Кеңес дәуірінде елімізде ғылым дамып, қазақтың білікті ғалымдарының үлкен шоғыры пайда болғаны шындық. Кезінде олар ашқан небір ғылыми жаңалықтар ғылыми ортаның назарын аударып та жататын. Бірақ солардың көбі назардан тыс қалған жағдай жиі кездесетін. Бұл орайда, Ұлттық Тау-кен ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Нариман Жалғасұлының айтары көп. Пайдалы қазбаларды алу және оны кешенді пайдаланудың білікті маманы, ұзақ жылдан бері Д.Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтында еңбек етіп келе жатқан ғалым елімізде ғылымды дамыту мен ғылым жетістігін өндіріске енгізу жөнінде салмақты пікірлер айтып жүр. Біз Нариман Жалғасұлымен сұхбатымызда отандық ғылымды дамыту мен жемісін көру жайлы ойларын жазып алған едік.
– Қазақстанда тау-кен ісінің тез өркендеп дамуына біздегі ғылым академиясын құрған, аты дүние жүзіне белгілі академик Қаныш Сәтпаевтың зор әсері болғаны белгілі. Сіздің де еліміздегі тау-кен ісі бойынша жетекші ғалымдардың бірі екеніңізден хабарымыз бар. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды және ғылымдағы жолыңыз қалай қалыптасты?
– Ғылымға, ғылым туралы әңгімеге өтірік жүрмейді. Сондықтан сұрағыңа берер жауабымды бірден шындықтан бастайын: орта мектепті жақсы оқып бітіргеніммен жоғары білім алудың жолына шыққанда тау-кен ісінің маманы боламын деп ойлаған жоқпын. Ол кезде бізге «мына оқуды бітірсең, адам боласың» деп жөн сілтеген ешкім жоқ. Әйтеуір жоғары білім алу қажет екенін білеміз. 1956 жылы Қызылорда облысының Жалағаш қыстағындағы №31-мектепті бітірген соң Алматыға келіп, жоғары оқу орындарын жағалағанда стипендиясы көп білім ордасын іздедім. Ол кез әлі елдің әл-ауқаты көтеріле қоймаған қиын кез ғой, сондықтан білім алу мен бірге күнкөрісті де ойладық. Ең алдымен КазПИ-дің қабылдау комиссиясына барып, құжат тапсырмай тұрып бұл жерде студенттерге берілетін стипендияның сомасын сұрап едім, «22 сом» деді (кеңес рублі ғой баяғы). Ол заманда күніне 1 сомға күн көруге болады, ал мына оқуға түссем бір апта аш жүреді екенмін деп ойладым да, КазГУ-ге бет алдым. Ол жердегі стипендияның мөлшері де көңіл көншітпеді. Сосын біреулер «стипендиясы көп оқу керек болса политехқа бар, сол жақта жақсы» деді. («Политех» деп отырғаны қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ғой, ол шақта В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты деп аталатын). Расында, политехникалық институт жақсы екен, студенттерге беретін стипендия – 45 сом. Сөйтіп, сол институттың тау-кен факультетіне түсіп, 1963 жылы «пайдалы қазбаларды пайдалану» мамандығын алып шықтым.
– Оқуды бітірген соң уақыт оздырмай ғылым жолына бет бұруға мүмкіндігіңіз болды ма?
