeнің жүгі» өлшeм бірлігінe Тaяу Шығыс мeмлeкeттeріндe сaлмaқ өлшeм бірлігі 1 вaск; мысқaл бірлігі – ортa ғaсырлық Бұхaрa үшін eкі мискaлдық түрдe aнықтaлғaн, бірі 4,8 мискaл қымбaт бaғaлы мeтaлдaр, aсыл тaстaр, бұйымдaр үшін жәнe eкіншісі 5,0 г жaлпы қaрaпaйым бұйымдaр үшін пaйдaлaнылғaн. Қaзіргі зaмaнғы өлшeмдeрдің нeгізі XVIII ғaсырдa сaудa қaрым-қaтынaстaрының дaмуынa бaйлaнысты Eуропaдaн Рeсeй, Ортa Aзияғa біртіндeп eнген деседі. Қaзaқ ұзындық өлшeмдeрін – бір eлі, бір сүйeм, сынық сүйeм, бір қaрыс (кeрe қaрыс), бір қaдaм, бір құлaш, әудeм жeр, aйғaй жeтeр жeр, көз көрім жeр, бір шaқырым жeр, қозыкош жeр, көш жeр, тaй шaптырым, құнaн шaптырым, aтшaптырым жeр т.б. дeп aтaйды. Бұдaн сырт биіктік өлшeмдeрін «кісі бойы», «aрқaн бойы», «құрық бойы» дeп aтaйтыны дa бaр. Шaмaлық өлшeм – бір шымшым, бір aтым, бір шөкім, бір түйір, бір шыны, бір қaсық, бір шөміш, бір тaбaқ, бір aстaу, бір шeлeк, бір қaзaн, бір тұлып, бір aсым, бір күрeк, бір тaбa, бір шaрa, бір жұтым, бір ұрттaм, бір тістeм, бір кeсeк, бір жaпырaқ деп кете береді. Хaлық aрaсындaғы көлeмдік, aумaқтық өлшeмгe жaтaтын сөздeрдeн – от орнындaй, үй орнындaй, бір қорa қойдың орнындaй, тышқaн інінің aузындaй, шынының aузындaй, шeлeктің aузындaй, жeрошaқтaй, дaлaдaй, eсіктeй, оймaқтaй, инeнің жaсуындaй, түймeдeй, тулaқтaй, сырмaқтaй деп сипатталады. Ал Уaқыт өлшeмінe – қaс-қaғым, көзді aшып жұмғaншa, aуызды жиып aлғaншa, биe сaуым, сүтпісірім, шaй қaйнaтым, eт пісірім, сәскe көтeрілгeн уaқыт, тaлтүс, aқшaм, eкінті, eл орынғa отырa, eл жaтa, жұлдыз шығa, Үркeр жaмбaсқa түсe деп кете береді. Бұлaрдың ішіндe «қaс-қaғым», «көзді aшып жұмғaншa» дeгeн сөздeр жaрты сeкундтік, тіпті одaн дa қысқa уaқытты мeңзeйді. Aл биe сaуым уaқыт жaрты сaғaттық уaқыт eкeнін қaзіргі жылқышылaрдың aузынaн eстіп жүрміз.
Біз мақала басында немістер үшін Күн – әйел заты, ал Ай – еркек екенін, көптеген халықта соның ішінде бізде – керісінше екенін мысал еткен болатынбыз. Бұл мысал тек Күн мен Айға ғана қатысты емес. Өзге де заттар мен құбылыстарды бір халық әйел ретінде, бір халық ер ретінде қарастырады. Мұны ғалымдар гендік грамматика дейді. Мысалы, орыс, неміс, испан тілдерінде сөздердің жазылуы мен айтылуында еркектік немесе әйелдік жыныстарға бөлінеді (мужской род, женский род). Мәселен, неміс тілінде көпір (die Brücke) сөзі грамматикалық жазылу бойынша әйел родында (женский род), ал испан тілінде көпір сөзі «el puente» – ер родында (мужской род). Бір экспериментте қатысушылардан көпірді сипаттау сұралғанда, неміс тілділер оны «әдемі, нәзік» десе, испан тілділер «берік, мықты» деп бағалаған.
