Еліміздің әуе тасымалы саласында түйткіл көп. Билет құны шарықтап барады. Рейстер жиі кешігетіндіктен, азаматтардың да шағымы көбейе бастаған. Бұл мәселеге министрлік, комитет, басқармалар мен компаниялардың басы ауырмайды. Басы ауырмағанның жаны ашымайтыны рас. Елдегі әуе компанияларының жүгенсіз кеткені сондай, олар кешіккен рейстер үшін кешірім сұрамайды, олқылықтың орнын толтырып жолаушының жағдайын жасауды өз міндеттері деп санамайды да.
Түптен келгенде, ұшақтың кешігуінен зардап шегетін тек қарапайым халық қана. Ең алдымен жолаушының уақыты босқа кетеді. Ол іскерлік кездесуге, маңызды іс-шараға кешігіп қалуы мүмкін. Ал түнгі рейстер бірнеше сағатқа кешіксе, әуежайда түнеуге тура келеді. Екінші мәселе, қаржылық шығындар. Ұшақ ұшпаған жағдайда, пойыз, автобус, таксиге қосымша ақша жұмсайды. Одан бөлек, тамақ, қонақүй шығындары бар. Тіпті, сақтандыру құжаттарын рәсімдеуге, өтемақы алуға уақыт кетеді. Үшіншіден, адам психологиялық күйзеліске ұшырайды. Белгісіздік, ашу мен шаршау қажытады. Баламен немесе қарт адамдармен бірге жүрсе, оларға күтім жасау тіпті қиын.
Қазақстанда неге рейстер кешігіп ұшады деген сауалға өзімізше жауап іздеп, зерттеп көрген едік. Ең бірінші фактор – ауа райының қолайсыздығы. Оған қатты боран, тұман, көктайғақ, жел, найзағай, тіпті кей қалалардағы (Өскемен, Петропавл) климаттық жағдайлар жатады. Екінші себебі, әуежайдағы инфрақұрылым түйіткілдері. Ұшып-қону жолдарының тазаланбауы, диспетчерлік кешігулер, техникалық дайындықтың бітпеуі, әуежайдың жүктемесінің жоғары болуы (мысалы, Астанада тәуліктік рейстер саны көп). Үшіншіден, ұшақтың техникалық ақауы. Тексеру барысында ақаулар анықталса, рейс уақытынан кешігеді. Өйткені бұл жерде жолаушылардың қауіпсіздігі – бірінші орында. Сонымен қатар әуе компаниясының ұйымдастыру қызметінің нашарлығы да кешігуге әсер етеді. Мысалы, экипаждың уақытылы келмеуі, рейстерді біріктіру немесе оны қайта жоспарлау, ұшуды үйлестіру де уақытты қажет етеді. Сондай-ақ кей жағдайда жолаушылардың тіркелуге кеш келуінен де бүкіл рейс зардап шегіп жатады. Жүкті қайта тексеру, күдікті багаж немесе жолаушы бойынша қабылданған шаралар да рейсті кешіктіруі мүмкін. Тағы бір себебіне әуе қозғалысының жалпы жүктемесінің көптігі жатады. Еліміздің аумағы үлкен, кейбір маршруттарда рейстер саны шектелген. Мәселен, Алматы-Астана бағытындағы рейстер өте жиі кешігеді.
Статистикаға үңілсек, бір жылда Қазақстан әуежайларында 100 000-ға жуық рейс орындалады (ішкі және халықаралық) екен. Ішкі рейстердің 10-15 пайызы орташа есеппен кемінде 15-30 минут кешігеді. Кешіккен рейстердің басым көпшілігі (70-80 пайызы) 1 сағатқа дейін кідіреді. Әр 10 кешіккен рейстің 1-2-еуі 2 сағаттан артық кешігеді. Кейде бұл әсіресе қыста (тұман, боран, ұшып-қону жолағының жабылуына байланысты) 4-8 сағатқа созылады. Қыста кешігу ауа райына байланысты болса, жазда жүктеме жоғары.
Халықаралық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, әлем бойынша әрбір 5-6 рейстің біреуі (15-20 пайызы) кешігеді. Еуропада кешігудің орташа ұзақтығы – 35-40 минут. 2 сағаттан артық кешігу сирек кездеседі, бірақ жазда туристік маусымда жиілейді.