– Жоқ, ол кезде политехника саласында ғылымға келетіндерге жауапкершілік күшті еді ғой, ғылымды кабинеттен емес, негізінен өндірісте жинаған тәжірибеден соң барып бастайтын ғалым болғысы келетіндер. Оның үстіне, өндірісте білімді маман тапшы, сондықтан оқу бітірген кезде маған Жезқазған-рудник поселкесіндегі кен-металлургия комбинатына жолдама беріп қойған, соған бардым (ол жерде бір кезде Қ.Сәтпаевтың өзі жұмыс істеген). Кадрлар бөліміне кіріп құжаттарымды ұсынып едім, «қай шахтаға барасыз?» деді. Мен бұрын мұнда болмағанымды, қайда жіберсе соған баратынымды айттым. «Онда «Покро» шахтасына барасыз, соларда инженерге орын бар» деді. Сосын кеншілерге арналған жатақханадан орын алу үшін «Покро» шахтасының бастығына бардым. Шахта бастығы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітірген, кейін қазаққа ақын ретінде танылған Кәкімбек Салықов екен. Қабылдауына кіріп жөнімді айтып едім, ол кісі маман жетіспей жатқандықтан маған бірден шахтаға бүгінгі ауысымның басшысы ретінде түсуім керектігін айтты. Әлі жатақханадан орын да алған жоқпын, оның үстіне шахтаға түспес бұрын техника қауіпсіздік шараларымен танысуым керек. Осыларды айтқанымда Кәкімбек аға «Сен оқыған мамансың, техника қауіпсіздігін жұртқа өзің үйрететін адамсың» деп мені бірден жұмысқа салып жіберді. Сөйтіп, Жезғазғанға табаным тие сала қолымдағы шабаданымды комбинат бастығының кабинетіне қалдырып, арнаулы киім алып, бірден кешкі 18.00-де жұмысқа кеттім. Ол кезде аталған комбинатта 68 мың еңбек ететін. Әлгі Кәкімбек ағамыз кейін сондағы партия комитетінің хатшысы болды. Солай еңбек жолым басталды. Сонда жүріп, 1968 жылға дейін «Покро», 55-шахталарда ауысым бастығы, Батыс Жезғазған кенішінде еңбекті ғылыми ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым.
Мен шахтада еңбек еткен кезде техника жаңаланды. Біз одақ көлемінде ең алғаш 55-шахтаға үлкен экскаваторды бөлшектеп түсіріп, жер астында қайта құрап, бір айдай уақытта іске қосқанбыз. Одан бұрын шахтадан шыққан кенді шығару үшін вагонетка сүйреуге аттарды пайдаланатын.
Сосын айта кететін нәрсе, мен жасымнан фотосуретке түсірумен айналыстым. Жезқазғанда жүріп те сол ісімді жалғастырдым. Шахтадан түсірген фотоларым сол жерде шығатын «Джезказганский рабочий» газетінде жарияланып, телеарналар пайдаланып жатты. Өйткені журналистер шахтаға түсуге қорқатын. Сөйтіп, газетте де, телеарналарда да штаттан тыс тілші ретінде солардың тапсырыстарын орындап, қосымша әжептәуір қаламақы алып тұрдым. Ұзын сөздің қысқасы, сонда бес жыл еңбек еттім.
– Оқуды бітіре салып өндіріске бірден араласып кету қиындық тудырмады ма?
– Жасыратын несі бар, біз білім алған шақта қазіргідей бакалавр, магистратура деп бөліп-бөліп оқытпайтын еді ғой. Бірден бес жыл академиялық білім аласың, оқи жүріп өндірістік тәжірибеден өтіп, оқу бітіргенше дайын маман боласың. Сондықтан еңбекке араласып кету қиындық тудырмайтын. Бүгінде төрт жыл оқыса да өндірістік тәжірибе дегеннің не екенін біле бермейді. Өйткені болашақ мамандарды шахтаға жақындатпайды. Ал ол кезде институтты бітіргенше бәрінен хабардар ететін. Қазір кен орындары жекеменшік болып кеткендіктен практиканттарды жолатпайды. Содан оқу бітірген жастар маман ретінде шикі болады. Өйткені бакалаврды бітіргендер толық емес жоғары білім алады. Ал біздің кезімізде жоғары білім алғандар диплом қолына тигенше маман ретінде әбден пісіп шығатын.
– Сонымен, Жезқазғанда бес жыл шахтада еңбек еткен соң ғылым жолына түстіңіз?