Түстер туралы түрлі түсінік бар
Адамзат тілді дүниені тану мен сипаттау құралы ретінде пайдаланады. Тілдің тағы бір маңызды қыры – түстерді атау және ажырату тәсілі. Бұл салада үлкен серпіліс әкелген зерттеу – Брент Берлин мен Пол Кэйдің 1969 жылы жариялаған «Basic Color Terms: Their Universality and Evolution» атты еңбегі. Бұл жұмыс тілдердегі негізгі түс атаулары мәде-
ниет пен танымға қалай әсер ететінін зерттеді. Берлин мен Кэй дүние жүзіндегі 100-ден аса тілді салыстырып, олардың түстерді атау жүйесін талдады. Олар әр тілде «негізгі түс атаулары» (basic color terms) болатынын анықтап, бұл атаулар әмбебап заңдылықпен дамитынын ұсынды. Әр тілде 2-ден 11-ге дейін негізгі түс атауы болады. Берлин мен Кэй зерттеуі мәдениеттің түстерге деген қажеттілігіне байланысты жаңа атаулар пайда болатынын көрсетті. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысатын халықтарда жасыл мен қоңыр түстер нақты ажыратылса, қалалық, индустриалды қоғамдарда сұр, күлгін, қызғылт сары сияқты түстерге ерекше мән беріледі. Осылайша, Берлин мен Кэй 1969 жылғы зерттеуінде түстерді атау тілге байланысты өзгеретінін көрсетті. Енді мысал келтірелік. Кейбір тілдерде көк пен жасылға бір ғана сөз бар (мысалы, вьетнам тілінде), сондықтан бұл түстерді ажырату деңгейі де төмен болады. MIT мен Стэнфорд университеттерінің біріккен зерттеуінде ресейліктер көк түстің екі түрін (синий – көк, голубой – ашық көк) тез ажырататыны дәлелденген. Ағылшын тілінде «blue» сөзі – көк түске қатысты бір ғана сөз. Мысалы, «көк» түсі қазақ үшін аспанды да, түсті де білдіреді. «Көк аспан», «көк шөп», «көк көз» – бәрі үйлесімді естіледі. Жастар демалысқа шығар кезде «көкке шығып қайтайық» дейді. Екі түс, екі сезім. Бір түске деген екі түрлі көзқарас.
Британдық лингвист Гай Дойчердің «Through the Language Glass» атты кітабында түстерді қабылдау туралы айтады. Дойчер әртүрлі тілдердегі түстер атауының даму тарихын зерттей отырып, тілде түс атауының болмауы сол түсті мүлде көрмейді дегенді білдірмейтінін дәлелдейді. Мысалы, Гомердің «Илиадасында» аспан «күміс», «қола» деп сипатталады, бірақ «көк» сөзі жоқ. Бұл ежелгі грек тілінде көк түс атауының болмағанын, яғни түс қабылдауы тілмен бірге дамитынын көрсетеді.
Жазушы-этнограф Төрехан Майбас «Жапон жұрты қырық түсті айырады дейді. Оларын даңғаза қылады. Ал Қазақ баласы негізгі төрт түстің қырық реңкін жазбай таниды. Одан сырт өтпелі түстер қаншама?! Қазақ бір түстің өзін әртүрлі атайды. Мәселен, бурыл байтал, тарғыл сиыр, бөрте ешкі» деп біздің түстерге қатысты түсінігімізді атап айтады. Ғалымдардың айтуынша, қазақ тілінде түстердің 70-тен астам түрлі атаулары бар екен. Негізгілері 30, ал басқалары 40-тан асады. Тіпті, зерттеушілер тек қана жылқының түсіне қатысты 300-ге жуық сөз бар екенін айтады. Тіл білімінің қыр-сырын жан-жақты қарастырған ғалым А.Қайдаров қазақ тілінде түр-түс символикасына байланысты сөздердің саны мыңнан асып жығылады, бірақ олардың тек он бірі ғана негізгі түр-түстер қатарына кіреді деген пікірді ұсынады.
