Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына «Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті», – деген еді еліміздің сыртқы саясатындағы мемлекетіміздің ұстанымы туралы. Бұл ұстаным еліміздің тыныс-тіршілігінен жан-жақты көрініс тауып келеді.
Қазіргі кезде әлемді тұрақсыздық билеп тұр, мұндай кезде өзге елдерде жүрген өз азаматтарының қауіпсіздігін ойлайтыны анық. Сондықтан түрлі жағдайларға байланысты шетелдерде қызмет етіп жүрген немесе демалуға, емделуге, білім алуға барған азаматтарымыздың тыныс-тіршілігі елдің бақылауында болады. Бұл мәселеде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі әрдайым тез шешім қабылдап, жедел әрекет жасап келеді.
Қазақстан Республикасының басты ұстанымы – қай жерде жүргеніне қарамастан өз азаматтарының бас амандығын сақтау. Себебі ел азаматтарының паспортының алғашқы бетінде «Паспорт Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады, ал оның иесі Қазақстан Республикасының қорғауында болады» деп қазақ және ағылшын тілдерінде жазып қойылған. Демек, сен Қазақстан азаматы болсаң әрдайым мемлекетіңнің назарында-
сың.
Осы кезге дейін Қазақстан мемлекеті өз азаматтарын қорғаусыз, көмексіз қалдырған емес. Пандемия кезінде, табиғи апаттар кезінде қиындыққа тап болған азаматтар арнайы ұшақтар арқылы елге жеткізілді. Сондай-ақ 2018-2020 жылдар аралығында жүргізілген «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы арқылы Сирия мен Ирактан елімізге 607 адам (оның ішінде 413-і балалар) қайтарылды. Бұл – әлем назарын аударған оқиға.
Ал жақында Таяу Шығыстағы қақтығыс орын алған кезде эвакуациялық іс-шаралар аясында Египет арқылы Израильден – 103, Армения, Әзербайжан, Түрікменстан арқылы Ираннан – 233 азамат елге жеткізілген.
Мұның алдында, яғни, 2023 жылы 17 қарашада 99 қазақстандық азамат және олардың отбасы мүшелері Газа секторынан Алматыға арнайы рейспен жеткізілді. 2023 жылы 10 желтоқсанда: 28 адам (оның ішінде 8 қазақстандық азамат және 20 палестиналық отбасы мүшелері) Египет арқылы эвакуацияланған болатын.
Сонымен бірге кейінгі ширек ғасырда шетелге жұмыс іздеп барып алаяқтардың құрығына түсіп күйге түскен және шетел азаматтарына тұрмысқа шығып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған еліміздің азаматтарының бәрі де елге жеткізілген болатын.
Мұның бәрі өз азаматтарын қорғауда жүзеге асқан ізгі бастамаларының көрінісі.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