– Иә. Өндірісте жүріп тау-кен ісінің әбден ұңғыл-шұңғылын біліп алған соң, ғылымға бет бұру үшін 1968 жылы Алматыға келдім. Ол кезде Қ.Сәтпаев құрған Қазақстан Ғылым академиясы құрамында 44 ғылыми-зерттеу институты болатын. Соның бірі Тау-кен ісі институты еді, мен соның аспирантурасына бардым. Басшылар, әрине, жұмыстан жібергісі келмейді, сондықтан еңбек демалысы кезінде келіп құжатымды тапсырып, емтиханға дайындалып түсіп кеттім. Заң бойынша, аспирантураға түскен адамды істеп жатқан жұмысынан босатуға міндетті. Солай ғылымға келдік. Аспирантурадан соң ғылыми қызметкер болып жүріп, 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғадым.
– Өз зерттеулеріңіз арқылы ғылымға қосқан үлесіңіз жөнінде де біліп отырсақ жөн болар, өйткені жұрттың көбі тау-кен өндірісіндегі қазақ ғалымдарының еңбегі жөнінде біле бермейді ғой.
– Әрине, негізінде бұл жағдайда біз туралы өзгелер айтса жарасар еді, бірақ сұхбат беріп отырған соң өзіміз баяндауға тура келеді. Осы кезге дейін өз салам бойынша бірнеше монография, 220-ден аса ғылыми мақалам жарық көрсе, соның 30-дан артығына ғылыми жаңалық ретінде алдын ала патент берілген екен. Соның бір-екеуі туралы айта кетейін.
Жезқазған мыс зауытының шахтадан балқытуға арналған әртүрлі концентранттар қоспасы түйіршік жасау цехына өткен кезде өнімдері стандартқа сай болмағаннан кейін металл балқытатын электр пешінде жарылыстар жиілеп кетті. Ондай кезде адам шығыны да болып тұратын. Осы технологиялық проблеманы шешу бізге тапсырылды.
Концентранттың түйіршіктері балқыту пешіне түсем дегенше оның 15-20 пайызы үгітіліп кететініне көз жеткізген соң, оған жабысқақ қант зауыттарының қалдығы – дефекатты керекті мөлшерде қосып, сапасын ГОСТ стандартына келтірдік. Сөйтіп, бұл жұмыс нәтижелі аяқталып, оған Қазақстан Республикасының патенті берілді. Осы жаңалығымыз арқасында өндірістегі мамандар бұрын ауаға ұшып кететін қосымша металдарды тонналап жинап алатын болды.
1991 жылы шахта астындағы құлауға айналған кентіректерді беріктендіру әдісін тауып, оны өндіріске енгізгеніміз үшін Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің техника және ғылым саласындағы сыйлығын берді. Кентірек деп отырғанымыз шахтаның жоғарғы жағын құлатпай ұстап тұратын, шахтаны қазып бара жатқанда табиғи кен жыныстарынан қалдырып кететін табиғи тіректер. Бірақ ол да жылдар өте үгітіліп, жіңішкеріп не бойында жарық пайда болып, әлсірей бастайды. Нәтижесінде, тіректер сынып, шахтаның төбесі опырылып, апат болуы мүмкін. Міне, біз сол кентіректердің табиғи беріктігін сақтау жолын ұсындық.
Менің ғылымдағы еңбектерімнің тең жартысы бүгінде өзекті – тау-кен өндірісі саласының экологиясы мен геоэкологиясына арналған. 2001 жылы «Кен өндіру тиімділігін экологиялық таза технологиялар негізінде арттыру» тақырыбында докторлық диссертация қорғадым. Онда тау-кен өндірісіндегі қалдықтардың қоршаған ортаға зиянын азайту үшін қалдықсыз технология жасау және жоғарыда айтып өткен – шахтадағы кентіректердің беріктігін арттыруға арналған желімдік құрамдар жасап, оны жарылған кен тасының бойына сіңіру арқылы оның тұтастығы мен төзімділігін қалпына келтіру мәселесі шешілді. Бұл жер бетінде орналасқан қала, өндіріс ошақтары мен темір жол, су құбырлары, т.б. нысандардың апатқа ұшырамауына кепілдік береді.