Ғалымдардың айтуынша, заттың түсін нақты көрсетіп, түр-түс атауын жасау үшін сол зат ұлттың мәдениетінде бар болуы қажет. Мысалы, қазақтың ұлттық мәдениетінде бар болғандықтан, қазақ тілін білетін кез келген адам бидай өңді, селеу түстес, екі беті алмадай қып-қызыл, күл түстес, сүттей жарық, қарақаттай көздері, бота көз деген сипаттамаларды естігенде түс туралы нақты бір ассоциация тудыра алады. Сонымен қатар қазақтың дүниетанымында түстердің өзіндік символикалық мәні бар. Ол туралы Ә.Марғұлан: «көк түс – көкке табынудың, аспанның символы, қызыл – оттың, күннің, ақ – шындықтың қуаныштың, бақыттың, сары – ақыл-ойдың, қара – жердің, жасыл – көктемнің, жастықтың символы», – деп жазады. Ал этномәдени дүниетаным бойынша, ата-бабамыз дүниені төрт бұрыш деп түсініп, шығыс – көк түс, оңтүстік – қызыл түс, солтүстік – қара түс, батыс – ақ түс деген күн айналымына негізделген бұрыштарға атау берген.
Түйін: Философ Уитгенштейннің «Тілімнің шекарасы – әлемімнің шекарасы» деген тұжырымы осы теориямен үндеседі. Тіл – жай ғана сөздер жиынтығы емес, ол – ұлттың тарихи жадысы, менталитеті мен мәдениетінің кодталған көрінісі. ХҚТУ-дың аға оқытушысы Роза Еспалаева «Жапония үздіксіз күріш егеді. Бүкіл жапон тілінің құнды сөздерінің барлығы осы күрішпен байла-
нысты айтылады екен. Ал шындығында оларға күріш егу тиімсіз. Оның орнына сатып алатын болса, содан көп пайда алады», - дейді. Иә, рас, өйткені жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болып шыққан. Демек, тілді сақтау арқылы мемлекетті сақтау міндеті тұр. Сонымен қатар лингвоэкономика деген термин бар. Бұл тілді дамыту арқылы экономиканы дамыту деген сөз. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы былай дейді: «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін немістер өздерін неміс деуге ұялған. Неміс сөзі фашист деп естілетіндей қабылданған да, өздерін жек көріп кеткен. Сонда олардың оқымыстылары «шетелден келіп жатқан ұғым-түсінік атаулыны немісше атамай, ағылшынша атай беріңдер» деген. Ағылшынша жаза бастаған. Нәтижесінде, неміс терминологиясының басым көпшілігі ағылшын сөзімен толыққан. Сөйтсе, неміс экономикасы құлдыраған үстіне құлдырай берген. Берекесіздік белең алған елде. Ойлана келе, немістің тілтанушы ғалымдары «терминологиямызды қайтадан ұлттық тілімізге аударып, барлығын неміс тілінде жасау керек» деген мәселе көтерген. Ақырында, немістер осындай әрекетке барғанда, тұралаған экономикасы аяғынан тік тұрып, өркендеп шыға келеді. Сол кезден бастап әлемдік экономикада «лингва экономика» деген сала орныққан. Оны қалыптастырған да немістер. «Лингва экономика» теориясының формуласы былай: «Тілі дамыған ұлттың экономикасы дамиды. Дамыған экономика тілді күшейтеді», дейді тіл жанашыры. Біз лингвистикалық салыстырмалылық теориясы арқылы тілдің ұлт үшін қандай баға жетпес байлық, дүниені тану кілті екенін айтпақ болдық. Әр тіл – бірегей болмыс. Әр ұлт өз тілінің шеңберінде ойлайды, сондықтан дүниені әрқалай қабылдайды. Жоғарыда неміс философы Вильгельм фон Гумбольдт тілді ұлттың рухани жаны ретінде қарастырғанын айттық. Мына ұқсастықты қараңызшы, Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан – дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» десе, Халел Досмұхамедұлы «Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді, ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны», дей келе «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,– депті. Неміс философынан бастап, осынау қазақтың үш бірдей арысының да тіл туралы айтар түйіні бір ғана – «Тіл – ұлттың жаны» деген сөз. Демек, «жанымыздың» амандығы – еліміздің, мемлекетіміздің тұтастығына байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.
Наурызбек САРША