Әуе компанияларына айыппұл төлеген тиімді
Ішкі рейстердің кешігуі карантин уақыты аяқталысымен көбейе бастады. Оған қоса, әуе көлігіндегі жолаушылар ағыны да күрт өсті. Мәселен, 2022 жылдың жарты жылында тасымалданған жолаушылардың саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өсіп, 4,6 млн адамға жеткен. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, 28 пайызға көбейген.
Мәселені сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жаңа ұшақ сатып алумен шешкендей болды. 2022 жылы Қазақстанда 14 жаңа ұшақ (SCAT авиакомпаниясына – 9 ұшақ, Fly Arystan-ға – 3 ұшақ және Air Аstаnа-ға – 2 ұшақ) пайдалануға берілді. Ұшақтардың жалпы сыйымдылығы 2,5 мың адамды құрады. Экс-министр сол кезде 2025 жылға дейін тағы 51 ұшақ сатып алынатынын айтқан болатын. Бүгінде әуе компанияларындағы жалпы ұшақ саны – 101. Дегенмен рейстердің кешігуі ұшақ санының жетіспеушілігінен емес екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Біз баса көрсетіп отырған 2022 жылы ұшақтардың кешігуі мен тоқтатылуына қатысты қатаң тексеру жүргізілгені есімізде. Азаматтық авиация комитеті мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірнеше әуе компаниясын – әсіресе, Air Astana және оның Fly Arystan бөлімшесін – жолаушылар құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
2022 жылғы 5 маусымда Алматы-Шымкент бағыты бойынша KS 7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіксе де, әуе компаниясы жолаушыларға қонақүй ұсынбаған. Осы үшін 28 шілдеде компанияға
3 млн теңге айыппұл салынды. Ал Air
Astana бірнеше әкімшілік іспен жауапқа тартылды. 7 және 21 шілдеде екі рет әрқайсысы 3 000 063 теңге, Fly Arystan мен Air Astana топтарына 9 189 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тамыздың соңына дейін қосымша 6 126 000 теңге қосылып, Air Astana-ға барлығы 18 378 000 теңге айыппұл салынды. Жалпы, аталған жылы Air Astana және Fly Arystan компаниялары жолаушылар құқықтарын бұзғаны үшін 21-25 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. Одан бөлек, әуе компанияларына өтемақыны қамтамасыз етуге резервтік ұшақ бөлді. Азаматтық авиация комитеті Air Astana-ға кешігу кезінде резервтік ұшақ қолжетімді болатындай басқару жүйесін жақсартуы қажет екенін ескертті.
Бұл жағдай туралы Air Astana әуе компаниясының жерде қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Александр Небога: «Жолаушылардың өз рейсін әуежайда күтуінің себебі қонақүйлер бос болмады. Біз оларды кез келген мейманханаға орналыстыра алмаймыз. Олар бекітілген стандартқа сай болуы қажет. Бүгінде Алматы қаласындағы 10 қонақүймен келісімшарт бар. Алдағы уақытта тағы бірнешеуімен келісімге отырамыз және мұндай жағдай қайталанбайды деп үміттенеміз», – дегені есімізде. Алайда бұл орындалмайтын құр уәде күйінде қалғаны қынжылтады. Аталмыш әуе компанияларының тәртіпсіздігі мұнымен тыйылмай тұр. Былтыр Fly Arystan компаниясына қатысты келеңсіз оқиғалар тағы да қайталанды. Соның бірі 11 шілдеде Алматы-Қарағанды рейсі кешіктірілгеніне қарамастан жолаушыларды қонақүйге орналастырмай, оларға трансфер ұйымдастырмағаны үшін 3 692 000 теңге айыппұл салынды. Одан кейін FlyArystan авиакомпаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны рейске жібермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соңынан әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер Астана-Орал рейсіне жіберілмеген 12 жастағы қыздың анасымен кездесіп, отбасынан кешірім сұрады.
Жолаушыларды сарсаңға салған келесі бір жайт Алматы-Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілгенде болған. Жолаушыларға тиісті қызмет түрлерін ұсынбағандықтан Әкімшілік кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Осы жайттардан кейін Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұшақтардың жиі кешігуіне байланысты Air Astana мен FlyArystan компанияларына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
– Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ-ның техникалық себептер бойынша рейстерді кешіктіру жағдайларының көбеюіне, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты көптеген шағымға байланысты ұшулардың тоқтатылуы, кешігуі және тиісті қызметтерді көрсетпеу себептерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы заңнамасының талаптарын бұзуға байланысты басқа да жағдайларды анықтау үшін комиссия құрды, – деп хабарлаған болатын Азаматтық авиация комитеті.