– Кен өндіру ісінде бұрынғы мен қазіргінің арасында қандай айырмашылық бар?
– Кен өндіру, кеніштерде жұмыс істеу әр заманда өзгеріп тұрады ғой, оған жаңа техниканың, технологиялық әдістердің пайда болуы әсер етеді. Жоғарыда айтып өттім, бір кезде шахтада руданы вагонеткаға жеккен аттармен тасыған деп, кейін арнайы техникалар пайда болды. Жезқазғанда біздің кезімізде арнайы нұсқаулықпен жұмыс істейтін, кенді алып зауытқа жіберудің кондициясы бар. Ол үшін тастың ішіндегі, мысалы, мысы қанша екенін анықтап, оның мөлшерін білу қажет. Ол орталыққа – Мәскеуге жіберіледі, олар шешім шығарады. Кенді өндіретін кезде мысы аздау жерді қамтымау жөнінде бұйрыққа қол қоясың. Мәселен, кен құрамында мыс мөлшерінің ең төмені 0,70 пайыздан жоғары болса ғана оны алуға рұқсат. Салыстыру үшін айтайын, қазір Ақтоғай деген мыс кеніші бар, сол жерде кеннің ең жоғары мөлшері – 0,70 пайыз! Бір кезде алмай тастап кететін кенді ең жоғары мөлшер санап алып жатыр. Жезқазғанда кен өндірген кезде мыс тастың ішінде өте майда болатын. Әрине, кей жерлерде табиғи түрде мол табылатын кездері болады, ол бірақ сирек кездеседі.
Жалпы, кен өндіру, оны байыту ісі қиын шаруа ғой. Мысалы, бір тонна кен тасынан 2 грамм алтын шығатын болса, оны өндіруге рұқсат. Ал Қазақстанда кей алтын кенішінде 1 тонна кеннен 130 грам шығатын жерлер де бар. Алтын кені жөнінен біз әлемде алдыңғы қатардамыз, бірақ кезінде соны өндіруде артта қалып қойдық. Өйткені кеңес кезінде бізге мыс, темір, т.б. өндіруге басымдық беріліп, алтын өндіруге дұрыс көңіл бөлінбеген. Өйткені елімізде темір, мыс кендерін өндіру ісі бірнеше жерде тізбекті түрде жолға қойылды, сосын Мәскеудегі орталық алтын өндіруде басқа республикаларға басымдық берді. Соның себебінен көп уақыт бойы бізде алтынды айыратын байыту фабрикалары болған жоқ. Қазақстанда алтын өндіру тек тәуелсіздіктен кейін ғана дұрыс жолға қойылды. Сонымен бірге бізде жеке алтын өндірушілер (старатель) де пайда болды. Олар алтынды өз бетінше өндіріп, мемлекетке сатады. Оларға рұқсат берілген.
– Қазақстанда ғылымның дамуы жөнінде не айтасыз, бұрын қандай еді, қазір қандай?
– Қазақстан Ғылым академиясы қазақтың маңдайына біткен үлкен ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен 1946 жылы ашылды ғой. Содан түрлі салалар бойынша ғылыми-зерттеу институттары пайда болып, елімізде ғылымның өркендеуі басталды. Небір мықты ғалымдар шығып, әлемдік ғылымда маңызы бар жаңалықтар ашып жатты. Білікті ұлт мамандары қалыптасып, ғылым деңгейі көтерілді. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін, Ғылым академиясы Кенжеғали Сағадиев басшы болып тұрған кезде Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылып, ол Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы атты қоғамдық бірлестікке айналды. Мемлекет ғылымды қаржыландыруды тоқтатты. Академия құрамындағы қырықтан астам ғылыми-зерттеу институттары не істерін білмей дағдарып қалды. Сосын біреулер оншақты институттың басын қосып ұлттық орталықтар құрды. Сөйтіп, әр жерде институттар тендерлерге бағытталып қайта құрылымдалды. Біздің 9 ғылыми-зерттеу институттың басы қосылған Қазақстан Республикасының минералдық шикізаттың кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлттық орталығы құрылды (оның құрамына біздің Д.Қонаев атындағы Тау-кен институты да енді). Ұлттық орталықтың бас директоры болып Әбдірасул Жәрменов деген химик ғалым жігіт сайланды. Бұл ғылыми орталық Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарайды. Енді біздің орталық басшылығы сол институтқа барып «бізде 9 институт бар, пәлен жұмыстарды жаңғырту үшін жаңа объектілер ашу үшін қажет» деп қаражат сұраса, оған «Сендер ғылыми-зерттеу институты емессіңдер ме? Ендеше, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне барыңдар» деп қуып шығады. Сонымен институтымыз қаржыландырусыз отыр. Біраз ғалымдар дүние салды, біразы кетіп қалды. Тек біз сияқты болашақта жағдай түзеліп қалар деп үміттенетіндер ғана жүр.