Тексеру бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады, нәтижесінде Air Astana және FlyArystan компанияларына әкімшілік шаралар қолданылып, Air Astana-ға 3 млн теңгеге жуық көлемде айыппұл салынып, тексеру актілеріне сәйкес, заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, қауіпсіздік талаптарын орындау мерзімі белгіленді.
Қарап отырсақ, әуе компаниялары кешіккен рейстер үшін жолаушылардың жағдайын жасаудың орнына айыппұлмен құтылып кететін секілді. Қарапайым есепке жүгінсек, FlyArystan бюджеттік әуекомпаниясы толығымен Airbus A320 ұшағын пайдаланады. Ондағы орындар саны – 180. Рейс кешіккен жағдайда 180 жолаушыны қонақүймен, трансфермен қамтамасыз ету өте көп шығынды қажет етеді. Мысалы, Астана мен Алматы қаласындағы қонақүйлердің бір күндік құны шамамен 20-30 мың теңгеден басталады. Орташа есеппен бір адамды бір тәулікке қонақүйге орналастыру құны 25 мың теңге деп алсақ, 180 адамның шығыны – 4 млн 500 мың теңге. Оған трансфердің құнын қосыңыз. Сонда әуе компанияларына жолаушыларға жағдай жасағаннан гөрі айыппұл арқалаған әлдеқайда арзан әрі тиімді болып тұр. Сондықтан да олар министрліктен, комитеттен қорықпай, осындай жауапсыз әрекеттерге барып, барлығын әкімшілік жауапкершілікпен жылы жауып қоя салатындай.
Алайда 2022 жылғы айыппұлдар мен 2024 жылғы тексерулер, заңнамалық жаңартулар авиация саласындағы тұрақтылық пен сенімділікті арттыруға бағытталғаны сәл де болса көңілге медеу.
Заңға жүгінсек
Биыл жыл басында Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев кейінгі бес жылда сала көрсеткіштері екі есеге өскенін атап өтті. Былтыр отандық әуе компаниялар 14 млн 700 мың жолаушыны тасымалдаған. Ол 2023 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 11 пайызға көп. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушы саны 14 пайызға өсіп, 29 млн 700 мың адамды құраған.
– Әуе маршруттарының көбеюі мен әуе флотының жаңаруы саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Елімізде ішкі әуе тасымалын 6 әуе компаниясы 56 бағыт бойынша жүзеге асырады. Былтыр маршруттар саны 10 пайызға артқан. Бұл ел ішіндегі көлік қолжетімділігінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Ал әуе рейстерінің тұрақтылығы 75 пайызды құрайды. Бұл әлемдік көрсеткішке сәйкес. Әуе тасымалы сапасын арттыру және рейстердің кешігуін азайтудың негізгі факторларының бірі – әуе кемелері паркін жаңарту және ұлғайту. Отандық әуе компаниялары жыл сайын 10-15 жаңа заманауи ұшақ сатып алады. Қазір елдің әуе паркінде 104 ұшақ бар. Биыл әуе паркі екі жаңа Airbus A320 NEO лайнерімен толықты. Жыл соңына дейін тағы 14 ұшақтың келуі күтілуде, бұл тасымалдау сыйымдылығын 15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, – дейді министрдің орынбасары.
Бүгінде әуе саласы да цифрландыруды қолға алған. Отандық әуежайларда жолаушыларға қағаз құжаттарды көрсетпей-ақ тіркеуден және бақылаудан өтуге мүмкіндік беретін E-doc-airport электрондық жеке басын куәландыру жүйесі енгізілді.
– Қазір жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру, ұшақтың ұшу уақытын қысқарту және отын шығынын азайту үшін маршруттарды оңтайландыру, сондай-ақ рейстердің кешігуі кезінде цифрлық сақтандыру қызметтері енгізу сатысында. Бұл қызмет әуе билеттерін сату қосымшасына енгізілетін арнайы сервис болады. Ол жолаушыларға рейс кешігуіне қарсы сақтандыру жасауға және рейс кешігуі жағдайында жедел түрде өтемақы алуға мүмкіндік береді, – деп баяндады Талғат Ластаев.
Әуе саласындағы рейстердің кешігуі мәселесі де күн тәртібінде. Биыл мамыр айынан бастап рейс кешіккені үшін жолаушылар өтемақы алатын болады. Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуінен ерікті сақтандыру жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
– Пилоттық жоба адамдарға әуе билетін сатып алумен қатар сақтандыруды өз еркімен сатып алуға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Ал Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ақпанда рейстердің кешігуіне байланысты цифрлық сақтандыру қызметін дамыту туралы хабарлаған еді. Үкімет отырысында вице-министр бұл қызмет әуе билеттерін сату кезінде біріктірілетінін айтқан болатын. Ол жолаушыларға рейс кешігіп қалған жағдайда лезде төлем алуға мүмкіндік береді.
Қазір қазақстандықтар тасымалдаушылардың кінәсі анықталған кезде ғана рейстердің кешіккенінен өтемақы алады. Ол үшін рейс екі сағаттан артық кешігуі керек. Өтемақыны алу үшін әуекомпаниясының өкілдігіне хабарласып, шешімді күтеді. Жалпы, 2024 жылы Қазақстанда рейстердің төрттен бірі, яғни50 799 рейстің 12 941-і кейінге қалдырылған. Кешігулердің 68 пайызы әуекомпаниялардың кінәсінен болған.
– Әрбір жолаушы өзінің құқығы бұзылғаны туралы Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне хабарласып, шағым түсіре алады. Жалпы, рейс кешіккен кезде әрбір сағат сайын билет құнының 3 пайызы көлемінде өтемақы төленеді. Ол үшін әуекомпанияларға тікелей арыз жазу керек, – дейді еліміздің Авиациялық әкімшілігінің департамент директоры Нұржан Малаев.
Енді әуе компаниясы қандай жағдайда өтемақы төлейтініне тоқталсақ. Егер рейс ұшақ компаниясының кінәсінен кешіксе немесе тоқтатылса (мысалы, техникалық ақауларды уақытында жөндемесе, экипаж жетіспесе, ұйымдастырудағы олқылықтар), жолаушыға тегін тамақ пен сусын (күту уақыты 2 сағаттан асса) беруге тиіс. Сондай-ақ қосымша қоңырау шалу немесе интернетке қосылу мүмкіндігі қарастырылады. Егер рейс келесі күнге қалса, қонақүй, әуежайға дейін трансфер беруі керек, ал кешігу мерзімі ұзақ болса, өтемақы төлейді немесе билет құнын қайтарады.
– Авиация саласында кешігу, рейстердің орындалмау жағдайлары болып тұрады. Бірақ осы кешіккен уақытта жолаушылардың құқығы қалай сақталады? Мәселен, ҚР Әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы заңының 86-бабына сәйкес, рейс кешіккен кезде тасымалдаушылар нақты қызмет көрсетуі керек. Егер сіздің рейсіңіз 2 сағаттан артық уақытқа кешіксе, онда жолаушыларға екі рет қоңырау соғу мүмкіндігі беріледі. Оның ішінде халықаралық қоңыраулар және электронды пошта арқылы хабарлама жолдау мүмкіндігі бар. Одан кейін салқындатылған сусындар беріледі. Егер сіздің рейсіңіз 4 сағатқа кешіккен болса ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар рейс күндізгі уақытта 8 сағатқа кешіксе, ол жағдайда жолаушылар қонақүйлерге орналастырылады, – дейді Авиациялық әкімшілігінің департамент директоры Нұржан Малаев.
Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Ауа райын да адам болжай алмайды. Осы ретте рейс форс-мажорлық жағдайда, яғни ауа райы, табиғи апат, қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда өтемақы төлеуге міндетті емес. Өйткені бұл – сыртқы фактор. Бірақ тамақ, сусын, қонақүй ұйымдастыруға міндетті. Бұл жағдайда жолаушы рейсті кейінге ауыстыруға және билетті қайтарып беруге құқылы.
Көп жағдайда жолаушылар «Ұшақ ұшпаса да ақшамды толық қайтарған жоқ» деп шағымданады. Мұның да бірнеше нақты себебі бар. Біріншіден, билет түрі қайтарылмайтын немесе шектеулі тариф. Әдетте, арзан билеттерде «Бұл билет қайтарылмайды. Тек салықтар мен алымдар ғана қайтарылады» деп жазылады. Бұл жерде әуежай алымы мен жолаушы салығы ғана қайтарылады. Ал билет бағасының негізгі бөлігі қайтарылмайды. Бұл коммерциялық шарт. Компания арзан баға үшін қатаң ережелер қояды.