Институтта 20 ғылыми зертхана жұмыс істеп тұр. Оның әрқайсысында екі-үш ғалым бар. Жалақы жоқ, министрлік бөлетін гранттарға тәуелдіміз. Тендерлерге қатысқанмен өткізе қоймайды. Қайбір жылы конкурсқа үш жылға арналған 5 800-дей жоба түсіпті. Оны ұсынып отырған әлгі Ғылым-білім министрлігі. Бұл – елде үлкен ғылыми әлеует бар деген сөз емес пе? Бірақ әлгіндей жобаларға бөлінген мол қаржы нағыз ғылыммен айналысып жүргендерге жетті ме екен?
Д.Қонаев атындағы тау-кен институты – кеңестік кезеңде ғылымды дамытуда көп жетістікке жеткен ғылым ордасы. Мұнда еңбек еткен алты-жеті ғалым Ленин сыйлығына ие болған, Мемлекеттік сыйлық алған. Біздің жетістігімізге өзгелер қызыға қарайтын. Ал қазір мемлекет жылына бір патент бермейді.
Жақында бізге Ержан Өтешов басшы болып келді. PhD доктор. Жағдайды жақсы түсінеді, бірақ қаражат тауып, институтты бұрынғы қалпына келтіру өте қиын болып жатқан сияқты.
– Бізде ғылым жайында әңгіме бола қалса, Қазақстан ғалымдарының еңбектеріне назар аударылмайды деген сөз айтылып қалады. Біздің ғалымдар ашып, бағаланбай қалған қандай жаңалықтар бар?
– Ғылыми институттары бар, қалыптасқан ғылыми жолы бар елдерде мықты ғалымдар шығып, керемет жаңалықтар ашуы заңды нәрсе ғой. Бірақ соның бәрі лайықты бағасын алып, өндіріске енсе, халықтың игілігіне айналмаса одан жаман нәрсе жоқ. Бұл ғылымды кері кетіріп, өмірін ғылымға арнаған жандардың жігерін құм қылады.
Саған біздің ғалымдардың өзім білетін жаңалықтары туралы айтайын: қазір МРТ (магниттік-резонанситық томография) деген аппарат бар ғой, медицинада кең қолданылады. Соның ең алғашқы патенті Қазақстанда алынған. Ол біздегі Ядролық физика институтында жасалған. Авторлары осыны сериялы түрде шығарайық деп мемлекеттен ақша сұраса қаражат берілмеген. Сосын тауы шағылған МРТ авторлары өз жаңалықтарын америкалықтарға болмашы тиын-тебенге сатып жіберген. Жаңалықтың болашағын жақсы түсінген америкалықтар дереу оны іске қосып, қазір бүкіл әлемге МРТ сатып отыр. Оны қазір қымбатқа сатып алып отырғандардың қатарында біз де бармыз. Өзіміздің ғалымдардың жаңалығын дер кезінде бағаламағандықтан сондай күйге түсіп отырмыз... Осы дұрыс па?