Сарапшылар мәселені тек айыппұл салып шешу мүмкін емес дейді. Саланы жақсарту үшін әуекомпаниялар резервтік борттарды арттырып, әуежайлар техникалық мүмкіндігін кеңейтіп, қызметкерлерін оқытып, жолаушыларға ақпарат дер кезінде, ашық жеткізілуі керек, сонымен қатар төлем және өтемақы рәсімін жеңілдету маңызды дейді.
Баға қайда барасың?
Ел ішіндегі рейстер қаншалықты жиі кешіксе, билет құны да соншалықты жиі өсуде. Ұшақ билеттерінің бағасы елімізде былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 8-11 пайызға қымбаттаған. Орташа өсім шамамен 10,5 пайыз. Мамандар билет бағасының өсуіне ауа райы мен инфрақұрылым шығындары әсер етіп отырғанын айтады. Сондай-ақ авиаотын бағасының қымбаттауына иппортқа тәуелділік пен нарықтағы баға тұрақсыздығы да әсер етіп отыр. Сонымен қатар ұшақ билеттеріне деген ішкі бағыттағы сұраныстың 26-27 пайызға артуы да бағаның өсуіне ықпал еткен. Бір қызығы баға әр аймақта әртүрлі өскен. Мәселен, Маңғыстау облысында 24 пайызға, Жамбыл облысында 19 пайызға, Атырауда 17 пайызға, Алматы қаласында 9 пайызға, ал Астанада 6,7 пайызға өскен.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бағаның қымбаттауына жанармай тапшылығы тікелей әсер етіп отыр дейді.
– Жанармай тапшы болғандықтан бізге жетпей жатыр. Сол себепті импорт жағынан маусымға байланысты баға төмен түседі және өседі. Ол енді бағаға әсер етеді. Тариф өспейді. Бірақ күнделікті факторлар әсер етеді. Жолаушылардың 52 пайызы билетті екі апта бұрын алады. Алдын ала алсаңыз арзан болады, – деп түсіндірді вице-министр.
Еліміздегі зауыттар жылына 500-600 тонна автокеросин өндіреді екен. Ал сұраныс миллион тоннадан асады. Сонда біз 500 тоннадай жанармайды импорттауымыз керек. Бұрнағы жылы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болып тұрған шағында Талғат Ластаев билеттің қымбаттауы халықаралық тәжірибеде жиі кездесетінін айтып ақталған болатын.
– Билеттің бағасын мемлекет реттемейді. Баға тек қана сұраныс бойынша қойылады. Бүкіл әлем тәжірибесіне сәйкес, сұраныс пен ұсыныстың орташа бағасымен қойылады. Демалыс күндері билет бағасы көтеріліп, аптаның ортасында төмендейді. Бірақ біздің ойымызша, билеттің құнын азайту үшін тек қана бәсекелестікті дамыту керек, – деді ол.
Талғат Ластаевтың айтуынша, әуе билеттерінің тарифтері ұшу қауіпсіздігінің талаптарына толықтай жауап береді.
– Себебі қауіпсіздік стандарттарына басымдық беріледі. Авиацияда қойылатын барлық талаптарды жабу тиісті шығындарды қажет етеді. Біз әуе отыны өндірісінің тапшылығын сезініп отырмыз. Авиаотын әуе тасымалы құнының 30 пайызын құрайды. Осыған байланысты баға өзгеріп отырады, соның ішінде ұлғаю бағытына қарай екенін айта кеткен жөн, – деген болатын сол кезде бүгінгі вице-министр Т.Ластаев.
Тасымалды дамытудың негізгі шарты – авиаотынның жеткілікті көлемде және қолжетімді бағада болуы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мәселені шешу үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыс авиаотын бағасын төмендетуге, өндіріс көлемін арттыруға, Jet A-1 стандартына көшуге және жеткізу процесіндегі делдалдарды жоюға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Әуе саласына мемлекеттік бақылау күшейгенімен, нарықтағы жауапкершілік мәдениеті әлі де қалыптаспай отыр. Қазақстандық азаматтық авиация динамикасы өркендеп келеді, бірақ рейстердің жиі кешігуі – осы дамудың әлсіз тұсы. Әуекомпаниялар мен әуежайлар, салалық мемлекеттік органдар нақты шешімдер қабылдамайынша, жолаушының сенімі толық қалпына келмейді.
Ал уақытылы ұшқан әрбір рейс – жолаушының жүйкесін, қаражатын және жоспарларын сақтап қалатын ең басты кепіл.