Тағы бір мысал: Шахтада тастың қаттылығы көп рөл атқарады. Ол 21 позицияға бөлінеді. Позиция жоғарылаған сайын қаттылық та күшті болады. 21-позицияда алмаз тұр. Оның бәрі үлкен қысымнан пайда болады ғой, сондай қатты тастардың ішінде кен көп болады. Оны бұрғылап алады, бірақ бұрғың көпке шыдамайды. Жаңағы алмазды бұрғының ұшына қондырады ғой, сол теседі қатты тасты. 9-позицияға дейінгі тасты бұрғылаумен алуға болады, бірақ 16-дан арғы позициядағы тасты бұрғылаумен ала алмайсың. Міне, соны алатын «Гидропушка» деген аппаратты қазір көзі тірі, біздің институтта менің зертханамда жұмыс істеген Гуменников Евгений Степанович ғалым жасап шықты. Ол аппаратты бұрғылайтын машинаның үстіне қондырады. Оның бір жарым литр сұйықтық сиятын камерасы бар, соған сұйықтық толтырады, сосын токқа қосып қысымды күшейтіп, әлгі сұйықтық үлкен қысыммен тасқа барады да, оның быт-шытын шығарады. Ол жаңалықты қолданса шахтада қатты тастарды сындырып кенді алу үшін жарылғыш заттың да, сығымдалған ауа жіберетін компрессордың да керегі болмай қалар еді. Былай қарағанда жарылғыш зат та, өте үлкен қысыммен ауа айдайтын компрессор да қауіпті нәрсе ғой кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін, және оны қарулы күзетпен бақылап тұрады. «Гидропушканы» бірнеше елде сынақтан өтіп жақсы нәтиже көрсетті, бірақ өндіріске енгізілмей қалды. Ал ол аппаратты сериялы түрде жасап шығаруға мемлекет ақша шығарса, оны сатқаннан түсетін пайдасы қанша десеңізші. Оны кезінде бірінші Президенттің өзі келіп көріп, қасындағыларға жазып алыңдар, мынаны жүзеге асыру керек деді. Бірақ сол күйі қозғаусыз қалды. Қазір ол енді институттың музейінде экспонат болып қана тұр...
Тағы бір айтатын әңгіме – бір кезде көмірді зерттегенім бар. Содан өсімдікке пайдалы стимулятор жасағанбыз. Ол енді дәнді дақылдың жақсы өсіп, мол өнім беруіне әсер ететін препарат қой, өсімдіктің витамині десе де болады. Ол әсіресе, күрішке 80 пайыз әсер ететін болып шықты. Бірақ оны тұрақты түрде өндіріп, кең қолданысқа енгізуге қол ұшын берген мекеме болған жоқ. Тіпті, бар ғой, соның әрқайсысы мың доллар тұратын бес қапшығын Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына апарып бергенімде де аудан әкімінің өзі егінге пайдаланамыз деп пайдаланбай, екі жыл бойы қоймада жатқан. Кейін оны сол жерде пайға 10 гектарға жер алып күріш еккен бір келініміз пайдаланып, мол өнім алған. Расын айту керек, соған ұқсас препараттар басқа елдерде де шығады, бірақ олар біздің жерге әсері аз. Біздің препарат гумусы көп көмірден жасалады. Оны пайдаланған бидайдың жасалған қамырлығы Канадада өсетін бидай сияқты 38 пайызға дейін жетті. Бірақ ол препаратты іздеп жатқан Үкімет не министрлік жоқ.
Бізде жаңалық ашатындар бар, бірақ сол жаңалыққа патент берілгеннен кейін оны әрі қарай дамытып, өндіріске енгізетін ұйым жоқ. Оған мемлекет те көңіл бөле бермейді. Ұйқы мен күлкіні жиып қойып, қаншама таңды кірпік қақпай атырып жанкештілікпен тапқан жаңалығы ескерусіз қалып жатқан ғалымдарымызды көргенде ішің удай ашиды. Ел үшін еткен еңбек еленбесе, елдің экономикасына зор пайдасын тигізетін жұмыстар өрге баспаса одан артық өкініш бар ма? Мұның залалы өмірін ғылымға арнаймын деп жүрген талантты жастарға да тимес пе екен деген қорқынышым бар. Талай қабілетті жастардың елден кетіп жатқанын да естіп жүрміз, көзіміз де көрді. Соған жеткізген жағдайды тоқтату керек. Әйтпесе, біздің ақылды бастар өзге ел үшін жұмыс істейтін болады. Әйтеуір, өткен жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық-құқықтық нысаны коммерциялық емес акционерлік қоғамнан жоғары ғылыми ұйымға ауысты. Енді соған үміттіміз. Мына заманда ғылымы дамымаған ел тоқырап, өзгенің шығарған нәрселерін тұтынушыға айналады. Ал оның экономикамызға үлкен салмақ болатыны мектеп оқушысына да белгілі жағдай.
– Иә, жөн айттыңыз. Сізбен әңгімелесу арқылы ел ғылымындағы аяққа тұсау болып жатқан жайлар туралы, қазақ ғалымдарының басындағы қиындықты аңдадық, көптеген қызықты жайты білдік. Енді өзіңіздің ғылымнан былайғы өмірде немен шұғылданасыз? Басқа салаларға қызығушылығыңыз қалай?
– Ғылымға өмірін арнаған адам бір саланы терең игерсе де аз емес әрине, бірақ әрбір сауатты адам бірнеше саладан хабардар болса артық болмайды. Өмірде жан-жақты болғанға не жетсін. Әңгімеміздің бас жағында айтып өттім ғой, фотосурет өнерімен әуестендім. Тіпті, бірнеше конкурсқа қатысып, жүлделі орынға қол жеткізген кезім бар. Сосын әдебиет пен өнерге қызығамын. Ел арасынан ерекше мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді, қызықты аңыз-әпсаналарды жинап жүремін. 70-ке толған кезімде «Сырда туып тауда өскен» атты мемуарлық кітабымды шығардым. Арасында мақала жазып тұрамын. Мәселен, Қаныш Сәтбаев туралы 11 мақала жазып жариялаппын.
Бір кезде әдебиетке әуестенгенім сонша – орыстың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты И.Буниннің «Генрих» деген әңгімесін аударғаным бар. Бірталай ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен жақын араластым. Қазақтың талантты қаламгерлерінің шығармашылығымен жақсы таныспын.
Жезқазғанда жүргенде 1970 жылдары бұрынғы Жезказған облысында «Қарагөз» және «Жезкиік» ансамблін ұйымдастырып, өзі осы шығармашылық ұжымға арнайы әндер жазумен айналысқан композитор, «Неге солай», «Әке туралы ой», «Ана туралы баллада» «Жезкиік» секілді тамаша әндердің авторы Жақсыгелді Сейіловпен, ерлі-зайыпты танымал әнші-термешілер Жақсылық Сәрсенғалиев пен Қаламқас Орашевамен, өткен ғасырдың 90-жылдарында «Шындық» атты батыл толғауымен бүкіл қазақты дүр сілкіндірген ақын, айтыскер, жырау Шынболат Ділдебаевпен дос-жар болдық. Ол қайтыс болғаннан кейін 70 жылдығын өткізу үшін тиісті орындарға хат жолдап, елдің есінде сөзі қалған тамаша азаматтың мерейтойын өз деңгейінде атап өтуге қолымнан келген көмегімді аямадым.
– Бәрекелді! Сізбен әңгімеміз қазақ ғылымы жайында білгісі келетіндерге көп нәрсе береді деп ойлаймын. Енді сөз соңында жас ұрпаққа айтар қандай тілегіңіз бар?
– Адам баласының көкірек көзі ашылмай ол толық адам деңгейіне жетпейді. Мейлі ғалым бол, мейлі өнер адамы бол, бәріміз үшін басты мақсат – Отан игілігі үшін тер төгу болуы керек. Үлкен арманға жетелейтін құдірет еліңе деген махаббат қана. Басқасының бәрі өткінші.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